Жуырда еуропалық баспалардан қатар шыққан «Ресурстар үшін соғыстар» кітабының авторы, сарапшы Майкл Клэйр әлем соғыстардың жаңа кезеңіне өтуде деп сәуегейлік жасапты. Бұл – ресурстар үшін болатын қақтығыстар. Сол ресурстың бірі – су. Өткен ғасырда әлем мұнай үшін соғысса, алда су үшін қырғын болуы мүмкін деген болжамдарға негіз де жоқ емес. Трансшекаралық өзендердің өзі аз мәселе туындатып отырған жоқ.
Сондай-ақ судың жады бар екенін, жақсы сөздермен суды қуаттандырып, шипасын арттыруға болатынын ғалымдар айтып жүр. Жер бетіндегі әрі қатты, әрі тәтті бола алатын судың жұмбағы жіті зерттеліп келеді.
Сусыз тіршілік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Күнделікті ішуге арналған сулардың мемлекеттік стандарттарына сәйкес, «ыдыстарға құйылған ауызсудың қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың» регламенті бар.
Онда ыдыстарға құйылған ауызсу, табиғи су, жерасты суы, бұлақ суы, шығарылған жері белгіленген су, тазартылған су, жерүсті суы, артезиан суы туралы жіктеліп, сапасы, сипаты көрсетілген. Ең бастысы, «Нарықта таңбалау белгілерінде тұтынушыны адастыратын, асхана және тазартылған ауызсуына табиғи минералды су, бұлақтың суы және жерасты суымен байланысты таңбалау белгілерін қойып, сондай-ақ оның өндірілетін географиялық аймағын нақты емес немесе күмәнді ақпаратты қоюға болмайды» деп анық тыйым салынған. Ел аумағында ыдыстарға құйылған ауыз суға қойылатын бірыңғай талаптар стандарты рұқсат еткен бірінші санаттағы су мен жоғары санаттағы судың айырмашылығын өндірушілер жақсы біледі.
Мәселен бұл стандартта дәмдеуіштер мен жемістерден алынған ароматизаторлар, эссенциялар мен сірінділерді ыдыстарға құйылған ауызсуларға қосу рұқсат етіледі, бірақ соңғы өнімнің салмағының бір пайызынан аспауы тиіс. Ауызсуда натрий иондары өте аз мөлшерде, яки мүлдем болмауы тиіс.
Ал минералды су басқа шөлмектегі суларға қарағанда тұрақты деңгейі мен құрамындағы элементтердің салыстырмалы санымен ерекшеленеді. Бұл су түріне ешқандай минералды компоненттер қосылуы мүмкін емес.
Ыдыстарға құйылған ауыз суды өндіруге рұқсат беретін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) халықаралық стандарттарына келсек, табиғи су ұңғымадан тікелей ыдысқа құйылуы керек. Ал жасанды тазартылатын ауызсу – су көзінен алынған суды химиялық реагенттер қосу арқылы тазаруы тиіс.
Мәселен 2016 жылы еліміздің денсаулық сақтау саласы бойынша 2019 жылға дейінгі бағдарламаcы жасалып, Президент Жарлығымен бекітілген болатын. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың денсаулығын жақсартумен қатар, халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту. Осы бағдарламаға сәйкес, 2019 жылы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасты құрауы керек. Қазір бұл көрсеткіш 71 жасты құраса, 3 жыл ішінде 2 жылға ұзаруы тиіс. Бұл қалай жүзеге асады дегенде, саламатты өмір салтынан бастап, оның толып жатқан алғышарттарының ішінде, адамның дұрыс тамақтанумен қоса, дені сау суды қабылдауына да тікелей байланысты екені көрсетілді. Яғни бірінші кезеңде бағдарламаға халықтың физиологиялық сулар туралы, табиғи минералды сулар туралы дұрыс ақпараттандырылуы кірді.Басқасын айтпағанда, нашар су, ең болмағанда, созылмалы бүйрек ауруларына шалдықтыратынын жұрт білді. Тұрақты түрде сапалы су ішетін адам талай дерттің алдын ала алады.
Мәселен, қазір Қазақстан әлем рейтингінде орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша 152 орында (70,5 жас) тұр. Дүние жүзі бойынша ең ұзақ өмір сүретіндер – жапондар (84 жас). Себебі бұл мемлекетте физиологиялық толыққанды суды пайдалану мәдениеті қалыптасқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сапалы ауыз суды адам ағзасының жүйелі түрде жұмыс жасауына мүмкіндік беретін биологиялық белсенді макро және микроэлементтердің мекен ету ортасы ретінде қарастыруда. 2012 жылы ДСҰ әлемнің барлық елдеріне тәулігіне кем дегенде 450-700 мл табиғи минералды суды ішуге кеңес берді. Тәулігіне қажетті мөлшерде су ішу арқылы, адам өзіне керекті микро және макроэлементтерді азық-түліктерден емес, судан алады. Себебі, ағзаға мұндай жолмен түскен пайдалы элементтер (кальций, магний, фтор, йод, калий, натрий, т.б.) тез сіңіріліп, нәтижесі де тез байқалады.
Алайда, ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап суды жаппай сүзгілеу жүйелері іске қосылды. Мұндай үрдіс бізге де дендеп еніп кеткенін байқамай қалдық. Мұндай әдіс суды тұзсыздандырып, маңызды, пайдалы минералдар мен микро-макроэлементтерінен айырады Егер өндірістік тілмен айтар болсақ, онда бұл кері осмос деп аталады. Осы үдерістен кейін су дистиллятқа айналады. Осының барлығы ауыз судың сапасы қандай болуы керектігі туралы білмегендіктен пайда болды.
Қазақстанда бүгінде ауыз су тақырыбына үлкен мән берілуде. Нәтижесінде мемлекетіміз 2005 жылы сулардың химиялық құрамының физиологиялық толыққандылығы бойынша өзгерістер енгізді. 2008 жылы Кеден одағы елдерінің арасында алғашқы болып сулардың химиялық құрамы бойынша физиологиялық толыққандылығы туралы түсінік еліміздің ұлттық техникалық регламентіне енгізілді.
Еуразиялық экономикалық одақ 2017 жылы құтыдағы сулардың техникалық регламентін енгізді. Онда ауыз судың физиологиялық тұрғыдағы толықтығы туралы түсінік пен нормативтер қарастырылмаған. Ауыз судың жағымды әсері мен пайдасы жазылып тұратын таңбаларға арналған талаптар жоқ. Судың физиологиялық толықтығы туралы түсінік ұлттық регламенттің алынып тасталуына байланысты заң жүзінде күшін жояды. Бұл регламент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жалпы алғанда, қазіргі таңда ауыз суларға қатысты пайдаланылатын барлық нормалар мен талаптар өз күштерін жояды. Пайдалы минералды ауыз сулар сүзгіден өтіп, тұзсыздандырылған сулардың жаппай өндірісі жалғасын табады.
Сол сияқты ауыз сулардың сапасына байланысты тұтынушылардың да арасында алуан түсінік бар. Яғни, ауыз суға қатысты ақпарат жетіспеушілігі байқалып отыр. Көпшілігіміз ауыз судың физиологиялық толыққандылығы туралы білмейміз. Мысалы, минералды суды ішу зиян деп, тұрмыстық жағдайда қолданылатын кері осмос қондырғыларынан шығатын дистилденген суды ішеді.
Ашық ақпарат көздерінде «дені сау, дұрыс» су туралы ақпарат мүлдем жоқтығы айтылуда. Өйткені тұзсызданған судың дәурені жүріп тұр. Қазір ТМД-ның басқа мемлекеттерінде денсаулық үшін «оптималды» су ретінде тұзсызданған судың жарнамасы жер жарады. Қоғамдық орындарда да тұзсызданған суды өткізетін қондырғылар орнатылуда. Қысқасы, тұзсыздандырылған және жасанды сулардың бөтелкеленуі нарықта 50 пайызды құрайды.
Жүз жерден таза көрінсе де, сүзгіден өткен, барлық пайдалы құрамынан түк қалмаған судың да пайдасы шамалы. Мәселен, мамандар төмен минералды суы бар аймақтарда жүрек-қан тамырлары, тістотығы, зат алмасуының бұзылуы көп кездесетінін айтады. Ал судың жасанды минералдануы жасанды өндіруге мүмкін емес табиғи минералды сулардағы ион түрінде, диссоциацияланбаған молекулалар, газдар және коллоидты бөлшектер түрінде кездесетін пайдалы заттарды адам ағзасынан жояды. Минералсыз сулар қанды сұйылтып, сүйектен минералдарды шайып шығарады. Өйткені минералсыз су жасушалардың өмір сүруіне жағдай жасайтын табиғи құрылым мен оттегіден айырылған. Түптеп келгенде бұл талай дертті қоздырып, сулы-тұзды және сілтілі-қышқылды тепе-теңдікті біртіндеп бұзады.
Сондықтан шын мәнінде адам ағзасы үшін пайдалы су шығаратын өндіріс орындары Қазақстан заңнамалық базасын жетілдіру мен заңнама бағдарламаларына емдік су мен ауыз судың физиологиялық толыққандылығы туралы түсінікті енгізуді текке сұрап жүрген жоқ.
Қазақстанда емдік-асханалық сулар «Боржоми», «Набеглави», «Ессентуки» сияқты импорттық маркаларымен белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Сарыағаш» курортты аумағынан бірнеше өндірушілер отандық емдік суларының бірқатар сериясын шығарады. Ал Солтүстік Қазақстанның қорықтық өлкесінде жер асты қойнауының табиғи минералды сулар алынатын аумағынан «Kulager» емдік-асханалық суы өндіріледі. Өзімізде шығып жатқан бұл сулардың құрамында емдік қасиет белсенді йод бар. Бірақ бұлардың пайдасы көп болса да, жарнамасы жетіспейді.
Сол сияқты ауыз сулардың қауіпсіздігі, құрамы, қасиеттері және сапа сұрақтары бойынша ұлттық ғылыми-зерттеу институтын құратын уақыт келді, дейді ғалымдар.
Мектеп алды және орта білім беру орындарында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламалары бойынша сапалы ауыз суына тиісті назар аудару, бұқаралық ақпарат құралдарында құтыланған сулардың сапасы, оның қайнар көздері, өндірісі, құрамы мен қасиеттері туралы қолжетімді ақпараттардың дұрыс болуы да өте маңызды. Себебі адамға ең керек, ең өтімді тауардың бірі ауыз су болып тұрғанда, тұтынушы үшін талас жүре береді. Сөрелерде «мөлдіреп», айлап-жылдап сірескен сулардың нені жасырып тұрғанын қарапайым халық қайдан біледі?
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ