Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіні таратқан мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта 6 жеке меншік үй мен 25 аула аумағын су басқан. Нақтырақ айтсақ, Өскеменде 4 үй мен 14 учаске, Аягөз ауданында 2 үй мен 6 учаске, Ұлан ауданында 5 аула аумағы жаңбыр мен еріген қар суының астында қалған. Төтенше жағдайлар департаментінің 200 қызметкері, 50 техникасы мен 20 су сору құрылғысы Өскемен қаласы және Аягөз, Ұлан, Глубокое аудандарында күн-түн демей тілсіз жаумен күресуде. Құтқарушылардың бір тобы Ұлан ауданының Мамай батыр ауылы тұрғындарының қауіпсіздігін күзетуге жұмылдырылыпты. Себебі, қарғын су ауыл шетіндегі көпірдің үстіне шығып кеткен. Сонымен қатар Глубокое ауданының Ушанов ауылында елді мекендегі үйлерге суды жібермеу үшін жолдарды тазарту және құм төгу жұмыстары жүргізілуде. Департамент қызметкерлері бір тәулікте 23 адамды қауіпсіз жерге көшіріпті.
Ал облыс орталығы – Өскеменде тұрғын үйлердің аулалары мен жеке меншік үйлерді су басумен қатар қаланың орталық көшелері де көлкіген су астында қалып отыр. Көшеге жайылған көлкіген судан адамдар түгіл көліктердің өзі әзер өтуде. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарғын су Красин, Күленов, Шмелев лог, Ахмер, Самсонов, Аблакет және Мирный елді мекендерінің тұрғындарын әбігерге салуда. Самсонов ауылынан 10 адам қауіпсіз жерге көшірілген. «Өскемен тәртіп» мекемесінің директоры Тамара Рахымжанова қазіргі уақытта қолда бар техникалар тек су басқан үйлерге ғана жіберілгенін, мөлшерден тыс суды таратуға жерасты құдықтарының шамасы жетпей жатқанын хабарлады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ