Жаңаның бәрі – ұмытылған ескі
Жалпы, мектеп-интернаттың тарихына үңілер болсақ, спорттық бағыттағы бұл білім мекемесі 1989 жылы да олимпиялық резервтер училищесі болып қайта құрылған екен. Яғни спорт саласында жоғары нәтижелерімен көзге түскен түлектер мектеп-интернаттың қабырғасында училище студенттері ретінде тағы да екі жылға қалдырыла бастады. Мұның өзіндік артықшылықтары мол болатын. Мысалы, көптеген талантты спортшылар мектеп бітірген соң далада қалғандай болып, үлкен спортқа апарар жолда «адасып» кетіп жатты. Ал училищеде қалып, оқуын жалғастырғандардың бір оқпен екі қоян атып алу мүмкіндігі болды. Біріншіден, олар екі жыл бойы толықтай мемлекеттің қамқорлығында болып, жаттығуларын алаңсыз жалғастыра алды. Екіншіден, колледжді бітірген соң бұл жас мамандарға диплом беріліп, олар шәкірт даярлау құқығын иеленді.
Өкінішке қарай, мектеп-интернат училище мәртебесінен 1998 жылы айырылды. Енді міне, арада жиырма жыл өткенде Мәжіліс депутаты Серік Сәпиевтің мұрындық болуымен, мектеп-интернаттың мәртебесін өзгерту мәселесі биік мінберден қозғала бастады. Бір айта кететіні, бокстан Олимпиада чемпионы, Бэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиевтің өзі де осы мектеп-интернаттың қабырғасында оқып, Сайын Аратаев, Владимир Маслин сынды бапкерлердің тәлімін алған. Сонымен қатар бұл ұядан Афина Олимпиадасының қола жүлдегерлері – боксшы Серік Елеуов пен онсайысшы Дмитрий Карпов, Рио-Де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова және басқа да халықаралық деңгейде өнер көрсеткен спорт саңлақтары түлеп ұшқан.
Мәртебенің өзгеруіне мектеп әзір ме?
«Чемпиондар ұстаханасы» деген атқа ие болған мектеп-интернаттың іргетасы 1971 жылы қаланған. Қазіргі таңда бұл оқу орнында 437 тәрбиеленуші білім алып, спорттың 13 түрі бойынша қабілеттерін ұштап жүр. Мектеп-интернатта 46 жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Оның біреуі – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 7-уі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ал 31-і жоғары дәрежелі жаттықтырушы-оқытушылар.
Мұндағы бокс, еркін және грек-рим күрестері, дзюдо, ауыр атлетикаға арналған залдар тиісті стандарттарға сай, керек-жарақпен толығымен қамтамасыз етілген. Велобаза кешенінде де шабандоздардың жаттығуына барлық жағдай жасалған. Оқу корпустары кең, 120 адам бір мезгілде тамақтана алатын асхана бар. Медициналық-сауықтыру орталығының құрал-жабдықтары да толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Мектеп-интернаттың мәртебесі колледж болған кезде мұнда қазақ және орыс тілдерінде оқитын, әрқайсында 20 баладан болатын екі топ құрылады. Спорт басқармасы басшысының айтуынша, тәрбиеленуші санының артуына байланысты қосымша қажеттіліктерге деген сұраныс болмайтын көрінеді. Интернат жатақханасында орын жеткілікті, оқытушылар мен жаттықтырушыларға да соншалықты артық салмақ түсе қоймайды екен. Бір сөзбен айтқанда, болашақ колледждің 40 тәрбиеленушісі мектеп-интернатқа тастай батып, судай сіңуі тиіс.
Әлбетте, мектеп-интернаттың мәртебесін өзгерту мәселесі тақыр жерден пайда бола қалған жоқ. Әуелі бұл жобаны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Мәжіліс депутаты С.Сәпиевпен бірге талқылаудан өткізіп, пысықтаған. Одан кейін барып Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитетке ұсыныс ретінде жіберілген. Дегенмен, алдағы уақытта заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тура келеді. Жалпы, спорттық білім мекемесін колледжге айналдыру ісі мектеп-интернаттың құрылтайшысы болып табылатын Қарағанды облыстық әкімдігі, атап айтқанда өңір басшысы Ерлан Қошанов тарапынан қолдау тауып отыр. Мұның өзі қолға алынар бұл шаруаның түбі баянды боларына күмән тудыртпайды.
«Грейске» кеткен ғимарат қайтпайды
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукованың атына «Мектеп-интернатта басқа облыстың балалары оқи ма?», деп жолдаған сұрағымызға «Оқушыларды мектеп-интернатына қабылдау ережесіне сәйкес, оқуға түсушілер тұрғылықты мекенжай туралы анықтама тапсырады. Осы деректерге сәйкес, өзге облыстардан оқуға қабылданғандар жоқ. Дегенмен, Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығын қорғау мақсатында мектеп-интернат басқа облыстардан да келген балаларды қабылдауға құқылы» деген жауап алдық. Спорт басшысының бұл жауабына ішіміз кәдімгідей жылып-ақ қалды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстаным тұрғысынан келгенде, бұл, әрине, құптарлық шаруа. Дегенмен, мына жайтты да ескере жүрген жөн сияқты. Мәселен, 2014 жылы осы мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Махамбет Қуатбек Қытайда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында еркін күрестен чемпион болды да, іле бапкерін де, бәрін де тастап, өзінің туған өлкесіне тартты да отырды. Ал енді осы бозбала облыстың тумасы болса, бапкердің есіл еңбегін, бес жыл асыраған интернаттың қара нанын ақтап, қазіргі таңда облыс спортының атын шығарып жүрер ме еді деген ой да келеді.
Тағы бір мәселе, «Колледж бола қалған күнде білім мекемесі ғимараттан тарлық көрмей ме?» деген сұрақ туындайды. Мектеп-интернаттың жүзу бассейніне арнап салынған тамаша ғимараты 1999 жылы «Грейс» деп аталатын миссионерлер шіркеуіне сатылып кеткен. Өкініштісі сол, қазіргі таңда оны қайтарып алудың ешқандай амалы қалмаған. Неге десеңіз, кезінде бәрі де заңдастырылып, балталасаң да бұзылмайтындай қылып құжатталып қойылған екен. Мұны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы ресми түрде мойындап отыр. Мүмкін айта кету де керек шығар, ғимарат «Грейске» сатылған 1999 жылы Қарағанды қаласының әкімі Николай Филатов болған, ал облыс спортын Сергей Сенин басқарып тұрған екен.
Иә, мектеп-интернат колледж болып кереге кеңейтсе, депутат Сәпиевтің өз мақаласында көтерген спорттық резервтің үзілмейтін жүйесін даярлау, жасөспірімдер спортының үлкен спорттық жетістіктерге бастайтын жоғары буынмен жалғасуын жолға қою, облыс спортшыларының ұлттық құрама командалардың сапына өтуін арттыру, еліміздегі жаттықтырушылар қатарын көбейтіп, олардың мектептердегі дене тәрбиесінің оқытушылары, БЖСМ-ға, ауылдық, аудандық мектептерге, фитнес орталықтарға, өндірістік кәсіпорындарға нұсқаушы, жаттықтырушы болып орналасуын қамтамасыз ету сияқты қадау-қадау мәселелердің тамырына қан жүгірер еді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ