Аймақтар • 11 Наурыз, 2018

Солтүстік Қазақстан активі Елбасының Үндеуін талқылады

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінен  туындайтын міндеттерді талқылауға арналған актив жиынында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, әр бағыт бойынша жергілікті жерлерде атқарылатын іс-шараларды ортаға салды.

Солтүстік Қазақстан активі Елбасының Үндеуін талқылады

Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған  Үндеуінде Қазақстанды одан әрі кемелдендіре түсетін ауқымды бағдарламалар ұсынып, бес әлеуметтік жобаны  даралап көрсетті, дей келіп Құмар Іргебайұлы алда белсенді жұмыстар күтіп тұрғанын атап көрсетті.  Тұрғындарды қолжетімді әрі жайлы баспанамен  қамтамасыз ету–көкейкесті мәселелердің бірі. Облыста 19 мың адам пәтер кезегінде тұрса, 32 мың адам «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеке есеп-шот ашқан. Құрылыс индустриясын жандандырудың арқасында былтыр  200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ұлттық қордың қаражаты есебінен  400 пәтер іске қосылды. «Нұрлы жер», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары арқылы 19 көп қабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі.  «7–20–25» бағдарламасы әр отбасы үшін  баспана алудың  жаңа ауқымын айқындап берді.  Оған қол жеткізу мақсатымен жеңілдікті несие тетіктері ұсынылып, тұрғын үй мәселесін жылдам шешудің қолжетімділігі арта түсетін болады.

Салық жүктемесін азайту– жалақысы төмен санаттағылар үшін үлкен жеңілдіктердің бірі. Жасыратыны жоқ, салықтың шамадан тыс көптігінен  көлеңкелі бизнеспен айналысатындар, табысын жасыратындар, міндетті алым төлеуден жалтаратындар аз емес. Жалданып жұмыс істейтін ауылдықтар төменгі еңбекақыны қанағат тұтуға мәжбүр. Салық мөлшерінің кемітілуі есебінен өңір бір миллиард теңгеге жуық шығын шегетініне қарамастан жұртшылықтың кірісі көбейіп, сатып алу мүмкіндігі артады деген үміт зор. Қ. Ақсақалов  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, бірінші кезекте тұтынатын тағамдар бағасының қолжетімді болуын тиісті орындарға күнбекүн қадағалап отыруды тапсырды. 

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүрген жандарды  қоғамдық пайдалы істерге тартудың жолдары көп. Сондай ынталандыру шараларының бірі жеңілдетілген несие беру тәжірибеден өткен, ақталған әдіс болып  табылады. Өткен жылы бұл салаға 2 миллиард теңгенің 437 шағын несиесі бағытталса, 425-і ауылдықтардың еншісінде. Биыл 2,8 миллиард теңге қарастырылған.  Қосымша бір миллиард теңге бөлініп, жалпы несиелеу көлемі 4 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылады. 800 адам жаңа кәсібін ашатын болады. Алдағы уақытта  5 миллиард теңгеге дейін өсіріліп, 1 мың адам қамтылады.

Елбасының бесінші бастамасы  елді газбен қамтамасыз ету жайына арналды. Бұл орайда орталық және  солтүстік өңірлердің әлі көгілдір отынсыз отырғаны ескеріліп,  магистральды  газ құбырын салу жобасы жалғасатыны мәлімделді.  Аймақ басшысы жергілікті өндіріс орындары мен үй шаруашылықтары негізінен сұйытылған газ қолданатынын,  көмір жағу қоршаған ортаға, экологияға үлкен зиян тигізетінін атап көрсетті.  Газ магистралының жалпы ұзындығы  1,5 мың шақырымды құраса,  141 шақырымы  Тайынша, Аққайың, Қызылжар аудандары арқылы өтетін болады. Осылайша экологиялық ахуал да жақсарады.

Жиында сөз алған М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры  Серік Өмірбаев  бұдан былай жоғары білімді дәрігерлер де даярланатынын, гранттар саны артатынын, келешекте  500 орынға лайықталған екі жатақхана салынатынын жеткізді. Басқа да сөйлеушілер Елбасы ұсынған бес әлеуметтік жобаны жүзеге асырудың  әлеуеті зор екенін әңгімеледі.

Өмір Есқали.

«Егемен Қазақстан».

 Солтүстік Қазақстан облысы.