Қазақстан • 14 Наурыз, 2018

Қазақстан-Өзбекстан: Алдағы бес жылдықта қандай экономикалық келісімдер жүзеге асады?

867 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты арттыра түсетін бірқатар  екіжақты келісімдерге қол қойылды. Бұл екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысында жүзеге асты. 

Қазақстан-Өзбекстан: Алдағы бес жылдықта қандай экономикалық келісімдер жүзеге асады?

Шараға комиссияның тең төрағалары – Қазақстан  Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Ачилбай Раматов қатысты.

Отырыс барысында өткен жылдың екіжақты өзара іс-қимыл үшін табысты болғаны және оған Қазақстан мен Өзбекстанның Мемлекет басшыларының ықпалы зор екені айтылды. Себебі екі ел Президенттері Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтеріне сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабылдау туралы тапсырмалар берген еді. Бұл ретте тараптар өзара сауданың жоғары қарқынын атап өтті. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 2 млрд долларды құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 31,2 пайызға жоғары көрсеткіш. Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт көлемі 2017 жылы 35 пайызға өсіп, 1,3 млрд долларға жеткен, ал Өзбекстаннан Қазақстанға импорт 25,1 пайызға өсіп, 735,2 млрд долларды құраған.

«Біз өзара сауданың тұрақты оң динамикасын қолдаймыз. Тауар айналымының көлемін әрі қарай ұлғайту және номенклатураны кеңейту өзара сауда көлемін арттыруға жол ашады. Бұған қоса, бізге 2017 жылы қол қойылған сауда-саттық жөніндегі келісімшарттар мен келісімдерді уақытылы іске асыру қажет», деді А. Раматов.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың даму қарқынын ескере отырып, тауар айналымының 2018 жылы 3 млрд  долларға дейін өсуі және 2020 жылға қарай 5 млрд долларға дейін жеткізу мақсатында келісілген шараларды қабылдауға келісті.

Екіжақты ынтымақтастықта іскер топтардың және инвестициялардың өзара әрекеттесуі маңызды рөлге ие. Өткен жылы екі ірі бизнес-форум өткізілді, 1 млрд доллардан асатын сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Азық-түлік өнімдерін жеткізу, мұнай химиясы және химия салаларында бірлескен кәсіпорындар (төрт сауда үйі) жұмыс істейді. Фармацевтика өнеркәсібінің сауда үйі бойынша құрылтай құжаттары бекітілді.

«Өзавтосаноат» АК және «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы Келісім аясында экспорттық өнімдерді сыртқы нарықтарға, соның ішінде EAЭО нарығына шығару бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Үлгі ауқымы дамып, өндірістің локализациясы тереңдей түсуде. «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС-не «Өзавтосаноат» АК капиталын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Айтқандай, аймақтық байланыстар да белсенді дамып келеді. Өзбек тарапы Өңіраралық ынтымақтастық форумын тұрақты негізде өткізу туралы Қазақстан бастамасын қолдады. Сондай-ақ Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізуге ерекше көңіл бөлінді. Экономика, туризм, мәдени-гуманитарлық салаларда 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

«Біздің Мемлекеттер басшыларының 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын және 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу туралы шешімі – екі ел арасындағы сенім мен серіктестік қарым-қатынастарының теңдессіз жоғары деңгейінің айқын дәлелі», деп атап өтті А.Мамин.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысы барысында Комиссияның 16-отырысы Хаттамасының шешімдерін жүзеге асыру барысы, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралас аудандарында Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын, көліктік-логистикалық орталықты (Құрғақ порт) құру мүмкіндіктерін қарастыруға келісті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен тасымалдаудың өзара көлемінің 20,5 млн тоннаны құрап, 8 пайызға өсуі байқалған. 2018 жылдың екі айында тасымалдау көлемі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 пайызға артқан.

Сонымен қатар екі тарап осы жылдың сәуір айынан бастап «Самарқан–Астана» бағыты бойынша тұрақты теміржол жолаушылар пойыздарының жұмыс жасайтыны туралы уағдаласты. Оған қоса су саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. ҚР және ӨР уәкілетті органдарына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі Жол картасының шараларын орындау бойынша жұмыстарды жалғастыру тапсырылды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын пайдаланудың құқықтық тетігін әзірлеу қажеттігі атап өтілді, ол аймақтың барлық мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, сындарлы диалог қалыптастыруға ықпал етеді.

Отырыс барысында тараптар газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын растады. Қазақстанның оңтүстігіне Өзбекстан аумағы арқылы қазақстандық газды транзиттік тасымалдауға техникалық мүмкіндік жасау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді. 2018 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мақсатында тиісті Келісімге қол қою көзделген. Тараптар, сондай-ақ своп-операциялары аясында өзбек газын жеткізу жөніндегі өз міндеттемелерін орындауға ниет білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу бойынша Хаттама мен Іс-шаралар жоспарына, сондай-ақ бірқатар сауда-экономикалық келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Асқар Мәмин мен Өзбекстан тарапынан Ачилбай Раматов екі елдің арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссиясының 17-отырысының Хаттамасына қол қойды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрі Бахтиёр Сайфуллаев Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізу бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Бұған қоса «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Бауыржан Орынбасаров пен «Өзбекстан Темір жолдары» АҚР басқарма төрағасының орынбасары Акбар Шукуров Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісім аясында 2023 жылға дейін 50 мың тонна рельс өнімдерінің экспорты көзделген. Ақтөбе рельс зауыты мен «Өзбекстан темір жолдары» арасында 10 тонна өнімдік келісімшартқа қол қойылды. «Аллюр компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврьентев пен «Узавтосанаот» АҚ төрағасы Умуджан Салимов компаниялар арасындағы өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Сонымен қатар, Үкіметаралық комиссия шеңберінде «BI Construction Company» және «Узстроайматериалы» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»