Аймақтар • 06 Наурыз, 2018

Шалғай ауылдағы оқушыларға қолдау көрсетеді

739 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға немесе жоғары оқу орындарына түсуге әзірленуге ауылды жерлерден гөрі қалада көп мүмкіндік бар екені белгілі. Деген­мен соңғы жылдары шалғайдағы ауыл мектептеріне де көңіл бөліне бастады.

Шалғай ауылдағы оқушыларға қолдау көрсетеді

Осы ретте «Казнаковка» білім беру қоры­ның жұмысын ерекше атап өтуге болады. Өз жұмысын 2005 жылы Көкпекті ауда­нын­дағы Казнаковка орта мектебінің оқушыларын кітап оқуға ынталандырудан бастаған қор қазіргі уақытта Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан және Үржар аудандарының 9-10-шы сынып оқушыларын үлкен өмірге батыл қадам жасауға дайындап жатқан көрінеді. «Қор 9-10-шы сынып оқушылары арасында жылына 5 рет (төртеуі – аудандық, біреуі – облыстық деңгейде) «Эрудит» эссе байқауы, математика, физика, ағылшын тілі және жеңіл атлетика бағыттары бойынша олимпиа­да ұйымдастырады. Олимпиа­да өткізу арқылы қабілетті оқушыларды іріктеп алып, олардың еліміздегі және әлемдегі ең үздік универси­теттерге түсуіне көмек көрсеті­леді.

Шалғайдағы ауыл мек­тептерінің жо­ғары сынып оқушылары Қазақстан мен шетелдердің жоғары оқу орындары, өзіне лайықты университетті таңдау, дайындалу, гранттар мен шәкірт­ақылар туралы ақпараттарды тегін ала алады. Сондай-ақ оларға университетте оқу кезінде белгілі бір кезеңге дейін қол­дау көрсетіледі. Байқау­ға есту, көру қабі­леті нашар және бас­қа да физи­калық шектеулері бар оқушы­лар қатыса алады. Оларға тапсырмаларды орын­дау кезін­де жеңілдіктер, тиісті жағ­дай­­лар жаса­лады», дейді «Казнаковка» білім беру қоры­ның атқарушы директоры Ай­жан Садықова. Оның айтуынша, білім қоры ұйымдас­тыра­тын олимпиадаларға қатысатын оқу­шы­лар саны тоқсан са­йын көбейіп келеді. Мәселен олимпиаданың 1-турына об­лыс­тағы 6 ауданның 9-10 сы­нып­тарының 5250 оқушысының 1105-і қатысса, екінші турына қатысуға 1542 оқушы өтініш білдіріпті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы