Ғабит орта мектепті ойдағыдай бітірісімен өз ауылындағы жетіжылдық мектепте еңбек жолын ұстаздықтан бастайды. Жаратылысынан оқысам, білсем деген Ғабит Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітіреді. Содан бастап ыстығы мен суығы мол журналистік көрікке түскен ол алғашқы жылдары бұрынғы Шар ауданының «За коммунистический труд» газетінде еңбек етеді. Өзі туып-өскен Жарма ауданының «За изобилие» газетінде, Семей облыстық радиосында да біраз жылдарының ізі қалды.
Ғабит – ел құлағын елең еткізетін ізденімпаз журналист. Өткен ғасырдың елуінші жылдары аяғында халқына шығармалары қайта оралған Ілияс Жансүгіровтің «Дала», «Құлагер», «Күйші», «Күй» поэмаларын оқығаннан кейін, жиырмадан асқан журналист «Лениншіл жас» газетінде «Құлагер» – экрандық шығарма», «Қазақ әдебиетінде» «Құлагерді» экраннан көрсек» деген мақалалар жазып, «Құлагер» фильмінің түсірілуіне мұрындық болады.
– Өмірімнің тең жартысы Әуезовпен әуестенуге кетті, – дейді журналист. – Ұлылар ұлы істе де ұлы, ұсақ-түйекте де ұқыпты. Мұхаң мұрасы осыған айғақ. Әуезов әлемі дегенде мен назарымды ұлы суреткердің тек қысқа да нұсқа деректі жолсапар очерктеріне аудардым. Нақтылап айтсам, жазушының «Көктемнен бері» (1933), «Баймұхамбетұлы –жолдас» (1935), «Товарищ Жанай» (1935), «Оның аты екінші» (1940), «Әр тынысың Отан дейтін күн бүгін» (1941), «Ворошилов атындағы колхозда» (1946), «Түркістан осылай туған» (1955) атты очерктердің жазылу деректерін мұрағаттардан тауып, олар жайында тарихи танымдық мәні бар мақалаларды бес тілде (қазақ, орыс, ұйғыр, неміс және корей) мерзімді баспасөз беттерінде жариялаттым. Бүгінде олардың жалпы саны 200-ге жетті.
Әуезовтің деректі шығармаларына ден қоюым, ұлы жазушының 1940 жылы мерзімді баспасөз беттерінде басылған «Оның аты екінші» деген жолсапар очеркінен басталды. Мұхаңның бұл деректі шығармасы сол жылы жалпы ұзындығы 806 шақырымға созылатын Шығыс тасжолын салушылар еңбегін баяндауға арналған. Қазақтың қара сөзінің хас шебері М.Әуезов осы бір қарбалас сапарында көлемі 39 беттік «Оның аты екінші» деген деректі очерк жазып, оны сол кездегі Семей облыстық «Екпінді» газетінің үш санына бастыртқан. Кейін осы шығарманың кейбір тараулары «Социалистік Қазақстан» газетінің сол жылғы 19 шілде мен 18 тамыздағы сандарында «Майдан» деген атпен жарық көрген. «Лениншіл жас» газеті де «Алтын жүзік» деген тақырыппен үзінділерін басқан. Мұхаңның бұл очеркі көзі тірісінде жарық көрген ешбір жинақтарына енбей қалған. Тек жазушы дүние салғаннан кейін шығарылған 12 томдық шығармалар жинағынан орын алған.
45 жылдан кейін осы очерк айналасында Зұлхаров бес жыл бойы мұрағаттық іздестіру жүргізіпті. Нәтижесінде очерктегі 27 кейіпкердің алтауының ортамызда тірі жүргенін анықтаған. Сонау 1933 жылы жазушының «Көктемнен бері» атты очеркінің бас кейіпкері, ауыл мұғалімі, 80 жастағы Өмірәлі Қылаңкөзовті Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Ленин атындағы ұжымшардан 53 жылдан кейін тауып, онымен кездеседі.
Дәл осындай ізденістермен жазушының 1946 жылы жазған «Ворошилов атындағы колхозда» атты очеркінің тірі жүрген үш кейіпкерін, 1955 жылы тың көтеру кезінде жазылған «Түркістан осылай туған» очеркіндегі совхоз директоры Строговты Мәскеу облысының бір қаласынан, совхоз агрономы Трегубовты Киев қаласынан, Сарысу ауткомының төрағасы Аман Алпысбаевты Жамбыл қаласынан (ол әлі тірі), қыста боранда қалатын Садаға-Сақышты Жаңатас қаласынан табуы Әуезов әлемі көкжиегінің одан әрі кеңеюіне мүмкіндік туғызды.
Әуезовтің деректі шығармалары айналасындағы Зұлхаровтың соңғы да соны ізденісі – жазушының 1943 жылы жазда, ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай мерекеге дайындық барысында туған жеріне, оның ішінде жол-жөнекей Аягөз қаласында болғандығын нақты деректер негізінде анықтауы болды. Мұхаңның осы сапарда алдымен Аягөзде үш күн болғандығы – «Қазақстан жазушылары Аягөзде» атты мақаланың сол кезде Семей облыстық «Екпінді» газетінде (1943, 2 шілде) жарияланғандығы. Бұл мақала бүгінге дейін Әуезов шығармашылығы туралы басылған бес библиография көрсеткіштерінде жоқ. Зұлқаров осы мақала авторы Ә.Толғанбаевты іздеп тауып, онымен сұхбаттасқан. 10 жылға созылған ыждаһатты ізденіс соңында Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығына орай Аягөз қаласында үш күн аялдаған үй қабырғасына 2015 жылдың 28 қыркүйегінде ескерткіш тақта орнатылды.
Тілеукен ТІЛЕУБЕРДІҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы