Қазақстан • 15 Наурыз, 2018

Елхан Шахиноғлы: Үндеу - ел дамуының жаңа бағыты

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға ар­наған «Президенттің бес әлеу­мет­тік бастамасы» атты Үндеуі ел да­муы­­ның жаңа бағыты.

Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі Президенттің бастамаларын жүзеге асыру бойынша жол картасын жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсет­кендей, Қазақстан өз мүмкін­діктерін тиімді пайдалануы тиіс. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясы бауырлас елдің дамуына тың серпін береді.

Президенттің әлеуметтік баста­малары әбден зерделеніп, зерт­теліп барып жарияланғаны анық байқалады. Бұл мәселе бойынша бі­лікті мамандар тыңғылықты жұмыс іст­егені көрініп тұр. Өйткені атап көрсетілген бес басымдық бойынша негізгі мақсаттар мен олардың орындалу мерзімі, аталған міндеттердің қаржылық ауқымы нақты көрсетілген. Мәселен «7 – 20 – 25» бағдарламасын қарастыратын болсақ, мұнда қазақстандықтардың ипотекалық несиені 7 пайыздық мөлшерде 25 жылға ала алатыны, алғашқы жарна 20 пайызды құрайтыны нақтыланған. Бұл ипотекалық несиенің ай сайынғы төлемін едәуір төмендетеді.

Үшінші әлеуметтік бастама бойынша «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын артты­рып, студент жастардың жатақ­ханадағы жағдайын жақсарту» ісіне де қатысты нақты міндеттер күн тәртібіне шығарылып отыр. Қазақстан Президенті білім сапасын және оған қолжетімділікті арттыру мақсатында жыл сайынғы 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 жылғы оқу жылына 20 мың грант бөлуді тапсырды. Бұл – әлеуметтік маңызы зор ауқымды жоба.

«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» жөніндегі бастама да әлеуметке көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда газ жеткізу көлемі 8 миллиардтан 52 миллиард текше метрге дейін өсті. Бірақ бұл жеткіліксіз екені анық. Елдің орталық және солтүстік аймақ­та­ры әлі күнге газсыз отыр. Осы орай­да Президент елді газданды­ру жөніндегі жаңа бастамасын күн тәртібіне шығарды. Бұл бас­тама бойынша 2,5 млн адам газбен қамтылатын болады. Бұл өз кезегін­де шағын және орта бизнес­тің дамуына әрі экологиялық жағдайға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Енді Президент Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіне шығарған міндеттерді жүзеге асыру үшін ел Үкіметі тыңғылықты жұмыс істеуі тиіс. Мен Мемлекет басшы­сы алға қойған міндеттерді қазақ­стан­дықтардың қарқынды түрде еңсеретініне сенемін.

 

Елхан ШАХИНОҒЛЫ,

саясаттанушы (Әзербайжан)