Алдымен Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Ерлан Қошановпен бірге аталған Металлургия комбинатына барды.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өзінің осы қызметке келгелі облыстарға жасаған сапары дәл Қарағандыдан басталғанына назар аударып, оның өз мәні бар екенін айтты.
– Қарағанды ел экономикасында алар орны ерекше ірі өндірістік өңірлердің бірі. Бұл жақта ел экономикасына қомақты қаржы құйып отырған ірі инвесторлар жұмыс істейді. Ал Қазақстан Магниткасы саналатын Теміртауда Елбасымыздың еңбек жолы басталғаны баршаға мәлім. Сондықтан бұл сапардың маңызы жоғары деп есептеймін, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар М.Әшімбаев облыстағы тағы бір жетекші өндіріс орны«Maker» Қарағанды құю-машина жасау зауытында болды.
Аталған кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» маңызына ерекше тоқталды.
– Бұл бастамалардың маңызы халық үшін өте жоғары. Оны жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясы белсене қатысатын болады. Бұл жұмыстарға барлық нұротандықтар және осындай ірі кәсіпорындардағы бастауыш партия ұйымдары да белсенді қатысуы тиіс, – деді М.Әшімбаев.
Өңірде индустриялық-өнеркәсіптік кешендерді қарқынды дамытумен қатар, оларға білікті маман даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлінуде. Елбасының дуалды білім беру бастамасын жемісті жүзеге асырып отырған сондай оқу орындарының бірі – Теміртау жоғары политехникалық колледжі.
Оқу орнына арнайы келген М.Әшімбаев колледждің профессор-оқытушылар құрамымен және «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студент жастармен кездесті. Бүгінде мұнда аталған бағдарламамен еліміздің Оңтүстік өңірлерінен келген көптеген жас білім алуда. Олар оқу бітіргеннен кейін жергілікті өнеркәсіп орындарына жұмысқа тұруды көздеп отыр. Ал бүгінде Қарағанды облысында білікті мамандарға, соның ішінде теxникалық мамандықтарға деген сұраныс ерекше жоғары. Осы мәселеге назар аударған партия Төрағасының бірінші орынбасары оңтүстіктен келген жастардың орталық өңірде қалуының игі әсері мол екенін айтты.
Колледж студенттері Елбасы бастамаларының арқасында көптеген өзекті мәселелердің шешім тапқанына ерекше қуаныштарын білдірді.
Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да еліміздегі ең маңызды бастамалардың бірі екені сөзсіз. Осы бағытта облыста айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бір ғана денсаулық сақтау ісіне ақпараттық технологияны енгізу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Мұның жарқын мысалы ретінде Қарағанды қалалық №3 емханадағы игі істерді айтуға болады.
М.Әшімбаев емхана ұжымымен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында медицина қызметкерлеріне де ерекше қолдау көрсетілгенін айтты. Яғни баспана алу мәселесінің жаңа мүмкіндіктері мен салық жүктемесінің төмендеуі осындай әлеуметтік сала мамандарына тікелей қатысты екені белгілі.
Президенттің тағы бір маңызды бастамасы – шағын несие беруді көбейту. Бұл жаппай кәсіпкерліктің дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізетін игі бастама. Осыған орай М.Әшімбаев Қарағанды қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, оның қызметкерлерімен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері туралы сөз болды. М.Әшімбаев бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жоба жайында да айтып өтті.
Облысқа сапары аясында партия Төрағасының бірінші орынбасары бірқатар құрылыс нысандарын да аралады.
Сондай-ақ партия Төрағасының бірінші орынбасары Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында болып, Елбасымен бірге жұмыс істеген әріптестерімен, қанаттас серіктерімен және курстастарымен кездесті.
Сапар соңында М.Әшімбаев партияның Қарағанды облыстық активімен кездесіп, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» халыққа түсіндіру және оны жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы