Аймақтар • 15 Наурыз, 2018

Ауылдың алыбы (сурет сыры)

1043 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таланттар көбінесе ауылда туады. Өз тақырыбының ортасында өмір сүріп жатқан ғажайып суретшілер де бар. Темірден түйін түйген небір ұсталар мен зергерлер де елімен етене өмір сүріп жатыр. Әуелеген дауысы ту­ған жерінен аспаған ғажап күміс кө­мей әншілер табылады. Тағдыр деген осы. Бақ деген кімді іздеп табады. Даңқ пен атақ та жазмыш бойынша адамын іздеп табады екен-ау.

Ауылдың алыбы (сурет сыры)

Қарап отырсақ, кішкентай ғана ауыл­дардың өз тіршілігі мен танымал да сыйлы жандары, өз «Қожанасырлары» бар. Өздерінше дәурен кешіп, дәуірден өте­ді.

Қызылордалық байырғы фототілші Болат Омарәлиевтің шығармашылық қоржыны дәл осындай танылмай өткен біртуар жандардың тағдырына толы.

– 2000 жылдары газет тапсырмасымен Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы Сәкен Сейфуллин атын­да­ғы шаруа­шы­лықта жүргенмін. Күріш ора­ғының күйіп тұрған уағы. Біз фото­репортаж жасамақ болып, кү­ріш жинайтын қойманың алдына барсақ, біраз адам ырду-дырду болып, шуласып жатыр жатыр екен.

Жақындап барсам, мына су­рет­тегі Көпбол деген жігіттің мой­нына құр­дас­тары әрқайсысы 50 килолық үш қапты ар­тып қойыпты. Біз енді ғана төр­тін­ші қапты арқасына салайын деп тұрған жеріне тап келіппіз.

– Ал салыңдар, салыңдар!, – деп дәу қара да қызуланып қоймайды. Жүзі күлім қағады. Мойнындағы үш бірдей қапты шыбын қонғандай елеп тұрған түрі жоқ. Қаумалап тұрғандардан сұрасақ, Көпбол деген ауылдың ауырды мыңқ демей арқалап жүре беретін азаматы екенін білгендей болдық.

Сол кезде Көпболдың әйелі келіп қалды да:

– Ойбай, тоқта, таста ана қап­тар­ды! Белін сындырасыңдар! Бұған бәрібір, тағы он қап сал­саңдар да мәз боп тұра береді. Ден­саулық сендерге емес, оған керек қой, – деп шынын­да да шыж-быж болды. Жинал­ған­дард­ың біреуі кү­ліп, біреуі тағы қан­ша қап көтереді дегендей, әтте­ген-айларын айтып, шу­ла­сып жатыр.

Мойнындағы қаптарынан боса­ған сәтінде, Көпболдан сұрай­мыз ғой:

– Бауырым, штанга, күреске  бардың ба? Басқа да спорт түрлеріне қа­тыстың ба?

– Ойбай жоқ! Ненің спорты?! Ме­нің спортым күріш қойма­сы­ның 50 килолық қаптары ғой. Қай­бір жылы киноға түсуге ша­қы­рған, бірақ барған жоқпын.

– Неге бармадыңыз? – дейміз біз де қоймай.

– Орысша білмеймін,  – деп риязсыз ыржиып күлді.

Сол Көпболды бір-екі жыл бұрын қай­тыс болды деп естідім. Неден қайтыс бол­ғанынан хабарым болмады, дейді су­реттің авторы.

Бұл да бір өмір!

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген Болат ОМАРӘЛИЕВ