Нақты айтқанда, алматылықтар «DOC Co.LTD» ЖШС жергілікті өндірісінің картридждерін, «Almapack Co.LTD» ЖШС қоспаларға арналған қағаз қаптарды, «BRB APK» жылыжай кешенінің балғын көкөністерін сатып алуға көшті.
Кәсіпорындар іске қосылған сәттен бастап 3,2 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Қала бюджетіне 107 миллион теңге қаржы құйып, 252 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етті. Қазір іске қосылған осы 3 нысан мен 2018 жылдың соңына дейін 12 жобаны қосымша енгізу нәтижесінде салық мөлшері 1 миллиард теңгеден асады деп күтілуде.
– Индустриялық аймақты дамыту қалалық әкімдіктің басты назарында тұр. Өнеркәсіптік аймақты дамытудағы ауқымды жұмыстар нәтиже бере бастады. Мысалы, ағымдағы жылы инфрақұрылымдардың құрылысын 62 пайызға, ал 2019 жылы толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сол уақытқа қарай жұмысы аяқталған жобаларды қаперге ала отырып, тағы 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, – деді өнеркәсіп кәсіпорындары қызметінің мониторинг бөлімінің басшысы Рүстем Ворошилов.
Бизнесті тиімді жүргізу үшін жасалған жағдайлар мен инфрақұрылымның іс жүзінде толық дайындығы шетелдік және қазақстандық инвесторлардың Алматы индустриялық аймағына деген үлкен қызығушылығын тудырады. Өткен жылы өтініштердің саны 2016 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Инвесторларды Кәсіпкерлікті қолдау картасының көмегімен рұқсат қағаздарын ресімдеу мен жылдамдату бойынша әкімшілік кедергілердің төмендетілгені қызықтырады. Бұдан басқа барлық осындай кәсіпорындар Алматы индустриялық аймағының бір кластерлік секторында орналасқан. Сондай-ақ қала әкімі Бауыржан Байбектің тапсырмасы бойынша «Индустриялық аймақ» ЖШС жұмыс тобы және басқарушы компаниясы құрылды. Оның міндеті жобаны іске асыруды жеделдетуде инвесторларды қолдау және оларға барынша көмек көрсету бойынша әрбір инвестормен нақты жұмыс жүргізу болып табылады.
Бүгінде Алматы индустриялық аймағының аумағында 70 гектар бос жер телімі бар. Ал 200 гектардан астам жер телімі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін кәсіпкерлік субъектілеріне бөлініп берілді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ