Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Күн тәртібінде үш мәселе: келесі жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық, жеке сектордағы жылу беру маусымы, коммуналдық және жол қызметтерінің қысқы кезеңге дайындығы қаралды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың тапсырмасы бойынша өңірлердің 2025 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындығына тексеру жүргізілген.
Бүгінгі таңда өңірлерде 122,6 шақырым дренаж жүйесі салынып, жөнделген. 1545 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылған. 1270 шақырым канал мен 21 069 шақырым арық тазартылып, 101 гидротехникалық құрылысқа ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Сонымен қатар тексеру нәтижелері бірқатар облыста өзен арнасы жағалауын нығайту және түбін тереңдету бойынша жұмыстар әлі аяқталмағанын көрсетті. Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 84 елді мекенінде күрделі құрылыс, қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру және нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Өңір әкімдері күздің соңына дейін елді мекендердің айналасына топырақ үю, су бұру арналарын тазарту және өзендерді қалыпқа келтіру жұмыстарын аяқтау керек. Су ресурстары және ирригация министрлігі гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарын жеделдетуі қажет», деп тапсырды Премьер-Министрдің орынбасары.
Тұрғын үй секторында жылу беру маусымын өткізуге дайындық барысы туралы есептер тыңдалды.
Тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың ішінде орнатылған автономды жылыту жүйелері үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Осылайша, еліміз бойынша ереже бұзып, автономды жылытқышты 641 ғимарат әлі де пайдаланып отыр.
«Төтенше жағдайлар министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізуді тапсырамын. Газ инспекциясын іске қосыңыздар. Пеш жағатын үйлерді, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарын есепке алу қажет. Ондай үйлердің барлығында иісті анықтайтын газ датчиктері орнатылуы тиіс», деді Қанат Бозымбаев.
Қыс мезгілінде жолдардағы қызмет көрсету сапасы туралы Көлік министрлігі есеп берді.
Отырыста Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» тасжолы учаскесіне және Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жолдарға ерекше назар аударылды.
Ішкі істер министрлігіне боран кезінде тиісті қызметтердің хабарламаларын елемейтін жүргізушілерге жауапкершілікті күшейту мәселесін пысықтау тапсырылды.
«Алдағы "Қыс-2024" оқу-жаттығуы шеңберінде жолдарда мұз қатып, көліктердің қозғалуына қиындық туындаған жағдайда уәкілетті органдардың іс-қимыл алгоритмін пысықтау керек. Төтенше жағдайлар министрлігіне оқу-жаттығуға тиісті дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуді, мәселелерді шешу бойынша қабылданып жатқан шараларды тексеруді тапсырамын. Біз қыс мезгілінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуіміз қажет», деп атап өтті вице-премьер.