Жанна Қуантайқызы бұған дейін Ақтөбе нотариалдық округі құрамында жеке нотариус қызметін атқарып келіпті. Сол уақытта «Болашақ Инвест» ЖШС ғимаратынан өзіне қажетті кеңсені жалға алып еңбек еткен. Меншік иелерімен келісілген ай сайынғы 35 мың теңге жалдау ақысын белгіленген уақытында төлеп тұрыпты. Әйтсе де 2016 жылдың 10 қазаны күні оған аталған серіктестік өкілінен ғимарат сатылады, сондықтан кеңсені босатыңыз деген жазбаша хат түседі. Ол бұл талапты орындайды. Дегенмен жалгерлік ақы және құны 35 мың теңге тұратын өртке қарсы дабыл көтеретін қондырғыны өз қаражаты есебінен төлеп орнатқаны үшін 70 мың теңгені қайтарып беруін сұрайды. Алайда «Болашақ Инвест» ЖШС-нің өкілі Жанна Есмұрзаеваның талабын орындамайды. Оларды сотқа беруге толық моральдық құқым бар еді. Алайда мұндай әрекетке бармадым. Ең қынжыларлығы, осы серіктестік маған қарыздар бола тұра, менің үстімнен сотқа негізсіз талап-арыз жолдапты. Соның негізінде 26 күнге өсімі мен айыбын қоса есептегенде 42 585 теңге өндіру жөнінде сот ұйғарымы шықты. Оны 2016 жылдың 1-26 қазаны аралығында төлеттіруді сұраған. Бір қызығы, тіпті қызығы емес-ау шыжығы, бұл кезде «Болашақ Инвест» ЖШС аталған жылжымайтын нысанды сатып үлгерген-ді. Осы деректің өзі олардың сотқа жолдаған талап-арыздарының шындыққа жанаспайтынын көрсетеді. Тіпті ай сайынғы тиесілі жалгерлік ақыны төлегені жөніндегі банк квитанциялары қолымда тұр емес пе, дейді ол.
«Болашақ Инвесттің» қандай қитұрқы әрекетке барғанын оп-оңай дәлелдеп бере аламын. Соның бір мысалы – №91 ескерту хат. Олар хабарландыру қағаз секілді қызметтік құжаттарда көрсетілген даталарды, айлар мен күндерді бұрмалап көрсеткен. Кейіннен белгілі болғанындай, осы бұрмаланған құжаттар сотқа жолданған. Бұл жөнінде менің қолымда бұлтартпайтын деректер бар, дей келе сол сәтте Жанна Қуантайқызы соның бәрін қолымызға ұстатты.
«Болашақ Инвест» мені ғана сазға отырғызумен шектелмей, өзге де азаматтарды әрі сот органдарын да алдаудың ретін тапты деген ойдамын. Сөйтіп мен бұрмаланған құжаттың құрбаны болып отырмын. Осы жанайқайымды судьяларға да айттым. Құжаттарда олардың айлар мен күндерді қалай ауыстырып көрсеткені тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Соған қарамастан бұл дәлелдер ескерілмеді, деп күйінеді Жанна Қуантайқызы.
Әлбетте, Ақтөбе облыстық соты апелляциялық алқасының шешімі бар. Бірақ соттың соңғы сатысында азаматша Жанна Есмұрзаеваның атына өндірілді деп шешілген айып сомасы тіпті айтуға да тұрмайтындай, мүлдем аз екенін де айта кеткен жөн.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ