Мақтанады, мақтайды, мұның не десең ғайбаттайды. Бүгінде мақтаншақтардың көбейгені сонша, оларды бірнеше топқа бөліп, жіктеуге де болады.
Бірінші топқа не істесе де соны жұртқа жария ететіндер жатады. Көлігіне ақау келтірген адамды кешіре салғанын айтып, жақсы іс бітірдім деп жазады. Жетімдер үйіне барып қайырымдылық жасаса, балаларға сыйлық беріп жатқанын, мешітке барса намаз оқығанын суретке түсірткізіп, оны жариялайды. Кітап жазса, оның мазмұны мен сапасы туралы пікір қалыптаспай жатып, адамзаттың өмірін өзгертетін жаңалық жасағандай мақтау күтеді. Жұртқа көрдіңдер ме мен қандай керемет іс тындырдым дегісі келетіндей.
Екінші топқа танымалдығы мен абыройы жоғары адамдарды танитындығымен ұпай жинайтындар кіреді. Жағымпаздана жүріп, әлгі адамның қабылдауына жазылады, қоғамдық шарада болса, амалын тауып жанынан табылады да, бірге түскен суретін Фэйсбукке салып, мына кісімен арнайы жолығып, пәлен уақыт сөйлестік, түген мәселені талқыладық деп жаза қояды. Айтпағы – менің кіммен араласатынымды көрдіңдер ме?
Біреудің аузымен мақтанатындар үшінші топты құрайды. Егер әлдекім «ұлтқа қызмет етіп жүр», «қазақ тілінің дамуына зор үлес қосуда», «мықты тележүргізуші», «білімі терең экономист» деген баға берсе, оны міндетті түрде әлеуметтік желіде бөліседі, кітап жазса соған енгізеді. Жасаған еңбегі үшін ақы алса, я болмаса халық үшін тиімді болып көрінген бастамасы үшін мемлекеттен тапсырыс алса, ол адам ұлтқа, еліме қызмет еттім деп айта ала ма? Тіпті солай болған күннің өзінде де парасатты адамның «ұлтқа қызмет етудемін» деп өз-өзіне баға беруі қаншалықты орынды?
Соңғы күндері оқырманы көп өнер қайраткерлерінің қалыптан тыс жазбалары көзімізге жиі түсіп жүр. Өздері орыстілді болса да, бір жазбасы ойламаған жерден қазақша болып шығады. Бір-екі ауыз сөз емес, көлемді жазба. Әдетте ішкен-жегенін және қыдырғанын жазатын бұл адамдар кенет өздеріне жат тілде бәзбіреуді мақтай жөнеледі. Туған жылын, жерін, қай мектепте оқығанын, кімнен алғыс хат алғанын, «Дарын» сыйлығының лауреаты және «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты екенін жаза келіп, соңында өз ісінің шебері, керемет маман деген жарнамалық сөздермен аяқтайды. Мақтау сөздің жазылу сипатына мұқият қарасақ, мадақталып отырған адамның жазу стиліне өте қатты ұқсайды. Яғни өзін-өзі мақтап жазып, оны беделі жоғары адамдарға жариялатады. Мақтангершіліктің үшінші тобындағы бұл адамдар осы амалдары арқылы көрдіңдер ме жұрт мен туралы не деп жатыр деп меңзегісі келетіндей. Бұл топтағы мақтаншақтардың жағымпаздықты қатар алып жүретінін де аңғаруға болады. Қашан көрсең елдің бәрін ағам, ұстазым, үлгі тұтар тұлғам деп көпшік қоюдан, елге сөз арнағанда «халқым» деп сөйлеуден шаршамайды. Аға, көке, жәке деп жұрт алдында мақтап, артынан жеке өтініштерін білдіріп жүргендердің де талайын көрдік. Заманың түлкі болса, тазы болып шал деген нақылды өз пайдасына бұрмалаған бұл топ жүгі ауыр терең білім мен ерен еңбектен бас тартып, арзан айланы амал еткенін білер ме екен?
Төртінші топта өзінің айналада болып жатқан оқиғаларға «қосқан» үлесін асыра бағалайтындар жүреді. Мысалы, Елбасы бір сұхбатында ескерткіштерге қатысты сұраққа Марк Аврелийдің сөзімен жауап берген болатын. Ертесіне бір жігіт Фэйсбукте Мемлекет басшысының сөзін жазатындар менің жазбаларымды оқып тұрады екен, өйткені мен Аврелийдің сол сөзі туралы алдыңғы жылы жазғанмын деп салды. Сонда Марк Аврелийдің не айтып, не істегені туралы деректер жалғыз ол адамның кітапханасында тұр ма екен? Танымал адамның ұлағатты сөздерін көзі ашық адамдардың көбі біледі емес пе? Иә, шынымен де кездейсоқтық болып, Президент сөзін жазатындар әлгі адамның жазбасын оқыған болар. Бірақ ол бұған қалай сенімді бола алады? Өзімшілдігі жоғары, эгоцентристік көзқарастағы мұндай адамдар өздеріне сырт көзбен қарай алар ма екен?
Бір қызығы, егер осы адамдарға қылықтары мақтаншақтық екенін бетке бассаң, ойланбастан көре алмаушылардың қатарына қосады. Мақтаншақтықтың бұл түрлері не себепті бұрыс екенін Абайдың нақыл сөздеріне бармай-ақ түсіндіріп көрелік. Қитұрқы амалдармен халық алдында ұпай жинап, жасанды образ жасағандар өз ісін дұрыс білмей жатып, жұртқа ақыл айтқанды жақсы көретіні бар.
Арзан беделдің арқасында түрлі деңгейдегі кәсіпкерлермен және лауазымды тұлғалармен жолығып, «тендер» беруін сұрайды. Егер әкім-қаралар мемлекеттік тапсырыс бере қалса, сол әкімді және ол басқарып отырған өңірді жүрген жерде жарнамалайды, біреу-міреу тиісе қалса, онымен ерінбей айтысады. Мақтанудан келген беделді бұдан да өткен қатігез амалдарға пайдаланатындары да бар. Біреуді даттайды, сынайды, сөйтеді де тамағын ішіп, сыйлығын алған соң, 180 градусқа бұрылып, қайта мақтайды.
Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»