Әлем • 07 Наурыз, 2018

Басқа басылымдардан. Италиядағы сайлау нәтижесі

477 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан. Италиядағы сайлау нәтижесі

Еуроодақты алаңдатып отыр

Италияда парламенттегі 18-ші жал­пы сайлау өтті. Соңғы мәлімет бо­йын­ша дауыс саны жағынан Мат­тео Сальвинидің «Лига» партия­сы мен экс-премьер Сильвио Берлусконидің «Италия, алға» партиясы басқа ұсақ пар­тиялармен бірге құрған оң­шыл центристік коалиция 37 пайыз жинап алда тұр. «Бес жұлдыз» қоз­ғалысы 32 пайыз дауыс жинады. Ал Демократиялық партия 20 пайыздан аз дауыс жинап, үшінші орында тұр. Бірде-бір партия парламентте көпшілік орынға ие болып, үкіметті жасақтауға қажетті 40 пайыздық межеден аса алмады.

Екі партияға ең көп дауыс жинауға тек миграция проблемалары емес, экономикалық жағдай да әсер еткен болуы керек. Себебі сайлаушылар Брюссельге қарсы дауыс беріп, нәтижесінде популистер жеңіске жетті. Дегенмен, Италиядағы сайлау нәтижелері Брюссельді алаң­да­тып отыр. Себебі Еуроодақта Брексит оқиғасы қайталануы мүмкін деген қауіп бар. Ал «Бес жұлдыз» қозғалысының кандидаты Паоло Магри «Біз қатаң экнономикадан кейін инвестициялық саясатты дамытпақпыз. Еуроодақтың бұл бағыты көптеген мемлекеттерге кері әсерін тигізгені белгілі», деді.

Сарапшылар сайлау нәтижесі Еуроодақ институттарының реформа­ларына әсер етуі мүмкін екенін болжап отыр. Сарапшылар да Италиядағы сайлау нәтижесі Еуроодақты алаңдатып отырғанын айтуда.

Сауд Арабиясы әйелдер еркіндігіне дайын ба?

Сауд Арабиясында әйелдер мау­сым айы­нан бастап заңды түрде көлік жүргізу­ге рұқсат алды. Оларға тіпті әскер қатарына қабылданып, спорт ареналарына, кинотеатрларға баруға да рұқсат берілді. Бұдан бөлек басқа да өзгерістер болуы мүмкін деп күтілуде. Бірақ халық бұған дайын ба?

Жақында Сауд Арабиясында әйелдерге көлік жүргізуді үйрететін мек­тептер ашылып, ол туралы әлем­ге танымал бұқаралық ақпарат құрал­дары жарыса жазды. Мұнымен қой­май, жақында дін қызметкерлері әйелдердің абайя киіп жүруі өз еріктерінде екенін, ол туралы дінде нақты ештеңе айтылмағанын айтты.

Осы пікірден кейін қоғамда түрлі қарама-қайшылықтар болды. Эр-Рияд дипломаттарының айтуынша, реформалық бағдарламаларды үкі­мет қолдағанымен, революциялық шешім­дерді қарапайым халықтың мойындай қоюы екіталай.

Vision 2030 бағдарламасы аясында осындай реформаларды ұсынған Мұхаммед бин Салман бір жылдың ішінде өзінің билігін нығайтты. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, консервативті қоғам мұндай жылдам өзгерістерден есеңгіреп қалған. Тіпті реформалардың жиі жариялануынан бұл жүйе жүзеге аспай қалуы да мүмкін деушілер бар.

«Сауд Арабиясында өзгеріс енгізу өте қиынға соғады. Мұндағы көпшілік әйелдердің көшеде немесе жұмыс орындарында жүргенін қаламайды. Олар билікке қарсы шығып, өз талаптарын айтады дей алмаймыз. Бір анығы, мемлекеттегі әйелдер ерлер­ге бағынышты. Яғни, билікке қарсы келмей-ақ консервативті қоғам әйелдерге өз сөздерін өткізе алады», дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, қоғамда бағдарламаның жүзе­ге асы­рылуы мен биліктің амби­ция­сы­ның арасы тым алыс. Яғни, бұл рефор­малардың орындалу-орындалмауы уақыт еншісінде.

Қытай билігі әскери бюджетті арттырды

Қазіргі таңда Қытай экономикасы әлем бойынша екінші орында тұр. Енді билік 2018 жылы экономикалық өсім 6,5% шамасында болады деп болжап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 6,9%-ды құраған болатын. Сонымен қатар Қытай инфляция деңгейін төмендетуді көздейді.

Бір айта кетерлігі, 2018 жылға арналған Қытайдың әскери бюджеті 175 млрд долларды құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 8%-ке көп.

Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиынында Қытай билігі биылғы жылдың басты үш мақсатын атады. Оның ішінде қаржы қаупімен күрес, қоршаған ортаның ластануына қарсы күрес, кедейлікпен күрес бар.

Жоғары технологиялы қала салмақ

Сауд Арабиясы мен Мысыр жоғары технологиялы қала салмақ. Жаңа қала салу туралы идея өткен аптада айтылды. Қала жобасының жалпы құны 500 млрд долларға бағаланып отыр. Синайдың оңтүстігінде салынады деп жоспарланған жаңа мега-қала мың шаршы километр болады деп күтілуде. Билік өкілдерінің айтуынша, қала толығымен жаңғырмалы энергия көздері арқылы жұмыс істеп, жоғары технологиялармен жабдықталады.

Сауд Арабиясы мен Мысыр жоғары технологиялар мегапо­лисінің құрылысына арналған ортақ қор құрып, оған 10 млрд доллар салды. Ең бай екі араб елі осылайша стратегиялық байланысты арттырып, жаңа жоба бойынша бірлесіп жұмыс істемек.

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»