Футбол • 15 Наурыз, 2018

«Барселона» 11 жыл қатарынан Чемпиондар лигасының ширек финалына шықты (видео)

40 реткөрсетілді

Чемпиондар лигасының 1/8 финалында Испанияның «Барселона» командасы Ұлыбританияның «Челсиін» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Кездесудің алғашқы сәтінен-ақ алаң иелері бірден шабуылға көшті. Соның нәтижесінде Лионель Месси небәрі 3-минутта Тибо Куртуа қақпасынан саңылау тауып үлгерді. Осыдан кейін лондондықтар алға қарай «лап» қойды. Виллиан мен Азар бастаған шабуыл үсті-үстіне үдей берді. Айып алаңына қарай әуелеген әрбір доп қауіп тудырып жатты.

20-минутта алаңның орталық тұсында Месси өзінің бұрынғы қарсыласы Франсеск Фабрегастан допты тартып алып, қақпа маңына қарай ұмтылды. Екі-үш қарсыласының қыспағында қалғандықтан допты оң қапталдан келе қалған Осман Дембелеге жіберді. Франциялық жартылай қорғаушы жойқын соққысымен қақпаны тура көздеп, басымдықты арттыра түсті. Осылайша ол «Барселонадағы» алғашқы голын салды.

Лондондықтар осыдан кейін де қарқынын бәсеңдетпеді. Шабуылдарының дені қапталдағы Маркос Алонсо, Виктор Мозес, Виллиан секілді жылдам ойыншылары арқылы өрбіп жатты. Алғашқы тайм аяқталар тұста айып добын орындаған Маркос Алонсо тоғыздықты көздегенмен, доп тағы да бағанаға тиіп кетті.

Кездесудің екінші бөлігі дәл осы сценариймен жалғасты. «Челси» қауіпті шабуылдарды жиі ұйымдастырғанмен, каталониялық ойыншылар өз мүмкіндіктерін күтумен болды. Сондай сәттердің бірінде Лионель Месси екінші голын соғып үлгерді. 63-минутта Луис Суарестің пасынан кейін айып алаңына енген ол үш қарсыласының арасынан Куртуаның екі аяғының арасын дәл көздеп, соңғы допты салды. Бұл аргентиналық шабуылшының Чемпиондар лигасындағы 100-голы болды.

Үшінші доп Антонио Конте шәкірттерінің үмітін сөндіргендей болды. Себебі, осы голдан кейін «Челсидің» өткір шабуыл ұйымдастыруы саябырсып қалды. Ойын соңына дейін осы есеп сақталып, келесі кезеңге «Барселона» жолдама алды. Осылайша каталон командасы 11 жыл қатарынан Чемпиондар лигасының 1/4 финалына шығып, жаңа рекорд орнатты.

Айта кетерлік тағы бір жайт, «Челси» бейне бір 2012 жылғы «Барселонаның» күйін құшқандай әсер қалдырды. Гол соғар сәттері көп болғанмен сәттілік серік болмады. Ал «көк-анарлар» сауатты қорғанып, мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білді.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар