Оңтүстік Қазақстан облысы адам ресурсына бай, мұндағы халықтың саны үш миллионға жетеқабыл болып қалды. Мыңдаған жастар бас құрағанымен пәтерлері болмай, қиындық көріп, тағдыр жолы екі айырылып жатқандары көбейіп барады. Бұл жағдай Мемлекет басшысын да қатты алаңдатып жүргенін білеміз.
Сондықтан да «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде әлеуметтік жобалардың алғашқысында баспана мәселесін шешудің халыққа аса ыңғайлы тетіктері айтылды.
Жұмысы бар әрбір шаңырақ үшін Елбасы «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынып отыр. Қазір ірі қалаларда мыңдаған отбасы айына 100-150 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр. Мұның ішінде коммуналдық төлемдерді өзі төлейтіндігін қоссаңыз, жас шаңырақтың ғұмыр бойы баспаналы болуына жағдайы келмеуі мүмкін. Мемлекет басшысы ипотекалық несие пайызын азайтып, 7 пайызға түсіруді ұсынды. Бұл екі жеп биге шығып қалған банктер үшін тиімсіз болғанымен, қазақстандықтардың баспаналы болуына бірден бір жақсы жол. Біреулер осы жылдар ішіндегі пайызды қайта-қайта есептеп, ала өкпе болып жатыр. Тегін ірімшіктің тек тышқан аулағыш қақпанда болатынын ескерсек, бұл пәтер жалдап алдағы өмірден үмітсіз болғаннан мың есе артық жоба ғой. Қазір – нарық заманы, тегін бер дейтіндей уақыт емес. Қаржы шығарып отырған құрылымдар банкроттыққа бара алмайды.
Алғашқы жарна 20 пайыздан аспағандықтан миллиондаған азаматтар таяу жылдарда баспаналы болады.
Оңтүстік үшін тағы бір өзекті мәселе жұмыссыздықтың алдын алу болып отыр. Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына Үкімет 85 млрд теңге бөліп, жұмыссыздарды оқыту арқылы қысқа мерзімде мамандықтар беріп жатыр.
Өзін өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтар үшін «Бастау Бизнес» жобасы аса маңызға ие болуда. Елбасы «2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады» деді.
Қазіргі кезде Қазақстанның агроөнеркәсіп секторы тұрақты даму үстінде. Оңтүстік өңірі аграрлық аймақ болғандықтан, бұл бағытта да жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылып отыр. Бүгінгі таңда өңірдегі аграрлық секторды игеру және инновацияларды енгізу ең маңызды мәселелердің біріне айналуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алдағы уақытта интенсивті бақ, тамшылатып суару, жылыжай көлемін ұлғайту бағыттарында жаңа технологиялар енгізу арқылы өнімділікті артыруға болатынын үнемі айтып келеді. Яғни мемлекеттік қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік мол.
Оңтүстік Қазақстанның еңбекқор халқы Мемлекет басшысының бұл үндеуден үлкен жақсылықтар күтіп отыр.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, заң ғылымдарының докторы
Оңтүстік Қазақстан облысы