Түп-тамыры орталық еуразиялық елдер мифінде де бар, түрік-моңғол және Кавказ халықтарының ескілікті аңыз-әңгімелерінде де кездесетін жылқы бейнесі «Ат – ер қанаты» деп, осы түлік түрін жеті қазынаның бірі санаған қазақ үшін қастерлі. Қазақ мифологиясының негізін салушы ғалым Серікбол Қондыбайдың Маңғыстаудың басты белгілерінің бірі ретінде түйені емес, суын жылқыны тану қажет деп білуі де тегін емес. Осы пікірден-ақ теңіз тұлпарының тектіліктің, асылдық пен сұлулықтың символы саналғандығын аңғарамыз.
С.Қондыбай суын жылқы туралы терең тоқталып, оның түп бастауына қатысты соны ойлар айтады. Байырғы «су жыланы» ұғымы жылқы тұқымы қолға үйретіліп, мінсе көлік, жесе ас болып, адамзаттың жан серігіне айналған кезде «су жылқысы» деген ұғымға айналды дегенге меңзейді.
«Жылқы атасы – Қамбар» деп сөз саптайтын қазаққа ғалымдар Қамбардың – асыл Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с)-ның күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегісі Ганбар екендігін айтса, С.Қондыбай одан таралатын Көкше батыр мен Маңғыстау байланысы туралы айта келіп, Мұрын жырау Сеңгірбекұлы жырлаған «Қарасай-Қази» жырынан
Сексендегі Көкше бар
Көкшенің мінген Тарлан
ат –
Анасы еді Сүйін бие,
Атасы еді Қарақұс,
деген әдемі жолдарды мысалға келтіреді.
Бұл жолдардың әдемілігі мағынасында, Серікболша айтсақ, «Суын» сөзінің бұрмаланған түрі «Сүйін бие» – су жылқысы кейпіндегі мифтік кейіпкер, яғни Тарланның анасы ретінде сулық-теңіздік, мифологияда – төменгі дүниелік тудырғыш күш болып Сүйін биенің және әкесі ретінде аспан, жоғарғы дүниенің тұлғасы Қарақұстың болуы – айқын мифологиялық ғалам моделі мен космогониялық дәуренді көрсетеді» және ғалым аталмыш жылқының қазақ тарихында, жер-су мен адам атауларында қолданылуы, тарихи жырларда көрініс табуы туралы жан-жақты тоқтала келе, суын айғырдың судан шығар мезгілін жыл мезгілдері, жұлдыздардың көріну уақытымен байланыстыра отырып нақтылау тәсілін ұсынады. Әрине Серікбол әлемі – тұтас ғылым, оны тереңдей зерттеп, талдау ғалымдардың еншісінде. Бірақ, ғалымның қызығушылығын тудырып, қаламына іліккен суын жылқылары жалпы халық арасында да айрықша ықыласпен айтылатын аңыз, тіпті Серікболдың да суын жылқы – суын айғыр мен суын бие туралы әңгімелерді ел арасынан естіп, аңсары ауғаны анық.
...Сонымен, суын – теңізден шығатын жылқы және ол көбіне еркек жылқы – айғыр бейнесінде айтылады. Оның теңізден шығу мезгілі де бір деректерде жыл маусымының белгілі бір кезеңі деп берілсе, кей деректе ғасырда бір рет деп айтылады. Суын айғырдың теңізден сілкіне шығып, жағалауда жусаған көп жылқының арасынан бір биеге шабуы – жылқы баққан жұрттың асыл арманы. Ол арман теңіз жағалауындағы қазақ пен түрікмен жылқышылары үшін дау-дамайдың өзегіне айналған тұстарды жеткізеді көне жаңғырықтар. Өйткені, суын айғырдан туған құлын сымбатына сөз сай келмейтін сұлу, тұла бойынан небір сыншының өзі мін таба алмайтын ерекше мүсінді, шапса бәйге бермейтін жұмыр тұяқтының жүйрігі, бабын тауып ұстай алса соңынан өзі секілді асыл тұқымды ұрпақ ертетін құт саналатын оны халық дүлдүлге теңейді. Дүлдүлге теңеудің мәні неде? Жауап иірімдері тағы да көне сүрлеуге бастайды – ол Әзірет Әлі бабамыздың тұлпарының атауы. Бізге есте жоқ ертегідей естіліп, шешуін бермес жұмбақтай көрінген көне заманның иірімдері осылайша бірімен-бірі астасып, өзара тұтасып жатқан дүние секілді...
Жұлдызға қарап жорамал жасай білген халық суын айғыр шығар мезгілде жылқышыларға үйір-үйір жылқыны, әсіресе биелерді теңіз жағасына ұстауды қатаң тапсырады екен. Маңғыстау өңірінде айтылатын әңгімелердің бірінде белгілі Саназар бай Темір баба жақтағы теңізге сұғына кірген тұсқа өңкей биелерін иіріп қойып, судан шығар суынды кірпік ілмей күтуді әдетке айналдырады. Тіпті оның суын айғырдан жараған бір ғана құлыннан тараған тұқымнан немесе тек тікелей суын айғырдың буданынан болған бірнеше тұлпарлардан құралған өз алдына бір үйірі болғандығы айтылады. Егер осы деректі назарға алып, Саназардың бір үйірі таза суын айғырдан тікелей туған сәйгүліктерден құралған деп есептер болсақ, онда суынның жүз жылда бір рет шығатындығы туралы аңыздың ауылы алыстай түседі.
Сондай-ақ суын айғырдың теңіз бетін тұңғиық меңіреу басып, айдың сәулесі айдынмен астасып, маңай нұрға шомылғандай әсерлі түнде шығатыны және көп жағдайда күн мен түнді ұйқысыз өткізіп, суын айғырдың шығар мезгілін қырағылықпен күзеткен, тіпті бірі көз шырымын алса, екіншісі қалт етпей кезектесе қадағалаған сандаған жылқышының көзіне түспей қалатыны бар. Бұл да – аңыздың өзіне тән ерекшелігі.
Маңғыстауда суын айғырға қатысты айтылып жүрген деректердің бірі – түрікменнің Жәуміт руы мен қазақтың Адай руынан Бекет атаның араласып, қазылық етуімен Қараман ата басында анттасуы. Оқиға үш түрлі сипатта баяндалады. Бірінде – жұлдызға қарап суын айғырдың шығар мезгілін есептеп, теңіз жағасын торуылдаған қазақ пен түрікменнің жылқылы байларынан маза кетеді. Білектің күші араласып, найзаның ұшы шешетін жайт емес, судан шыққан жануардың кімді, кімнің үйіріндегі ұрғашы кіндікті таңдауы, кімнің бағын жағары өз еркінде. Теңізге қарап телмірген қанша күндер мен түндердің алмасқанын кім білген, бір сәтті түні теңізден оқыс шыға келген суын айғыр көп жылқының ішінен боз биені таңдайды. Бұл боз биенің қай байдың жылқысы екендігі де ешкімге мәлім емес, себебі күзеттегі жылқышылардың көзі ілініп кетіп, судан суырыла шыққан суынның сұлу бейнесі ай нұрына шомған ғажайыпты көру бақыты оларға да бұйырмаған еді.
Ара-тұра сыншыны ертіп келіп, үйірді қарап кететін Жәуміттің байы да жетеді сол күні. Әр биені көзімен ішіп-жеп, тұрысы мен жусауына мән бере қараған сыншы боз биенің маңына келгенде тұра қалып, алдына бір, артына бір шығып қарап, оны көзден таса қылмауды, ерекше күтімге алуды тапсырады. Байдың күткені де осы, сыншының сөзін екі етпей, жылқышыларды боз биені балаша баптауға жұдырықтай жұмылдырады. Күткен күн жетіп, бай мен сыншы келгенде боз бие көзі шоқтай жанып, тұла бойынан тұлпарға тән тектіліктің лебі ескен мөлдір қара құлынды бауырына алып еміреніп тұрған еді.
– Құдай берген екен, байеке! Бұл кішкентай сүлік қара ертеңгі сенің ғана емес, күллі түрікмен халқының бағы! Тіфә-тіфә! Ахалтекенің тұқымын тағы бір жаңартатын жарықтық, елдің абыройын асырып, алдына қара салмайтын қанатты жануар осы болады!-дейді сыншы әрі қуана, әрі сеніммен сөйлеп.
Бай құлынды биенің қарауылын күшейтіп, жағдайын күйттей түседі. Алайда... кезекті рет құлынды қарауға келген сыншы өз көзіне өзі сенбейді! Кешегі бар арманы мен үмітін арқалап, қараса көз тоймаған сұлу құлынның орнында дәл сондай сүлік қара ойнақшып тұрғанмен, бойынан тектілікті байқай алмай абдырайды. «Мүмкін емес» деген сыншы, мән-жайды байға жеткізеді де, екеулеп көрші қазақ байының үйіріне қарай жеделдете ат басын бұрады. Алғашында жоқ іздегендерін білдірмей үйірді аралаған екеу көп ұзамай-ақ жоқтарын жолықтырады – кеше ғана өз үйірлерінен көрген текті қара құлын жанары оттай жайнап боз биенің қасында тұр! Бай мен сыншының қандары басына шауып, «суын айғырдан туған қара құлынды ұрлап алдыңдар!» деп қазақтарға дау сала жөнеледі. Дес бермеген қазақтар құлынның өздерінікі екендігін айтып, ашулы қос түрікменді жолға салады. Іс мұнымен бітпейді, «қазақтар құлынымызды ұрлады» деп үзілді-кесілді пікір айтқан түрікмендер жағы қазақтарды айтулы әулиенің басында анттасуға шақырады және қылдай қиянат жасалмауы үшін антқа Пір Бекеттің өзі қазылық етуін сұрайды. Мұнымен қоймай, антқа тұратын адамды да қазақтың жанына батар жерден ұстайды, таңдау – Қожаназар байдың жетпіс бес жасқа келгенде он бес жасар Ақшолпаннан көрген көз қуанышы – Қошан бала. Ал анттасу болатын жер де оңай емес – ақ пен қараны айырған, кінәліні қалтқысыз танып, қиянатшылды қақырата құлататын Қараман ата басы.
Ақиқат Аллаға ғана аян, Қошанымның халі не болып кетеді деп уайымдап, бірнеше күн бойы еңіреген Қожаназар бай әуелі Алладан жәрдем тілеп, істің насырға шаппауын жата-жастана жалбарынады, екінші кім білген, Бекет замандасына Қошанның тағдырын қолына табыстағанын, қанша жерден тегі асыл тұлпар болса да зады мал, «сырты түк, іші боқ» жануар үшін бұл іске еш қатысы жоқ Қошанды қарғыс атпауын тілек етеді. Бірнеше күн бойы Қараман ата мешітіне кіріп намаз оқып, іштей егілген Бекет атаның мақсаты – екі елдің арасына алауыздық түспеу, қазақ қолы қара болған жағдайда қаршадай Қошанның қарғысқа ұшырамауы, дүниеге бола дауласқан ересектердің бейкүнә баланың обалына қалмауы.
Қандарын ішіне жұтқан екі жақ ұйғарымды күні Ата басында жолығады. Қазақтар ерінің басына біз шаншылған меңсіз қара атқа мінген қап-қара киімді Қошанды алып келеді. Ортаға шыққан Бекет атаның
– Иә, Алла! Қара десең, қара атты, біз болсақ – бізді ат! – дей бергені сол екен, шаншылған біз ердің басын қақ жарып, қара ат омақаса құлайды. Аңдып тұрған жігіттердің бірі шалт қимылдап Қошанды жерге түсірмей қағып алса, екіншісі қанжарымен қара аттың тамағын орып жібереді. Кенет түрікмендер «Бұрып кеттің, Бекет!» деп даурыға жөнеледі. Антқа риза еместігін білдірген Жәуміттер Шейх-Күбіра басында қайта анттасуға шақырады. «Ертең таң намазында түгелдей сол жерде кездесейік» деп аққу болып ұша жөнелген Бекет атаның кереметін көрген және ертең таң намазында межелі жерге жете алмасын, өздерінің Бекетпен бірге ұша алмасын білген түрікмендер еріксіз сабасына түсіп, сабырға келеді. Көз алдарында өткен ант нәтижесімен келісулеріне мәжбүр болады.
Оқиғаның екінші нұсқасында суын айғырдың судан шығып боз биеге шапқаны туралы дерек айтылмайды, бірақ көрші екі ел арасындағы аламанда түрікмен аттарына шаң қаптырып, бәйге бермеген, аты алыс-жақын аймаққа аңыз болған қазақ сәйгүлігіне, оның шыққан тегіне дау салған түрікменнің Дүрдімұрат бегі бастаған Жаратқаннан басқа ешкімге бас имеймін дейтін нар тұлғалы, атан жілікті азаматтары, көзімнің тірісінде өзім түгіл тұтас түрікменнің кеудесін бөтенге бастырмаймын, намысын жатқа таптаттырмаймын деген арыстары қазақтардан сәйгүлікті қайтаруға тырысады. Бекет атаның қазылығымен екі жақ Қараман ата басында анттасып, түрікмендер антқа ұсталған қара ат үстіндегі Қошанға қарай үш рет садақтан жебе суылдатады. Жан шүберекке түйілген қиын шақта бірінші оқ далаға маңып кетсе, екінші оқ ер басындағы бізді ұшырады, ал үшінші оқ қара атты жайратып түсіреді. Осылайша, кінәсіз Қошанның қарғыс арқалауынан қорыққан Бекет ата біз бен қара атты антқа қояды.
Риза болмаған түрікмендердің сөзін ұстаған Бектұрлы ишан Бекет атаға өз бауырларының өкпе-назын және Шейх-Күбіра басында қайта анттасу туралы талап-тілектерін жеткізеді. Екі елдің арасының татулығын, Қошанның амандығын көксеген Бекет ата дүр сілкініп аққу болып, Қошанды үстіне мінгізіп алады да, қазақ-түрікмені аралас жиналғандарды таң намазында аталмыш жерде кездесуге шақырады. Көз алдарындағы ғаламатқа аң-таң болған және уәделі уақытта Шейх-Күбіра басына жете алмасын білген түрікмендер Құран ұстап, тәубаға келеді. Осы сәтте қайтадан адам бейнесіне енген Бекет атаның арқасынан түскен Қошан балақай әкесі Қожаназарға қарай жүгіре жөнеледі.
Үшінші нұсқа негізінен түрікмен елінің арасында тарап, кейін аралас-құралас көршілік себебінен Маңғыстауға жеткен секілді. Түрікменнің мерейін үстем ететін бұл желіде теңізден шыққан «Қарасуыл» атты айғырмен жанасып, күні жеткен күні құлындаған түрікмен үйіріндегі биенің көрікті құлынын көрші қазақ ауылының жылқы құмар жігіттері ептілікпен ешкімге білдірмей өзінен аумайтын құлынға ауыстырып кетеді. Түрікмен де алдындағы малын түгінен танитын малсақ емес пе, сезіктеніп сөз салғанмен, қазақ жігіттері сыр білдіргісі келмей сырторай кейіп танытады. Оқиға екі жақтың дауласуына және Қараман ата басында анттасуына әкеліп соғады.
...Арада уақыт өтіп, қазақтар қолындағы құлынның бәйгеге шабар кезі келгенін білген түрікмендер ауылдарында аламан бәйге ұйымдастырып, қазақтарды бәйгеге қатысуға шақырады. Қарасуылдың, яғни, суын айғырдың даулы құлынын – алдына қара салмайтын тұлпарды баптап қазақтар да жетеді. Осы арада ойлағандары болған түрікмендер тұлпарға қатысты дауды қайта өршітіп, ескі жараның аузын тырнайды.
–Тұлпардың туған енесі осы үйір ішінде жүр. Қазір қылбұрау салып немесе құлағын батырыңқырап бұрап тұлпардың құлындаған дауысын шығартып кісінетеміз, сол кезде туған енесінің әрекетінен мәселенің мән-жайы аңғарылатын болады, – дейді түрікмендер. Туғалы алақанға салғандай әлпештеген айрықша бап көріп қалған бұла тұлпар жанын көзіне көрсеткен қинауды ауырсынып жапанды жаңғырта кісінейді, аузынан ақ көбік атып, жанары аңғалағынан шыға адырайып, тулап әлек-шәлегі шығады. Осы кезде үйір ішінде жайылып жүрген енесі құлағын қайшылай осқырынып жерден басын жұлып алады да, дауыс шыққан жаққа құйғыта жөнеледі. Келе қаумалаған көпшілікке қарамай, қорлықтағы құлынының қасынан бір-ақ шығып, жер тарпып, кеудесімен киіп-жара айбат шегіп, арашалауға тырысады. Осы оқиғадан соң «айтқанымыз келді» деген түрікмендер жағы арқаланып шығады.
Суын текті құлынға қатысты аңыз осылай дейді. Аңыздың ақиқаты мен астары адам санасынан тыс жатқаны анық және қалай болғаны ешкімге мәлім емес. Бірақ үшінші нұсқаға қатысты айтарымыз – бұл нұсқада Бекет ата аты аталмайды, ал аталған жағдайда да «атымды алдымен атағанға көмектесемін» дейтін Бекет атаның екі ел арасында бітпейтін жер дауы, жесір дауы, мал дауы сынды фәнидің күйкісіне тән пендәуи кикілжіңде пірәдарлық пәтуа жасай алғаны, оның «қартайғанда көрген ақтығым» деп сақалын жас жуып селкілдей жылаған сексендегі Қожаназардың періште ұлы Қошанның өмірін сақтауды басты мақсат еткені, әрі бауыр, әрі көрші қазақ пен түрікменнің ара жігін ашқысы келмей даулы істе көрегендік жасағаны көрініп тұр. Үйінде төр алдында жатып «қаш, түрікмен!» деп қазақтың малын ұрлап алып қашқан түрікменді құтқарып жіберетіні бар. «Түрікмені түскірді қайтесің, қазаққа болыс!» деген кемпіріне «алдымен менің атымды атап, көмекке түрікмен шақырды» деп қысылтаяң шақта түрікменге жәрдем беруімен екі елді бөле-жармай, көрші елдердің бірлікте өмір сүргенін қалайтындығын байқатады бір әңгіме.
Иә, жылдар өтсе де көмескіленбей, керісінше ұрпақтан ұрпаққа жаңғыра жеткен аңыздың ауызекі түрде насихатталып қана қоймай, тәрбие құралына, мәдени маңызды нысанға, тағылымды шараға айналғаны дұрыс. Марқұм С.Қондыбай да суын жылқы туралы зерделі зерттеу нәтижесінде туған сүбелі ой, пайымды пікірлерін жеткізе отырып, аталмыш жылқыны Маңғыстаудың басты символдарының бірі ретінде қарау қажеттігін, өйткені «теңіз жылқысының бейнесін мифтік, тарихи, аңыздық, географиялық тұрғыдан да Маңғыстаудың теңіздік жағалауымен байланыстыруға толық негіз бар екендігін» айтады. Ғалым суын жылқыға қатысты ұшқыр ойларымен бірге, азаматтық армандарын да жасырмайды. «Осы бейненің бүгінгі өмірге қайтып оралып, поэзияда, қара сөзде, бейнелеу мен мүсінде, музыкада, т.б салаларда кеңінен пайдаланыла бастағанын дұрыс көрер едік. Ақтау қаласында, теңіз жағасында қоладан құйылған суын айғырдың не суын биенің ескерткішінің орнатылғанын көре аламыз ба? Күндердің күні солай болар деп үміттенгіміз келеді» деген еді ол. Бүгінгі ұрпаққа теңіз жағасынан «қола суынды» көру сол баяғы бабаларымызға теңізден суынның өзін күткендей күттіріп келеді. Фәниде жүріп тылсымның сырына сүңгіп, есте жоқ ескі заманның қойын-қонышын қазбалаған ғалым Серікболдың бақида жатып жарық әлемнің күбір-сыбырын естіп, аяқалысын бағамдап жатпасына кім кепіл?! Теңіз жағасынан суынды көргісі келіп жатқан болар...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы