08 Наурыз, 2018

«Ешқашан қартаймаңыздар»

885 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әредік қазақ радиосы эфирінен: «Жүрегім жыр толғайды, Көңілім ортаймайды, Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды...» дейтін қоңыр дауыс әнші Нұрлан Өнер­баевтың орындауында қалықтап тұрады. Сондай бір жүрекке жылы, мамырдың майда самалындай, Абай атамыз айтпақшы «құлақтан кіріп, бойды алар» әнінің сазын жазған композитор Марат Омаров болса, сөзінің авторы марқұм Қайрат Жұмағалиев.

«Ешқашан қартаймаңыздар»

Марқұм Ақселеу Сейдімбек осы әнді тыңдап отырып: «Қайрат екеуміз бір-бір ананың етегіне оралып өскен бейбақтармыз. Бір үшін анадан биік асқар жоқ. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды». Бұл сөз кез келгеннің аузынан шыға салатын дүние емес. Анаға деген ұлы махаббаттан туатын тіркес» десе, ойшыл-жазушы Әбіш Кекілбаев «Қайрат сөзін жазған әнді қосыла шырқайтынбыз. «Анасы бар адамдар ешқашан қар­таймайды» – оның бұл сөзімен келіс­пейтін қазақ бар ма екен?! Қайрат ақын анасы Жаңыл апайдың аңырата сала­тын назды әнімен өн бойыңды елжіретер тебіреніс гөйгейін аңсап, сарғая сағынып жазғаны бұл», деген екен.

Өз басым Қайрат ағамен тірісінде бірнеше дүркін дастарқандас болдым және 2007 жылы 70 жасқа тол­ғанда шағын толғау жаздым. Сонда аңғар­ғаным, Қайрекеңдей анасын ардақтайтын адам кемде-кем. Жа­рықтық әңгіме арасында «Анашым мені аузына тістеп жүріп адам қылды» деп езіле еңірейтін.

– Сонау бір жылдары, – деп еске алатын марқұм, – қойнауы құт Нарынға жаңадан полигон салатын болып, күллі жұртты түп қопарып оңтүстікке кө­шірді. Осылардың арасында сегіз жасар мен және анам екеуміз бірге кеттік. Көшкен елді Жетісайға әкеледі. Жат жердің табиғатына сіңісе алмай келген елдің балалары іш ауруына шалдығып, қынадай қырылады. Мен де ауырдым. Ыңыршағы айналып, хал үстінде жатқан кеспіріме налыған анам:

Құдайдан сұрап алған шыбыным-ай,
Бағуға шыбынымның қиынын-ай!
Қарғамды қанаттыға қақтырма деп,
Жүремін бір Аллаға сыйынып-ай!

Ішінде көп қойымның қоңыр саулық,
Қосақтап саулықтарды күнде саудық,
Құдайдан жатып-тұрып мен тілеймін,
Деніне қарағымның бергей саулық, – деп, күні-түні зарлады...

«Сөйтіп мені ажалдан алып қалған – анамның көз жасы», деп еңіреуші еді Қайрекең.

Осылай төніп келген бір ажалдан аман қалған Қайрат аға Жетісайдан орта мектепті бітіріп, Алматыға оқу­ға аттанады. Ұлын шығарып салып тұрған анасы: «Маңдайыма тәңір жаз­ған жалғызым-ай, алдыңда арқа сүйер ағаң, артыңда тұяқ тірейтін інің болмады-ау. Тұмсықтыға шоқытпай қанатыңды жетілдірдім балам, тұяқ­тыға тырнатпай қауырсыныңды қа­райттым қарағым. Енді міне, ат айы-
лын тартып мініп, алыс сапарға аттанғанда, менен басқа шығарып салатын ағаң мен інің жоқ, осыны ойлағанда бауырым езіліп, жүрегім жұлынар болды-ау», деп зарлапты.

Осы оқиғаны айтып отырып Қай­ракең тағы да еңкілдеп қоя беретін.

Шіркін, өмір бір орнында тұр­майды. Сонысымен де жақсы. Қай­ғыны ұмыттырады, шерді тарқатады, жараны жазады, жанды емдейді, жалғызды көп қылады, жарлыны бай қылады...

Қайрат Жұмағалиев оқуын бітір­ген соң Алматыдан қызмет табылып, сонда орнығады. Ауылдағы анасын көшіріп, қасына алады.

 «Анам – дейді Қайрат аға, – Ал­матыға келген соң қайта туғандай болды. Күні-түні тыным таппай, зыр жүгіреді. Сөйтіп жүріп, барлық шаруа-
сын ән айтып жүріп істейді. Бұрын ондайын байқамаған екем. «Неге күні-түні ән салып жүретін болғансыз?» деп сұрадым. Анам жарықтық басындағы жаулығын сәнімен түзеп алды да, мені жаңа көргендей ұ-з-а-ақ тесіліп қа­рады. Содан кейін айтты: «Мен ғұмыр бойы сені күнде көріп жүретін күнге жетсем деп Алладан тіледім. Сол тілегім орындалды. Мен ән сал­ма­ғанда, кім ән салады деді».

Осы сөзді айтты да Қайрекең тағы еңкілдеп кетті.

Мен бейбақ жоғарыдағы «Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды» дейтін сөздің жай адамның әншейін ауыздан шыға салмайтын тіркес екеніне толық көз жеткізіп, сонымен қатар анаға деген бала махаббатының нағыз үлгісін көрдім. Шынында да ешқашан қартаймай жүргенге не жетсін!

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»