– Өнеркәсіп саласын жаңа технологиямен қайта жарақтандырудың маңызы зор. Ал осы Индустрия 4.0 технологиясының артықшылықтары қандай?
– Төртінші индустриялық революция немесе «Индустрия 4.0» бүгінгі таңда әлемдегі ең өзекті үрдістердің бірі. Киберфизикалық және робот-техника жүйелерін енгізу, үлкен деректер мен басқа да Индустрия 4.0 технологияларына талдау жасау арқылы өндіріс пен көлік шығындарын азайтуға, бизнес-үдерістерді оңтайландыруға, жаңа бизнес-модельдерді енгізуге және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттыруға болады. Халықаралық сарапшылардың есептеріне сәйкес, Индустрия 4.0 технологиясын енгізу кәсіпорындардың тиімділігін 10-20 пайызға дейін арттырады. Сарапшылардың пікірінше, макродеңгейде дамыған және дамушы елдерде (АҚШ, Германия, Қытай, Франция және т.б.) Индустрия 4.0 ІЖӨ-ні жыл сайын қосымша 1-1.5%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Көптеген дамыған елдер өздерінің ұлттық цифрлы трансформация стратегияларын (Германия 2011 жылы қабылдады, АҚШ – 2012, Жапония, Қытай, ЕО және басқа елдер 2014-2015 жж.) іске асыра бастады. Дамушы елдер, соның ішінде ЕАЭО елдері өздерінің бағдарламаларын қабылдап, индустрияны дамытуға қатысты бастамаларын әзірлеуге және іске асыруға кірісті. Қазақстан Республикасының Президенті жаңа технологияны енгізуге айрықша көңіл аударады. Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіпті цифрландыруды ынталандыру шараларын әзірлеу жұмыстарын жасады.
– Жаңа технологияларды енгізуде шетелдік серіктестеріңіздің еңбектерін, тәжірибелерін қаншалықты есепке алдыңыздар?
– Шетелдік серіктестерімізбен (Фраунгофер атындағы институт, Швеция Бизнес даму институты және Nokia халықаралық компаниясы) бірге біз өңдеу өнеркәсібінде және кен металлургия кешеніндегі шамамен 600 компанияны зерттедік. Біз мүдделі тараптармен (салалық қауымдастықтар, университеттер, институттар, сатушылар, мемлекеттік органдар және т.б.) келіссөздер жүргіздік. Бұл кәсіпорындардың қазіргі жағдайын анықтауға мүмкіндік берді. Өңдеу кәсіпорындарының 80%-ы және кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындарының 60%-ы Өнеркәсіп 2.0 (жартылай автоматтандырылған операциялар) деңгейінде немесе автоматтандырылған өндіріске өту сатысында тұрғаны анықталды. Осы жұмыс барысында біз саланы цифрландыруға кедергі келтіретін жайттар мен қиындықтарды анықтадық. Олардың қатарында іскерлік ортаның цифрландырудың экономикалық артықшылықтарын толық түсінбеуі; білікті мамандардың жетіспеуі; отандық технологиялар мен құзыреттердің дұрыс дамымауы; цифрландыруға қажетті қаржылық ресурстардың шектеулі болуы; телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың даму деңгейінің төмендігі сияқты бірқатар мәселелер бар. Осыған сәйкес және халықаралық тәжірибені ескере отырып, цифрлы технологияларды жоспарлау мен неғұрлым белсенді енгізуге ынталандыратын кәсіпорындарымызды қолдау үшін қажетті экожүйені құруға бағытталған шаралар әзірленді. Бұл шаралар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Бағдарлама аясында цифрлы технологияны бизнес-ортаға таныту; отандық технологиялар мен құзыреттерді дамыту; қажетті мамандарды дайындау; кәсіпорындарды цифрландыру үшін қаржылай ынталандыру; өнеркәсіптік интернетті дамытуға жағдай жасау сияқты бірқатар бастамалар бекітілді.
– Отандық кәсіпорындар, өнім өндірушілер осыншама еңбекпен келген жаңа технологиялармен таныс па? Жергілікті жерде «Индустрия 4.0» технологиясын енгізуде білікті мамандар жеткілікті ме?
– Индустрия 4.0 технологиясын енгізуді насихаттау мақсатында үлгі ретінде көрсету алаңдарына айналатын цифрлы фабрикаларды құру жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар бұл жобаны іске асыру отандық техникалық мамандардың құзыреттілігін арттырады және нақты жобаларды іске асыруда кездесетін кедергілерді анықтайды. Индустрия 4.0 технологиясына көшуді жүзеге асыру үшін қолдау шаралары ретінде бастапқы қажетті жағдайлар жасалған. Бір жыл ішінде біз цифрландырудың мақсатты ынталандыру үшін (шығынды қалпына келтіру, қолжетімді несиелік капиталды қамтамасыз ету және т.б.) кейбір қолдау шараларын ішінара қайта қарауды жоспарлап отырмыз.
Өнеркәсіпті цифрландырудың өзекті мәселелерінің бірі еңбек күші. Технологиялық өзгерістер өндірістегі жұмыстың сипатын өзгертіп, қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейтеді. IT-технологияларды қолдану тұрғысынан біліктілікті жетілдіру қажет.
Бүгінгі күні саланы ауқымды цифрландыру үшін отандық мамандар жеткілікті деп айтуға ерте. Сондықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа буын кадрларын төртінші индустриялық революцияның жаңа технологияларын есепке ала отырып, кең ауқымда даярланатын болады.
– Нақты жүзеге асқан қандай жобалар бар?
– Ал, нақты жобалар туралы айтатын болсақ, бүгінгі күні «ERG», «Kazzinc», «ArcelorMittal Temirtau», «Kazakhmys Corporation», «Kazminerals» сияқты Қазақстандағы ірі компаниялар өз өндірістеріне Индустрия 4.0 технологиясының элементтерін енгізу жобаларын іске асырады. Цифрлы технологияларды енгізген компаниялардағы тиімділік пен олардың бәсекеге қабілеттілігі артқанын көре аламыз. Қазіргі уақытта Қазақстанда өнеркәсіпті цифрландыру үшін барынша жағдайлар жасалып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»