С.Жақыпова мүгедектер құқықтары мәселесі бойынша БҰҰ арнайы баяндамашысы Каталина Девандас-Агилярдың интерактивті диалогы шеңберінде сөз сөйледі. Диалог барысында сарапшының 2017 жылғы қыркүйектегі Қазақстанға сапары нәтижесі бойынша дайындаған баяндамасы ұсынылды. Бұл құжат еңбек және әлеуметтік қамту, инклюзивті білімді енгізу, сайлау құқықтарын жүзеге асыру, құқықтық көмектің қолжетімділігі, сонымен қатар еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүмкіндіктері мен құқықтарын әрі қарай ұлғайту бойынша сарапшы ұсыныстарын және Қазақстандағы басты әлеуметтік салалардағы мүгедек тұлғалардың жағдайын кешенді және жан-жақты талдауды қамтиды.
Арнайы баяндамашы Қазақстан Үкіметіне шақырғаны және өзінің мандатымен тығыз ынтымақтастық орнатқаны үшін алғыс білдірді. 2015 жылы ратификацияланған Мүгедектер құқықтары жөніндегі БҰҰ Конвенциясы шеңбергіндегі міндеттерді орындаудағы мемлекеттің нәтижелі жұмысы ескерілді. Өз кезегінде, министрдің орынбасары сарапшы баяндамасына орай жасалған Қазақстан Үкіметінің түсініктемелерін ұсынып, мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттің әрі қарайғы қадамдары туралы жеткізді.
Сол күні Женевадағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі Каталина Девандас-Агилярмен бірлесіп, Адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер мен байқаушы делегациялар, сонымен қатар халықаралық үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдар үшін Конвенцияны имплементациялау бойынша Қазақстанның тәжірибесіне арналған іс-шара өткізді.
Іс-шараның спикерлері ретінде Мүгедектер құқықтары жөніндегі БҰҰ Комитетінің төрағасы Терезия Дегенер, Халықаралық мүгедектер альянсының адам құқықтары бойынша аға кеңесшісі Силвия Кван және «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестік басшысы, Қазақстан Үкіметі жанындағы мүгедектік істері бойынша үйлестіру кеңесінің мүшесі Ләззат Қалтаева сөз сөйледі.
Іс-шараның басты мақсаты Қазақстан Үкіметі жанындағы мүгедектер істері бойынша сәтті жұмыс істеп жатқан үйлестіру кеңесінің тәжірибесі негізінде БҰҰ Конвенциясының шеңберінде міндеттерді орындау бойынша Қазақстанның сәтті тәжірибесі мен Конвенцияның 33-1-бабында қарастырылған үйлестіру механизмін құру мен оның қызметіне қатысты практикалық нұсқама жөнінде хабарлау болды.
Өз кезегінде, Женева қаласындағы БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі, елші Жанар Айтжанова қатысушыларға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа бес әлеуметтік бастамалары туралы хабарлап, оларды жүзеге асыру барысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарына ерекше назар аударылатындығы жөнінде атап өтті.
«Егемен-ақпарат»