Қымбатқа бағаланған мүйізі сорына айналып, талай қаскөйлер ашкөздікпен қырғаны соншалық, кезіндегі үйір-үйір киіктердің шоғыры көзден бұл-бұл ұшты. Биыл ғана киіктер Индер ауданының аумағына келе бастады. Мамандардың сөздеріне сенсек, қазір аудан көлемінде мыңнан астам киік тіршілік етеді.
– Елімізде киіктердің шоғыры Бетпақдалада, Үстірт, Орал аймақтарында шоғырланған. Былтырғы санақ бойынша елімізде 152 мың киік есепке алынса, соның жартысынан көбі осы батыс өңірінде. Мемлекеттің қамқорлығы нәтижесінде киіктердің басы көбейе бастағасын жаңа қоныстарға шығуда. Осыған сай негізгі шоғыры болған Батыс Қазақстан облысы көлемінен Индер ауданы аумағына киіктер қоныс аудара бас-
тады. Оларды қорғауға баса назар аударылып отыр, – дейді «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бөлім басшысы Нұрбек Бекманов.
Аталған мекеменің ғылыми қызметкері Бақтияр Тәшенов те дала тағысын қорғауға мекеменің мүмкіндігі күшейтілгенін айтады. Мысалы, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басқа мамандарды есептемегенде 250 инспектор жұмыс істейді, жол талғамайтын қазіргі заманғы көліктер алынған. Ұшақ пен тікұшақтар да бақылауға пайдаланылады. Киіктің картасы жасақталып, жүріп өткен жерлерінің бәрі қадағаланып отыр.
Тағы бір жайт – еліміздің батыс өлкесінде қара қасқырлар кездесе бастаған. «Бұл кезінде Кавказ жағындағы соғыс қимылдарының зардабынан бізге қарай қоныс аударғандары болуы керек. Олар көбі кері кеткенмен жергілікті қасқырлармен шағылысып қалғандары да бар», дейді Б.Тәшенов.
Саламат БАЗАРБАЕВ
Атырау облысы