Қалың қарды күреп қойып, жасанды алаңдағы ойындарды бастаған Павлодар қаласында біріншіліктің алғашқы голы да соғылды. Ойынның небәрі 5-минутында Павел Шабалин есеп ашып, «Ертісті» алға шығарды. Күннің суықтығына қарамастан «Ертіс» – «Атырау» ойынына біршама жанкүйер келді. Тіпті олардың бірі матч барысында алаңға жүгіріп шықты. Жанкүйерлердің футболды сағынғандығының бір белгісі болар, жалпы 6 ойынға 30 мың жанкүйер келіпті. Айтпақшы, әлгі алаңға жүгіріп шыққан нәзік жанды көрерменіміз 5 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі. Ал ең бастысы испаниялық бапкері бар павлодарлық «Ертіс» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Есеп 2:1 болғанымен, үш голды да «Ертіс» ойыншылары соқты. Дору Поподюк есепті еселегеннен кейін, Александр Кислицин өз қақпасына доп соғып алды.
Күн райының ыңғайлылығына байланысты шырайлы Шымкент жері әдеттегідей алғашқы бірнеше турды өз алаңында өткізеді. Өзге қалаларда күн жылығанын күтіп жүріп, көп ұпай жинап алатын әдеті емес пе? «Ордабасы» бұл жолы да ғайыптан таймай, Қарағандыдан келген «Шахтерді» 2:1 есебімен жеңді. Маусымаралық үзілісте Пермь қаласының «Амкар» командасына ауысып кете жаздаған Еркебұлан Тұңғышбаев есеп ашты. Ал одан кейін Қазақстанға қайта оралған черногориялық Дамир Кояшевич таразы басын теңестірді. Жеңіске деген жігер көрсеткен Георгий Дерменджиевтің шәкірттері есепті 2:1 қылып, жеңісті жұлып әкетті. Гол авторы Иван Нагаев.
Алматыдағы «Орталық» стадионда сенсация тіркеле жаздады. Премьер-лигаға қайта оралған «Қызылжар» гол соғып, алматылықтарды тығырыққа тіреді. Алайда, алаңға алмасып кірген Исаэль мен Аршавин ойын аяқталуға 10 минут қалғанда 2 гол соғып «Қайратқа» 3 ұпай әперді. «Қызылжар» кем дегенде тең нәтижеге қол созуға лайықты еді. Жалпы алғанда премьер-лигамыздың алғашқы турында тең нәтиже мүлде тіркелген жоқ.
Жер жәннаты Жетісуда талдықорғандық жанкүйерлер өз командасының әлсіз екеніне көз жеткізді. Жаңбырлы күні алыстан жайбарақат соққы жасаған Бауыржан Тұрысбек «Тобыл» үшін маңызды 3 ұпай әкелді. Бұл жерде қақпашы Джурахон Бабахановтың өрескел қателігі орын алды. Шамасы Дмитрий Огай мен Руслан Балтиев тандемі талдықорғандық клубта көп қызмет ете қоймайды-ау деген тұжырымға келдік. Қыруар қаржы бөлініп, премьер-лигаға қайта оралып тұрғанда облыстың абыройын шашу ешкімге де керек емес.
Станимир Стойлов кеткелі бері тізгінді қолына алған Григорий Бабаян жарап тұр. Ол бапкер болғалы бері «Астана» екі ойын өткізді. Екеуінде 3:0 есебімен жеңді. Алдымен Суперкубокта «Қайратты», енді міне біріншіліктің бірінші турында «Ақжайықты». Бұл матчта көзге түскен сол баяғы Марин Томасов. Хорватиялық легионер алдымен айып добынан есеп ашса, кейіннен бұрыштама көтеріп, оның пасынан Сергей Малый есепті еселей түсті. Ал ойынның нүктесін жарақатынан айығып шыққан Серікжан Мұжықов қойды.
Қызықтың көкесі Қызылордада болды. Жергілікті «Қайсар» жастары 21-ге толмаған жас футболшылардан жеңіліп қалды. «Ақтөбе» командасының басынан өтіп жатқан қиындық барлығына белгілі. Клуб қарызға белшесінен батып, жаңадан алған футболшыларын тіркей алмай, алаңға шығармады. Себебі өткен жылдары өзге легионерлердің жалақысын бермеген. Сондықтан осы ойынға Самат Смақов басқаратын клуб қосалқы құрамымен келді. Келді де 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Ақтөбелік» шабуылшы Абат Әйімбетовті шалып құлатқаны үшін төреші қызылордалықтардың қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Асланбек Кәкімов еш ойланбастан жеңісті голды соқты. Айтпақшы, осы ойында «Ақтөбе» сапында 10 қазақ футболшысы алаңға шыққанын айта кетейік.
Сөз соңында сандарды сөйлетсек. 6 ойында небәрі 3-ақ есеп тіркелді. Яғни, 3 матч 2:1, 2 ойын 0:1, бір матч 3:0 болып аяқталды. Ал барлығы 14 гол соғылып, оның тең жартысын, яғни 7-уін легионерлер салды. Бұл өткен жылғы бірінші турмен салыстырғанда анағұрлым көп. 14 доптың 6-уы бірінші таймда соғылса, қалған 8-і екінші таймның еншісінде. Енді келесі тур ойындары 17 наурыз күні өтеді.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»