Медицина • Бүгін, 09:56

Астанаға емделу үшін келетін шетелдіктердің саны артқан

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықаралық Joint Commission International (JCI) аккредитациясы бар 9 отандық клиниканың жетеуі Астанада орналасқан. 2024 жылы мұнда 4 500 медициналық турист келіпті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп, деп жазады Egemen.kz.

Астанаға емделу үшін келетін шетелдіктердің саны артқан

Фото: Қала әкімдігі

Астана туристер үшін несімен тартымды?

Астананы жоғары технологиялары, халықаралық стандарттары және қолайлы бағасы қызықты ете түседі. Бірқатар бағыт бойынша бағалар Еуропа, Оңтүстік Корея, Түркия елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен, бірақ қызмет сапасы сәйкес деңгейде тұр. Шетелдік пациенттер үшін Астанада орташа емделу құны 2-5 мың АҚШ долларын құрайды.

Тікелей әуе рейстерінің болуы және дамыған инфрақұрылым шетелден келетін пациенттерге жолды едәуір жеңілдетеді. Күз-қыс маусымында 18 елмен, жаз айларында 20 елмен әуе байланысы бар. Аптасына 36 қалаға шамамен 250 халықаралық рейс орындалады. Бұл көрсеткіш медициналық туризмнің дамуына тікелей әсер етеді, яғни емделу үшін саяхаттау әлдеқайда жеңілдейді.

Жүрек-қан тамырлары медицинасының жетекші орталықтарының бірі – Астана

Астанада жүрек-қан тамырлары бойынша аса күрделі операциялардың барлық түрі жасалады, оның ішінде аз инвазивті араласулар, стенттеу, шунттау және туа біткен ақауларды түзету.

Елорданың басты жетістіктерінің бірі – ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) аппаратының жасалуы. Бұл құрылғы донорлық органдарды адам денесінен тыс 24 сағатқа дейін сақтауға және емдеуге мүмкіндік береді.

Ол 36-37°C температурасын ұстап тұрады, оттегімен қамтамасыз етеді, қысым мен қанның газ құрамын бақылайды, диагностика жүргізуге және дәрі енгізуге мүмкіндік береді. Осылайша трансплантация уақытын едәуір ұзартып, асқыну қаупін азайтады.

2025 жылы Медициналық орталық ауруханасында алғаш рет жүрекке роботтық операция жасалды.

Ұлттық нейрохирургия орталығы ең мықты орталықтардың бірі

Бас шаһардағы аталған орталықта Gamma Knife жүйесі орнатылған, ол ми ісіктері мен тамырлық патологияларды тіліксіз, жоғары дәлдікпен және минималды жарақатпен сәулемен емдеуге мүмкіндік береді. Қазақстан – бұл құралды енгізген Орталық Азиядағы алғашқы ел. 2 000-нан астам радиохирургиялық процедура жасалған.

Сонымен қатар, Астана репродуктивті медицина бойынша Орталық Азиядағы жетекші орталық мәртебесін сенімді түрде сақтап келеді. Жоғары нәтижелілік, заманауи эмбриологиялық зертханалар және қолжетімді ем бағасы шетелдік пациенттерді көптеп тартады. 2025 жылдың алғашқы 9 айында «Экомед» клиникасының елордалық филиалына 102 шетелдік пациент жүгінген. Келушілер саны бойынша Ресей, Қытай, Қырғызстан алғашқы үштікте.

Стоматология – сұранысқа ие бағыттардың бірі

Стоматология және эстетикалық медицина – Астанадағы медициналық туризмнің ең сұранысқа ие бағыттарының бірі. Себептері айқын: заманауи жабдық, жоғары сапа және Еуропа және Таяу Шығыспен салыстырғанда әлдеқайда төмен баға. Елорда клиникалары кең ауқымды қызметтерді ұсынады: эстетикалық стоматология, имплантация және протездеу; заманауи элайнерлер мен цифрлық жоспарлау жүйелерін қолданатын ортодонтия; пластикалық хирургия, оның ішінде ринопластика, блефаропластика, липомодельдеу, реконструкциялық операциялар.

Шетелдік пациенттер көбіне консультациялар, хирургиялық араласу және операциядан кейінгі қолдауды қамтитын кешенді пакеттерді таңдайды екен.

Қалпына келудің қысқа мерзімдері мен мамандардың жоғары біліктілігі бұл бағыттарды медициналық туризм үшін ең танымал етуге ықпал етеді.

Жаңа турөнім

Astana Tourism клиникасы Astana Vision-мен бірлесіп жаңа турөнімді іске қосты. Ол туристерге елордаға саяхатты көзді кәсіби диагностикалау және көруді түзету рәсімдерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Астанаға емделу мақсатында емес келген қонақтар да тексеруден тез өтіп, лазерлік коррекция немесе басқа да процедураларды өз жоспарларын өзгертпей орындай алады.

Осылайша елордаға сапар тек саяхат емес, денсаулыққа жол ашатын қадамға айналады.

«Медициналық туризм – бүгінде ең сұранысқа ие бағыттардың бірі. Қазақстан JCI аккредитациясынан өткен клиникалар саны бойынша әлемде 25-орында, олардың 7-еуі Астанада орналасқан.

2024 жылы шамамен 4,5 мың шетелдік пациент JCI стандарттары бойынша ем алды. Олардың қатарында чекап бағдарламалары, репродуктивті медицина, кардиохирургия, онкология бар.

Біз диагностиканы және емдеуді экскурсиялық бағдарламалармен бірге ұсынатын медициналық турпакеттер қалыптастырып жатырмыз», деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы басқармасының төрағасы Артём Квашук.