Әдебиет • 08 Наурыз, 2018

Үш тоты

1359 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Үш Татьяна – өрімдей орыстың сұлулары Мартыненко, Бурмистрова, Полтавская қазақ тілінде тамылжыта ән шырқады. Кездесу орны өзгерген жоқ. Үшеуі де Алматыға көздеген уақытта, бірі – ұшақпен, бірі – пойызбен, бірі автобуспен жетті.

Үш тоты

Белгіленген жерге біз де асығыс келе жаттық.

Өнерлеріне көпшілік ілти­пат­пен қол соғып, есімдерін ауыздан тастамай айтып жүр­ген әнші қыздармен кездесуге асықтық. Кездесудің бір ерекшелігі –қазақ әндерін тамылжыта орындайтын үш бірдей Татьяна сахнада жүз­деседі...

Әзірге кең залда көрермен болып төрт-ақ адам отыр. Сах­наның жарығы бір өшіп, бір жанады. Режиссердің көмекшісі орындалатын әнге сай жарық-реңк іздеп әбігер. Сәлден соң сан түрлі жарық саулаған сахнаға тізіліп үш қыз шықты.

– Ағайлар, – деп бірі мик­­ро­­фонға жақындай келіп, – концерттік бағдарламада орындайтын әніміз әртүрлі. Әйтсе де сіздерге арнап қосыла «Ақ көгершінді» айтып берсек қайтеді?! – деп ұялыңқырап үн қатты да, құрбыларының қа­тарына қосылды. Осылай кешкі концерт алдындағы дайын­дық басталардан сәл бұ­рын сырлы саз қанат қақты. Татьяна есімді үш қыз ән салған.

Татьяна БУРМИСТРОВА:

«Өзім жайлы не айтайын. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне алғысым шексіз. «Осы әнді Татьяна айтсыншы, Татьяна айтсыншы,» – деп ағы­нан жарылатын құрбы-құр­дастарымды, жаңадан шық­қан әнді көрген бойда газет-журналды қолына алып, үйге жүгіре жеткізген достарымды айтыңыз. Жаңа ән жарық көрген газет-журналдарды жинаймыз. Сабақтан қолымыз қалт етсе, ән үйренеміз. Сосын, мерекелерде мектеп сахнасында қойылатын концерттерде айтамыз. Сондай күндердің бірінде домбыраның әдемі әуезі қызықтырды. Адам өзі діттеген мақсатына ерекше ынтасы ауса, үйренбей қой­майды екен. Еліктіріп, ынтық­тыра түскен қасиетті домбыраны қолға алып, шерткен сәт­те күмбірлеп ала жөнелетін бол­ды. Бұрын біреулердің сүйе­­мел­деуімен орындайтын «Ақ­бұлақты» енді өзім домбы­раға қосатын халге жеттім. Мен үшін Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян селосы туған жерім бол­ғанымен ғана қымбат емес. Ол маған екінші ана тіл сыйлады, халық әндерінің тылсым сырына жетеледі. Алғаш өнер сайысына аттанғанда тиіп тұр­ған Шымкентке жетпей-ақ ауылды сағынып жылағаным есімде. «Бүйте берсең ауылыңа қайтармай, Алматыға оқуға жібереміз» дегеннен шынымен қаймығып, облыстық фес­тиваль аяқталғанша бар-жоғы үш-ақ күнге әзер шыдағаным-ай. Нашар айтсаң қайта-қайта орындата береді екен деп, шама-шарқымның жеткенінше бар нәшіне келтіре шырқадым. Жүлделі орынды иеленетінімді қайдан білейін. Сондағы «Ақ­бұлақ» үйіміздің іргесіндегі бұлқына аққан Шаяндай елес­теген.

Кейіннен онжылдықты ой­да­ғы­дай аяқтап, алыс Ал­ма­ты­ға аттандым. Баяғы «Ал­ма­тыға жі­береміз» десе қорқа­тыным – балалығым, ауыл қы­зына тән аңғалдығым екен ғой. Ас­танаға жол тарттық, жолы­мыз болып, Алматы медицина институтына оқуға түстім. Ал­ғашқы күннен бастап институттың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүргенмін. Екінші курста едім, сол кезде жас­тар­ көңілінен шығып жүр­ген «Ал­­­­ты­бақан» хабарына шақы­рылдым. Тағы да «Ақ­бұ­лақты» айттым. Содан «Базар-Назар», «Гүлдерайым», «Ақжайық» әндері өрбіді.

Өзі бір қызық, өнерлі жанұя болады, өнерге ғашық жанұя болады. Бізге соның кейінгісі келіңкірейтін еді. Әкем Николай Кирилович мал дәрігері де, анам Александра Михайловна тәрбиеші. Былай айтқанда өнер­ге қатысы жоқ, әйткенмен қазақ­тың халық әндерін жанындай жақсы көретін. Каникулға үйге барған сайын төрде ілулі тұрған үкілі домбыраны алдымен ұсынады, көңілдерін қалдырмаймын. Бір кездері Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт аудандық ауруханасында дәрігер болып қызметімді бастадым. Жолдасым Серік Ыс­майылов осындағы жылжымалы механикаландырылған колоннада бас инженер болып қызметін бастаған. Басты арманым кішкентай Еркінім мен Әдилама өзім сүйетін халық әндерін сол қалпында жүрек­теріне жеткізе алсам болғаны да...».

Сахнада Татьяна есімді үш қыз ән салып тұр, ақ көгершін жайлы әдемі әуен тыңдаушы бол­ған төртеумізді де баурап алған. Үйреншікті әдетімен әсер­лі сәтті пайдаланғысы кел­ді ме, ән қайырмасы екінші қай­таланғанда «Лениншіл жастың» фототілшісі Рахымбай Ханалы орнынан тұрды да, фотоапаратын қолына алып, сахнаға жақындады. Ойы – әсем сазға беріл­ген әнші қыздардың бейне­сін оқырманға сол қалпында жеткізу...

Татьяна ПОЛТАВСКАЯ:

«Кезіндегі Талдықорған облысы, Панфилов ауданындағы Крупская атындағы орыс мекте­бін бітірдім. Көршілердің бар­лығы қазақ ағайындар. Тек мек­тепке барғанда ғана орысша сөйлейміз де, үйге келген соң қазақшаға қайта көшеміз. Сөй­тіп жүріп үйренгенім ғой. Әкем Дмитрий Данилович инженер еді. Қазақ тілін ана тілінен кем білмейтін. Ал анам қазір еңбек демалысында, көп жылдар педа­гогикалық қызметте болды. Үйде әкем екеуі қазақша сөйлесіп отыратын, халық әндерін жақсы айтатын. Маған да, бауырларым Анатолий мен Бориске де өнерге жақын болуды үйреткен сол кісілер. Кіш­кентайымыздан музыка мектебіне бардық. Жиын-тойда ауылдың алты ауызын айтып жіберу ешқайсымызға қиын соқпайтын. Қазақ шір­кін бауырмал ғой, қандай бір қуанышы болсын, той-тома­лағы болсын әке-шешемді ша­қы­русыз қалдырған күні жоқ. Ондайда ол кісілер жаңа ән үйренбей үйге қайтпайды. Со­ның әсері де мол болуы керек, Талдықорған педагогика институтында оқып жүрген кезімде енді құрыла бастаған «Жетісу» фольклорлық ансамбліне талапкерлер қатарына жазылдым. Ансамбль жетекшісі Айсұлу Манас­таева апай репертуарымды қайта қарап, менің халық әніне ыңғайым басым екенін қатты ескертті. Сөйтті де көптеген сазды әуендерді сол кісінің өзі ұсынуымен айта бас­тадым».

Сахнада үш қыз ән сал­ған, Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершіні» әсем сазбен қалықтайды. Ән сүйер қа­уым­ға соңғы кезде Татьяна Пол­тавскаяның орындауында сүй­сіне тыңдап жүрген «Ақ кө­гершінді» бүгін үш бірдей Татья­на тамылжыта шырқап тұр...

Татьяна МАРТЫНЕНКО:

«Екі бірдей аттас әпке­лерімнен асырып не айта қояйын. Ойлап қарасам бұл кі­сі­лерге тағдырым да ұқсастау екен. Мені де мы­на үлкен сах­наға әкеліп Татья­налар қа­тарына қосқан әнші, жыршы, бауырмал қазақ ауы­лы ғой. Шынымды айтсам, өмір­баянымның бар жолы бір-ақ сөйлем: Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданының Шұбар селосы – туған ауылым, Ленин атындағы орта мектеп. Сосын әл-Фараби атындағы мәдени-ағарту институтының ІІ курсы. Ән айтуды бала кезден үйрендім. Ауылдастарым үйреткен әнді өздеріне сол қалпында жаттап, қайта айтып беретінмін. Сөйтіп жүріп әнге деген, халық әніне деген ерекше бір құмарым артты. Тылсым әуен өзіне еліктіре түсті. Институтымыздағы «Фа­ра­би сазы» фольклорлық ан­самблі де көп нәрсе үйретті.

Алматыға екінші рет келуім, өт­кен жолы Кенен атаның жүз жылдығына арналған респуб­ликалық ақындар айтысында әнші ретінде үлкен сахнаға алғаш рет шықтым. «Қызылқұмда ауылым», «Әй-әй бөпем» – мен орындаған бұл әндер көп көңі­лінен шыға алды-ау деймін. Алматы көрермендерімен екінші рет жүздескелі отырмын. Анам да, інім де қазақша жақсы біле­ді, ән дегенде алғашқы тың­даушыларым солар ғой. Реті келгенде айта кететін бір жайт, біздің ауылда Татьяна есімді та­ғы бір қыз бар. Қазақша жақ­сы сөйлейді. Қазір ол да көр­кемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүр. Болашағы әлі алда ғой, әнші болар, басқа болар. Бірақ қазақ әнін ынтыға сүйетін онд­ай қыздар ауылымызда көп, жа­ңа ғана айтқан Татьяна соның бірі ғана. Әзірге бар айтарым осы...».

«Ақ көгершін» әнінің қайыр­масы биікке көтеріліп барып үзілді. Татьяналар үлкен сахна­да ілтипатпен бас иіп тұр. Кө­рер­мен болып төртеуміз қуа­на қол соқтық. Сосын, Қазақ теле­визиясының қызметкері «Тама­ша» ойын-сауық отауының да­йын­дығымен операторларға тап­сырма беріп жатты. Әншілер кешкі концертке қайыра тағы бір әзірленді. Басқа номерлердің де трактовкасы алма-кезек бас­талып кетті. Қызу дайындық... Оларды көрермендер асыға іздеп келе жатқан, үш қыз – үш тоты көрермендерін күткен бір сәт...

Бүгінгі наурыздың жай­ма­шуақ күнінде кезде­суді жазсын деп тіледік. Өткен жылы Алма­ты­дағы Республика Сара­йында Бурмистрова өткіз­ген кешке ауыл­­дасы Татьяна Мар­ты­нен­ко жұбайы Сәкенді ертіп Шым­­­кенттен арнайы келген. Ал Талдықорғаннан Ғалым Жазылбекұлы деген курс­тасым хабарласты: Татьяна Пол­­тав­ская пединституттың музы­ка факультетінде сабақ бере­тін. Кейін Мәскеуге көшкен, қазір сонда, – деп бір қойды.

Үш тотының бұл суретіне де 24 жыл, марқұм фотожурналист Рақымбай Ханалы түсірген үш тотының  Татьяналар Мар­тыненко, Бурмистрова, Пол­тавскаялардың суретіне де ал­дағы жылы 25 жыл болады. Алла жазса сол кезде кездесерміз деп бір қойдық.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ