Мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында салынатын құрылыс нысанына 280 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр. Үржар аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Солтанғазы Елемесовтің айтуынша, қазіргі уақытта үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген.
«Құрылысқа тек отандық өнімдерді пайдаланамыз. Нысан орталықтандырылған сумен, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Қаладағы үйлерден еш кем болмауға тиіс», - деген ол құрылыс жұмыстары сәтімен аяқталса көпбалалы аналар мен асыраушысынан айырылған балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлер баспанамен қамтылатынын жеткізді. Аудандық мәслихаттың депутаты Зухра Тұрапова қазіргі күні ауданда 600-ден астам адам баспана кезегінде тұрғанын айтады.
«2015 жылы аудан әкімі Серік Зайнулдиннің бастамасымен 27 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, нәтижесінде 27 отбасы баспаналы болған еді. Биыл көпқабатты тұрғын үй халық игілігіне берілсе әжептәуір көмек болатыны анық», - дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы