Әлем • 07 Наурыз, 2018

«Талибан» қозғалысын келіссөзге шақырды

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауғанстан орталығында «Кабул процесі» аясында «Ауған­стан­дағы бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін ынтымақтастық» тақырыбында екінші халықаралық конференция өтті.

«Талибан» қозғалысын келіссөзге шақырды

Конференцияда халық­ара­лық қоғамдастықтың қол­дауымен Ауған­стандағы бейбіт­шілік пен тату­лыққа қол жеткізу және тер­роризмге қарсы әрекет ету сала­сын­дағы бірлескен шара­ларды қабылдау сынды негізгі мәселе­лерге ерекше назар аударылды.

Басқосуға НАТО-ны қоса алғанда аймақтық және халық­аралық ұйымдар мен 25 елдің делегациялары келді. Ал Қазақстан тарапынан жиынға Сыртқы істер министрлігінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Ста­нислав Василенко және Қазақ­стан Республикасының Ауған­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов қатысты.

Жиын барысында Ауғанстан президенті Мохаммад Аш­раф Ғани қарулы оппозиция өкілдері «Талибан» қозғалысын бейбіт келіссөзге шақырды, ол үкімет­тің ымыраға келу туралы негізгі жеті ұсынысын жеткізді. Олар: «Талибан» қозғалысын сая­си пар­тия ретінде тану, атыс­ты тоқ­тату, өтпелі сенім шаралары және кең ауқымды сайлау өт­­­кізу­ге жол ашу, Ауғанстан конс­­­ти­­ту­ция­сын қайта қарау не­ме­се оған түзетулер енгізу, әділ сот төре­лігін жүзеге асыру, ша­ғым­­д­арды қарау мен заңның орындалуы.

Баяндамашылар бейбітші­лікке, ымыраға келуге, ағайын­ды­лар бірін-бірі өлтіретін соғыс­ты тез арада тоқтатуға және «Тали­банмен» бейбіт келіс­сөз­дерді бастауға шақырды. Батыс елдерінің өкілдері әйелдер мен балалардың құқықтарын сақтау мәселелерін көтерді. Пікірталас нәтижесінде Кабул декларациясы қабылданды.

Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігінің арнайы өкілі өз сөзінде еліміздің халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстандағы жағдайды реттеу бойынша бар­лық іс-шараларын қолдай­тын­дығын білдірді. Ол еліміз­дің Ауғанстанмен ынтымақтас­тық­тың түрлі салаларындағы нақты қадамдарын атап өтті.

Жалпы алғанда аталған форум Кабулдың қарулы оппозиция – талибтермен бейбіт процесті бастау бойынша жаңа көзқарастарын көрсетті, сонымен қатар Ауғанстандағы жағ­дай­ды реттеуге мүдделі қатысу­шы елдер мен ұйымдар осы мәсе­леде өздерінің қолдауын тағы да бір рет растады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дипло­матиялық қатынас шежіресі 1992 жылдың 12 ақпанынан бас­тау алады. Содан бергі аралықта екіжақты ынтымақтастықты нығайту бағытында мемлекеттер басшылары, екі ел үкіметі­нің жетекшілері, парламенттер төрағалары, сыртқы саяси ведомстволар деңгейінде көп­теген кездесулер өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды реттеуге белсене қа­тысып келе жатыр. Осы орайда біздің еліміз бұл мемлекетке бар мүмкіндігінше қолдау білдіруде. Әсіресе, Ауғанстан экономика, білім беру, гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан тарапынан көп көмек алуда.

Соңғы деректерге сүйеніп сөйлесек, 2016 жылдың қоры­тын­дылары бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 489,4 млн АҚШ долларын құрады: оның ішін­де Қазақстан экспорты – 486,8 млн доллар, импорты – 2,6 млн доллар. Сауда-экономи­ка­­лық қатынастарды дамытуда үкіметаралық комиссия маңыз­ды рөл ойнап отыр.

Сонымен қатар Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдан бастап еліміз­дің оқу орындарында ауғандық 1 мың студентті оқыту бойынша мем­­­лекеттік бағдарлама жүзеге асу­­да. Бұл мақсатқа 50 млн АҚШ доллары бөлінген. Қазіргі таң­да шамамен ауғандық 750 сту­дент Қазақстанда тәлім алуда. 2016 жылы шілде айында қо­­сым­ша ауғандық 100 студент кезекті іріктеуден өтті. Бұл мем­­ле­кеттік бағдарлама одан әрі де жалғаса бермек. Бұ­ған қоса біздің еліміз әр жылдар­да Ауған­­станға азық-түлік және бас­қа да тауар түрлерімен гума­­­ни­­­тар­лық көмек көрсетті. Сон­дай-ақ Қазақстан осы елге жол жө­ндеу, мектеп, аурухана салу мақ­саты­нда қаржылай жәрдем берді.

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»