Спорт • 08 Наурыз, 2018

Елдің туын асқақтатқандар

827 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Спортта ерлермен қатар қыздар да ел қоржынына жүлде салып, байрақты бәсекелерде ел мерейін асырып жүр. Осы орайда қыздар спортында жекелеген спорт түрлерінен тұңғыш медаль алған бойжеткендер туралы ой қозғамақпыз.

Елдің туын асқақтатқандар

Кеңес өкіметі заманында сол дәуірдің желаяқ оғландары Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқовтың жеңісіне марқайып, көңіл жұбатып келген жанкүйерлер дәл осы спорт түрінен «жарықтың жылдамдығын жолда қалдыратын» желаяқ қыздарымыз атой салады деп еш ойламаса керек-ті. Дегенмен, өзге елдің спортшылары секілді біздің қаракөз қыздарымыз да жеңіл атлетиканың жеңіс тұғырынан көріне бастады.

Жеңіл атлетиканың 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру түрі бо­йынша сынға түскен Ольга Шишигина 1994 жылғы Жапонияның Хиросима қаласында өткен Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Осы жеңісінен кейін оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» деген атағы берілген. Ал араға алты жыл салып Ольга 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында топ жарып, қазақстандық қыздар арасында жеңіл атлетикадан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Бүгінде Ольга Шишигинаның жеңісті жолын тағы бір жеңіл атлет Ольга Рыпакова лайықты жалғастырып келеді. Үш Олимпия ойындарына қатысқан Рыпакова бір алтын, екі қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ол Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, жабық ғимараттағы Азия ойындарының екі дүркін чем­пионы, бұдан бөлек жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері саналады. Осылайша жеңіл атлетикада Ольга Шишигина бастап берген эстафетаны бүгінде Ольга Рыпакова табысты жалғап келеді.

2004 жыл еліміздің спортына жарық жұлдыз сыйлады. Біз оған дейін де оның есімін білетінбіз, кілем төрінде қол жеткізген табыстарына сырттай сүйсініп, аз-кем жеңісіне марқайып жүретінбіз. Бірақ бұған дейін оның әсемдік пен әдемілік ұштасқан қимылын қазақстандық жанкүйерлер көзбе-көз көріп, тамашаламаған-ды.

Афина Олимпиадасында көркем гимнастикадан көпсайыс бойынша Әлия Юсупова гимнастиканың небір сүлейлері арасынан жарқырай көрініп, соңғы сынға дейін жүлдеге таласты. Олимпиада қорытындысы бойынша жеңіс тұғырының үш сатысына ресейлік және украиналық арулар жайғасып,
отандасымыз төртінші орынды қанағат тұтқан еді. Дегенмен, сол уақыттағы үздіктермен мәреге үзеңгілесе жеткені Әлия Юсупова үшін үлкен жеңіс болатын. Ол Азия чемпионатының 12 дүркін чемпионы, Азия ойындарында екі рет алтын, екі рет күміс медаль алған. Жазғы Универсиаданың қола жүлдегері атанған спортшы. Қазіргі таңда Юсупованың шәкірттері түрлі халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанып жүр. Бүгінде Әлияның қазақ көркем гимнастикасында алатын орны ерекше, құрметі биік қазақ қызы.

Бұрындары ертегілеріміз бен аңыз-әңгімелерде ғана кездесетін қазақтың батыр қыздары қазір еліміздің түкпір-түкпірінен бой көрсете бастады. Солардың бірі ауыр атлет – Жазира Жаппарқұл. Арыстағы қарапайым отбасының кенже қызы Толағай сияқты тау көтермесе де, зілтемір көтеріп бүкіл әлемді таңғалдырып жүр. Халықаралық жарыстарды былай қойғанда, Жазира бүгінде әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері. Төрт жылдықтың басты додасы саналған Олимпия ойындарының күміс медалін кеудесіне таққан тұңғыш қазақ қызы.

Бертінге дейін қазақ қыздарына «жат» болған жекпе-жек өнерінде де қыздарымыз ерлермен жарысып, Олимпиадаларда атой салып жүр. Бұрындары ер боксшылар ғана жете алатын жетістікке, әлем чемпионы деген атаққа бүгінде боксшы бойжеткендеріміз де қол жеткізе бастады. Соның нақты дәлелі – Назым Қызайбай бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы деген атақты лайықты иемденіп жүр. Сондай-ақ қыздарымыз әлем чемпионатымен шектеліп қалмай, Олимпиаданы бағындыруға көшті. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Марина Вольнова күміс жүлдегер атанса, араға төрт жыл салып бұл жетістікті Дариға Шәкімова қайталады.

Мəнерлеп сырғанау спорты да қазақ перзенті үшін спорттың əу бастан кенжелеп қалған бір түрі еді. Біздің білуімізше, сайыстың бұл саласында бұдан біраз жылдар бұрын Айгүл Қуанышева, Құралай Тілебалдинова деген қыздарымыз болды. Бірақ олар спорт шебері дəрежесіне жетіп, бірнеше рет респуб­лика чем­пионы атанған еді. Сеңнің көбесін алғаш Элизабет Тұрсынбаева бұзды. Мəнерлеп сырғанаушы жасөспірімдердің аламан бəйгелерінде жарқырады. Міне, биыл өзінің алғашқы Олимпиадасына қатысып, үздік 24 спортшының ішінен 12-орыннан көрінді. 18 жастағы Элизабет үшін бұл өте жоғары көрсеткіш. Әсіресе қазақ қызы үшін. Бұйырса, Тұрсынбаева алдағы Олимпиадаларда топ жарамын деп білек сыбанып отыр.

Қазақ қыздарының ырқына келе бермейтін спорт түрлерін де бүгінде аруларымыз ырқына көндіре бастады. Жоғарыда атап өткендерімізден бөлек, балуан қызымыз Эльмира Сыздықова 2016 жылы Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Былтыр Зарина Диас теннис спорты бойынша қазақ қыздары арасында бірінші болып WTA сериясына енетін турнирде жеңімпаз атанды. Жуырда ғана өз мәресіне жеткен Пхенчхан Олимпиадасында фристайлдың могуль түрінен қола жүлдегер атанған Юлия Галышева да бұл тізімге қосылды. Бұрын-соңды спорттың бұл түрінен қазақстандық қыздар жүлде алып көрмеген еді.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»