Қылмыстық-атқару жүйесінің басшылығы үш өнерпаздың бірнеше суретін Мәскеуде Ресей, Қазақстан, Украина және Беларус өкілдерінің қатысуымен өткен байқауға жолдап, жарыс қорытындысында мекеме бірінші орынға лайық деп танылды. Бірінші орын сондай-ақ Құдай ана бейнесіндегі «Мейірім» иконасы үшін Оксана Войдилоға бұйырды.
«Петропавл-Булаев епархиясының діни қызметкері Серфим мекемеге келген сапарларының бірінде сотталғандардың көркемдік шеберлігіне ерекше назар аударып, оның халықаралық проваславты көркемсурет байқауына қатысу туралы ұсынысы жергілікті басшылық тарапынан қолдау тапты. Үздік шығармаларды Серафим әкей өзі апарды. Халықаралық байқаудың грамоталары мен бағалы сыйлықтарын да салтанатты түрде табыс етті», дейді тәрбие жұмыстары бөлімінің жетекшісі, әділет майоры Тамара Прокофьева.
Аталмыш шара тек бас бостандығынан айрылған әйелде арасында ұйымдастырылып, 120-дан астам туында сарапқа түскен. Оксана бостандықтың саф ауасымен тыныстап жүргенде сурет салумен мүлдем шұғылданбаған .Темір тордың ар жағында еркіндіктің қадірін түсініп, ...ішкі жан толқынысын, туған-туысқандарына деген сағыныш сезімін сурет салу арқылы басқан. Оның айтуынша, Әулие Ана, Иса пайғамбарлардың иконаларын жасауға Анастасия сияқты әріптестері үлкен жәрдем көрсеткен.
Өмір Есқали.
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.