Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Ғабит Зұлхаров - ізденімпаз журналист

329 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғабит Зұлхаровты сонау 1990 жылдары Аягөз аудандық «Алға»-«Вперед» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргеннен бері танушы едім. Жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, журналист болып қалыптасуларына ықпал етіп жүретін. Қырық жыл бойы журналистік атқа дақ түсірмеген Ғабеңді алдыңғы буын ағалары барынша бағалап, «зерделі Зұлхаров» деп атап кетіпті. Ал бүгінгі ізінен ерген кейінгі толқын інілері «ғибратты Ғаба» деседі. Бұл – әркімге көрсетіле бермейтін құрмет пен ілтипат.

Ғабит Зұлхаров - ізденімпаз журналист

Ғабит орта мектеп­ті­­ ой­дағыдай бітірісімен өз ауылындағы жетіжылдық мектепте еңбек жолын ұстаздықтан бастайды. Жаратылысынан оқы­­сам, білсем деген Ғабит Ал­ма­­тыдағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналистика бөлімін бітіреді. Содан бас­тап ыстығы мен суығы мол жур­налистік көрікке түскен ол ал­ғашқы жылдары бұрынғы Шар ауданының «За коммунистический труд» газетінде еңбек етеді. Өзі туып-өскен Жарма ауда­нының «За изобилие» газе­тінде, Семей облыстық радиосында да біраз жылдарының ізі қалды. 

Ғабит – ел құлағын елең ет­­­кі­зетін ізденімпаз журналист.­ Өткен ғасырдың елуінші жыл­дары аяғында халқына шы­ғар­малары қайта оралған Ілияс Жансүгіровтің «Дала», «Құла­­гер», «Күйші», «Күй» поэ­ма­ларын оқығаннан кейін, жиырмадан асқан жур­налист «Лениншіл жас» газе­тінде «Құ­лагер» – эк­ран­дық шы­ғар­ма», «Қазақ әде­бие­тінде» «Құла­герді» экраннан көр­сек»­ деген мақалалар жа­зып, «Құла­гер» фильмінің түсі­ріл­уіне мұ­рын­дық болады.

– Өмірімнің тең жартысы Әуе­­­зов­пен әуес­тенуге кетті, – ­дей­­­ді жур­налист. – Ұлылар ұлы­­ істе де ұлы, ұсақ-түйекте де­ ұқыпты. Мұхаң мұрасы осы­­ған айғақ. Әуезов әлемі де­ген­де мен назарымды ұлы су­рет­кердің тек қысқа да нұсқа де­рек­ті жолсапар очерктеріне аудар­дым. Нақтылап айтсам, жа­­зушының «Көктемнен бері» (1933), «Баймұхамбетұлы –жол­дас» (1935), «Товарищ Жа­най» (1935), «Оның аты екін­ші» (1940), «Әр тынысың Отан­ дейтін күн бүгін» (1941), «Воро­шилов атындағы колхозда» (1946), «Түркістан осы­лай туған» (1955) атты очерк­тердің  жа­зылу деректерін мұра­ғат­тардан тауып, олар жайында тарихи танымдық мәні бар ма­қа­лаларды бес тілде  (қазақ, орыс, ұйғыр, неміс және корей) мер­­­зімді баспасөз беттерінде жа­­риялаттым. Бүгінде олардың жал­пы саны 200-ге жетті.

Әуезовтің деректі шығар­ма­ларына ден қоюым, ұлы  жазушының 1940 жылы мер­зімді баспасөз беттерінде ба­сылған «Оның аты екінші» де­ген жолсапар очеркінен бас­талды. Мұхаңның бұл деректі шы­ғармасы сол жылы жалпы ұзындығы 806 шақырымға созылатын Шығыс тасжолын салушылар еңбегін баяндауға ар­налған. Қазақтың қара сөзінің хас­ шебері М.Әуезов осы бір қар­­балас сапарында көлемі 39 бет­­тік «Оның аты екінші» деген деректі очерк жазып, оны сол кездегі  Семей облыстық  «Ек­­пінді» газетінің  үш саны­на бастыртқан. Кейін осы шы­ғар­маның кейбір  тараулары «Социалистік Қазақстан» газе­тінің сол жылғы 19 шілде мен 18 тамыздағы сандарында «Май­дан» деген атпен жарық көр­ген. «Лениншіл жас» газе­ті де «Ал­тын жүзік» деген тақы­рып­пен үзінділерін басқан. Мұ­­хаңның бұл очеркі көзі ті­рі­сінде жарық көрген ешбір жи­нақтарына енбей қалған. Тек жазушы  дүние салғаннан кейін шығарылған 12 томдық шығармалар жинағынан орын алған. 

45 жылдан кейін осы очерк айна­ласында Зұлхаров бес жыл бойы  мұрағаттық іздестіру жүр­гізіпт­і. Нәтижесінде очерктегі 27 ­кейіпкердің алтауының ор­та­­мызда тірі жүргенін анық­таған. Сонау 1933 жылы жазу­шының «Көктемнен бері» атты очеркінің бас кейіпкері, ауыл мұғалімі, 80 жастағы Өмірәлі Қылаңкөзовті Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Ленин атын­дағы ұжымшардан 53 жылдан кейін тауып, онымен кездеседі. 

Дәл осындай ізденістермен жазушының 1946 жылы жазған «Ворошилов атындағы колхозда» атты очеркінің тірі жүрген үш кейіпкерін, 1955 жылы тың көтеру кезінде жазылған «Түркістан осылай туған» очер­кіндегі совхоз директоры Строговты Мәскеу облысының бір қаласынан, совхоз агрономы Трегубовты Киев қаласынан, Сарысу ауткомының төрағасы Аман Алпысбаевты Жамбыл қаласынан (ол әлі тірі), қыста боранда қалатын Садаға-Сақышты Жаңатас қаласынан табуы Әуезов әлемі көкжиегінің одан әрі кеңеюіне мүмкіндік туғызды.

Әуезовтің деректі шығар­малары айналасындағы Зұл­харов­тың соңғы да соны ізденісі – жазушының 1943 жылы жазда, ұлы  Абайдың туғанына 100­ жыл толуына орай мере­кеге дайындық барысында ту­ған  жеріне, оның ішінде жол-жө­некей Аягөз қа­ласында бол­ған­дығын нақты деректер не­гізінде анықтауы болды. Мұ­­хаңның осы сапарда алдымен Ая­гөзде үш күн болғандығы – «Қазақстан жазушылары­ Ая­гөзде» атты мақаланың сол­ кез­де Семей облыстық «Ек­пін­ді» газетінде (1943, 2 шіл­де) жа­рияланғандығы. Бұл мақала бү­гінге дейін Әуезов шығар­ма­шылығы туралы­ басылған бес биб­лиография­ көрсеткіштерінде жоқ. Зұлқаров осы мақала авторы  Ә.Толғанбаевты іздеп тауып, оны­мен сұхбаттасқан. 10 жылға со­зылған ыждаһатты ізденіс соңында Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығына орай Аягөз қаласында үш күн аялдаған үй қа­бырғасына 2015 жылдың 28 қыр­күйегінде ескерткіш тақта ор­натылды.

Тілеукен ТІЛЕУБЕРДІҰЛЫ

Шығыс Қазақстан облысы