Жиын барысында «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова нәзік жандылардың кәсібін қолдауда түрлі шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Ал, Атырау облысы өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева әйелдер қауымы әр салады қызмет етіп жүргенін айтты.
«Кешегі әйел кәсіпкер бүгінгі үлкен зауыттың немесе өндірістің басшысы. Тоқсаныншы жылдары тоқырау басталғанда әрбір әйел, әрбір ана баласын бағу үшін, отбасының берекетін сақтап қалу үшін, ала дорбасын алып жолға да шықты, басқа да қызметтер істеді біз оны білеміз. Атырау облысында жаңа фармацевтикалық зауыт салынып жатыр. Оны да бастаған әйел. Қазіргі уақытта нәзік жандыларымызды құрылыстан да кездестіруге болады. Балық өндірісінде де жүр. Бұрын балық аулауға тек азаматтарымыз шығушы еді. Бүгінгі күні ол кәсіпті де әйелдер дөңгелетіп отыр. Оның өзі біздің әріптестеріміздің, қыз-келіншектеріміздің деңгейінің көтерілгендігі деп айтуға болады», деп атап өтті Атырау облысы өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»