Фото: voxpopuli.kz
Тәуелсіз Қазақстанда техникалық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық және ақпараттық жаңғырулармен қатар ел руханиятының маңызды және өзекті мәселелеріне барынша көңіл бөлінуде. Өзінің рухани әлемінің терең қатпарларын, құрылымы мен сипатын түгендемеген халық та, қоғам да ұлттық «Менінен» айырылады, бірте-бірте төлтумалық келбеті жоқ маргиналданған қауымдастыққа айналады және болашаққа сеніммен қарай алмайды. Ал елдің рухани дүниесі әр уақытта өткен тарих суатынан сусындап, қазіргі әлемдік және отандық ауқымдағы әлеуметтік қатынастармен астаса, ықпалдаса қалыптасады.
«Бір жылдың ішінде қандай маңызды нәрселер жасады және алдымызда алынатын қандай асулар күтіп тұр?» деген маңызды сұрақтар алаңдатады. Алдымен, рухани жаңғырудың көптеген қырлары әрбір қазақстандықтың дүниетанымы мен құндылықтар әлеміне ауадай қажет екендігі сенімді және жоғары деңгейде дәйектелгенін айта кетуімізге болады. Осы істі алға бастыруда зиялы қауымның, әртүрлі кәсіби салалардың білікті мамандарының белсенділігі шешуші рөл атқарып отырғаны белгілі. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында, көптеген еңбек ұжымдарында рухани жаңғыру тұжырымдамасының маңызы мен мәнінің талқылануы көпшіліктің бұл феноменді жете түсінуіне, соған сәйкес өзінің саласында, өңірінде шешімді қадамдар жасауына негіз болды. Жалпы, халықтың санасындағы ілгерішіл бағдарлардың қалыптасуы мен дамуы кешенді үдерістерге серпін беретін құбылыс екеніне көзіміз жетті.
Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» идеясы қазіргі тарихи кезеңде кездейсоқ пайда болған жоқ. Оның алдында халқымыздың руханиятының жүйелі дамуы үшін маңызды рөл атқарған «Мәдени мұра» (2004-2009 жж.), «Халық – тарих толқынында» (2013-2016 жж.) атты кешенді мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Ал енді жаңа тарихи кезең қазақстандық қоғамның алдына одан да еңселі міндеттерді жүктеп отыр. Сондықтан Елбасы мықты Біртұтас Ұлт болудың жолдарын іздей бастады. Қоғам алдына өркениетті елдермен «тереземізді теңеп, иық түйістіру» мақсаты қойылуда. Осындай үлкен де ұлы мақсаттарсыз әлеуметте, қоғамның дамуында жүйелі және мардымды игілікті істер атқарылмасы анық.
Орасан табиғи байлығы бар, сауатты тұрғындары бар, керемет тарихи өткені бар, сан түрлі халықтар өкілдерінің ынтымақтаса өмір сүру тәжірибесі бар егемен еліміз үшін рухани дүниені жаңғыртудың кілтін табу мәселесі аса маңызды еді. Осы орайда Президентіміз «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп атап көрсетеді.
Демек, Елбасының осы философиялық пайымдауларында өткен мен қазіргі кезеңнің және болашақтың өзара диалектикалық байланысы нақты бағамдалып отыр. Осындай заманауи жасампаз тарих – қоғамдағы үдерістердің үздіксіздігін, рухани сабақтастығын және жаңашылдыққа деген ашықтықты қолдайды әмбе бүкіл жұмыстың арқау-өзегіне айналдырады. Сонысымен ол үнемі тарихи маңызды және ұрпақтардың санасына сіңімді болып келеді. Болашаққа нық қадам жасаудың талпыныстарының астарында тарихи қисыннан туындаған өмір мен тарих философиясы жатыр.
Біз қазіргі таңда әртүрлі сипаттағы дінімізге, тілімізге, ділімізге қарамай рухани бірлігіміз жарасқан Біртұтас Ұлт болуымыз – қажеттілік. Оған балама болатын басқа даму бағыты жоқ. Ол үшін бәсекеге қабілетті болуымыз, прагматизмді басшылыққа алуымыз, ұлттық бірегейлігімізді қадірлеуіміз, білімнің салтанатын құра түсуіміз, эволюциялық жолмен дамуымыз, сананың ашықтығына жетуіміз шарт екендігі дәлелді де дәйекті айтылғаны белгілі. Осы біртұтастық қағидасы, бірлікке шақыру идеясы елімізді бүтіндей қамтитын барлық саладағы рухани жаңғыруымызға мықты іргетас болады.
Бағдарламалық мақалада айтылған үлкен міндеттердің бірі – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі мәселесі. Көрші жатқан түркі тілдес кейбір мемлекеттер латын графикасына тәуелсіздік жылдары жылдам көшіп алғанын жақсы білеміз. Соңғы бір жылдың ішінде елімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің біршама қадамдары жасалынды. Қазақ тілінің жаңа латындық әліпбиін жасаудың өзі біршама кезеңдерге бөлініп, оның соңғы нұсқасына да тоқтап үлгердік. Әрине, бұл бағыттағы әрі қарайғы жұмыстар да аз емес. Тіл білімі саласының мамандарына, лингвисттерге үлкен жұмыс ауқымы айқындалғаны белгілі. Дегенмен бұл істі абыроймен атқару барлығымыздың ортақ парызымыз және латынша графикаға көшу қоғамымызды түгелдей қамтиды. Өйткені мемлекеттік тілді барша жұртшылық білу керек және әсіресе елдің жастары оны жаңа графикада жаза білу керек.
Латын графикасына көшу үдерісін ғылыми зерттеулер арқылы қамтамасыз етіп отыру маңызды. Міне, осыған орай айта кететін жайт: 2017 жылдың тамыз-желтоқсан айларында БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты (Институт директоры – профессор Ақан Құсайынұлы Бижановтың ғылыми жетекшілігімен) «Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуінің саяси-әлеуметтік аспектілері» атты кешенді әлеуметтанулық зерттеулерін жүргізді. Бұл зерттеуде қоғамдық пікірді мониторингтеу мен ғылыми талдаудың кең ауқымды социологиялық тәсілдері жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, Қазақстанның 14 облысындағы, Алматы және Астана қалаларындағы тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Зерттеулер 4000 респондентті қамтыды. Республиканың алты аймағында сапалы социологиялық фокус-топ және тереңдетілген сұхбат әдістері арқылы жүзеге асты. Тереңдетілген сұхбат тіл саясаты мәселесін жетік білетін тіл білімі саласының сарапшы-мамандарымен, филологтармен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлерімен жүргізілді. Қоғамда латын қарпіне көшу туралы әрқилы пікірлер болғанмен, жалпы әлеуметтің бұл қадамды құптайтыны анықталды. Өткен жылдың соңында осы өзекті мәселелерді ғылыми талқылау бойынша Институтымыз мамандарды шақыра отырып ғылыми-практикалық конференция мен дөңгелек үстел өткізді.
Сонымен қатар 2017 жылдың 12 сәуірінен 12 қазанына дейінгі кезеңдегі республикалық және шетелдік БАҚ-тағы «Қазақ әліпбиінің латынға көшуі» тақырыбындағы жарияланымдарға контент-талдау жасалды. 2017 жылдың 27 қазанынан 2017 жылдың 7 желтоқсанына дейінгі кезеңдегі әлеуметтік желілердегі латынға көшу тақырыбын талқылау материалдарына талдау жүргізілді. Үш түркі тілді мемлекет – Әзербайжан, Түркия және Өзбекстанның латын графикасына өту бойынша тәжірибесі сол елдерге барып мәліметтер жинау арқылы зерделенді. Зерттеу нәтижелері мемлекеттік басқарушы органдарға талдамалық жазбахат және мемлекеттік тілдегі, көлемі 124 беттік ұжымдық монографияның көлемді бөлімі түрінде ұсынылды.
Сөйтіп зерттеу барысында қомақты мәліметтер базасы қалыптасты. Бұл алынған нәтижелердің шынайылығын, жасалынған қорытындылар мен тұжырымдардың растығы мен ғылыми дәйектілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жобаның жауапты орындаушылары ғылыми-практикалық ұсыныстарды әзірлеу барысында әлеуметтанулық сауалнама респонденттерінің, сарапшылар мен фокус-топ қатысушыларының, шетел ғалымдары мен сарапшыларының латынға көшуді жеңілдету бойынша ұсынған тұжырымдарын ескерді.
Зерттеу бойынша негізгі ғылыми нәтижелер төмендегідей: 1. Қазақ тілін латынға көшіру бағдарламасын жүзеге асыру салдарларынан туындайтын тұрғындар қатынастарының әртүрлі нұсқаларының триггерлері анықталды. 2. Мемлекет жүргізіп жатқан тіл саясатының мәнін түсіндіру бойынша белсенді саяси-идеологиялық жұмысты атқару үшін мақсаттық әлеуметтік топтар (тілдік, этникалық, конфессиялық, кәсіби, жыныстық және т.б.) айқындалды. 3. Мемлекеттік тілді латын графикасына ауыстыру мәселесі бойынша тұрғындармен жұмыстың ең маңызды бағыттары анықталды және түсіндіру-насихаттау жұмысын жүргізудің әдістемесі нақтыланды. 4. Биліктің әлеуметтік-лингвистикалық саясаты бойынша қоғамдық пікірді қалыптастырушы барлық факторлар жиынтығын есепке ала отырып қазақ тілін латын графикасына көшірудің ең оңтайлы жоспар-жобасын әзірлеу мен жүзеге асыру бойынша ғылыми-практикалық ұсыныстар жасалынды.
Бір жыл ішінде қомақты жұмыстар жасалынып жатқан бағыттардың тағы бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыра бастау. Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілге аударылуға тиісті деп жоспарланып отырған 100 таңдаулы әлемдік деңгейдегі оқулықтың 17-сі толықтай тәржімеленіп үлгерілді. Мәселен, Дерек Джонстонның «Қысқа философия тарихы» оқулығы, Реми Хесстың «Философия бойынша 25 түйінді кітаптар» қазақ тілінде философия тарихы саласы бойынша дайындалды. Сондай-ақ әлеуметтану, саясаттану, экономика, құқық, тарих және т.б. гуманитарлық салалар бойынша озық үлгідегі еңбектер қазақ тіліне аударылып, жоғары оқу орындарына ұсынылуда. Әрине, бұл тәржімелік қызметте аудармашылардың тыңғылықты еңбегімен қатар пәнді игеретін кәсіби біліктілігі маңызды рөл атқарады. Осы оқулықтарды жоғары оқу орындарында пайдаланудың негізгі мақсаты – халықаралық деңгейдегі білім ошақтары туындыларының озық үлгілерінен тәлім алу, үйрену десек, түбінде бұл іс өзіміздің сапалы төл оқулықтарымызды қалыптастыру орайында жалғасын тапқаны абзал. «Өнерді үйрен де, жирен» деп халқымыз бекер айтпаған. Басқалардан үйрене отырып өзіміздің сара жолымызды тапқанымызға не жетсін.
Өзінің туған елін, туған жерін, атамекенін қадірлемеген адам айдалада желмен дөңгелеген қаңбақ іспетті, шынайы өмірдің мәнін түсінбейді. Гуманитарлық салада қолданылатын «Әрекеттік патриотизм» деген ұғым бар. Демек, туған жерге деген қатынас жай ғана құрғақ сөз емес, нағыз іңкәр сезімнен туындаған зерделі практикалық әрекет болуға тиіс. Әрбір саналы азамат өзінің туған жеріне арнап кемінде бірнеше игілікті іс атқарғаны орынды. Әрине, ол жасаған азды-көпті істерін бұлдап, халықтың көзінше мақтану үшін жасаса, онда оның ешқандай мәні мен мағынасы болмайды. Халқымызда «Қайырымды істер риясыздықты қажет етеді» деген қанатты сөздер де бар.
Мақалада «Туған жер» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген жобалардың қажеттігі орынды айтылған еді. Тарихшыларымыз бен мәдениеттанушыларымыз, аймақтанушыларымыз мен әлеуметтанушыларымыз еліміздің ұлан-ғайыр аумағындағы барлық қастерлі деген жерлеріміз бен тарихи ескерткіштерімізді түгелдей саралап, жүйелеп, келесі ұрпаққа, әлемдік қауымдастыққа ұсынудың әрекеттерін жасауда. Әрекеттік патриотизмнің көрінісі осындай нақты қадамдардан, ғылыми сараптаулардан бастау алады.
Жалпы, киелілік ұғымының терең жатқан түптамыры неде? «Халқымыз не себептен кейбір тарихи тұлғаларды, тарихи жерлерді барынша қадір тұтқан және ардақтаған?» деген сауал да туындайды. Мәселе бұл жерде адамның Ақиқат заңына деген қатынасында, Үйлесімділіктің сырын ұғынуға деген талпынысында болып отыр. Құбылысты киелілік деңгейіне дейін көтерген жұртшылық тарихи тұлғалардан руханилықтың үлгісін байқаған, әділдік пен адалдықтың кейпін түйсінген, олардан рухани қуат алатындай күй кешкен. Міне, сондықтан халық адамдарды рухтандыратын жерлерді «қастерлі жерлер» деп аталған. Қазақтың кең даласы киелі жерлерге бай екенін де есімізден әсте шығармауға тиістіміз. Халқымыз ежелден аңсаған егемендігіміздің түптің түбінде өзімізге қайтіп келуінің өзі бекер емес, ол туған жердің осы қасиеттілігінен тамыр тартады.
Мақалада аталған жобалардың бірі – «Қазақстандағы 100 жаңа есім». Елімізде өзінің еңбегімен, дарынымен, қарапайымдылығымен, өнерімен, білімімен қатарларынан озып шыққан, басқаларға үлгі болатын замандастарымыз көп екені анық. Олардың көпшілігін кейде қалың жұртшылық біле де бермейді. Олар туралы ақпарат аракідік қана баспасөз беттерінен, телехабарлардан көрініс беріп қалуы мүмкін. Шын мәнінде кез келген қоғамның ғимаратының қабырғасы болып отырған азаматтар осы «белсенділігі мол жасампаз жандар». Дүниежүзілік экономикалық кеңістікте гуманитарлық білімнің жіктемелеуі бойынша «ортаңғы тап» деген әлеуметтік топтың бар екені айтылады. Олар өзіне сенімді кәсіби мамандардан құралған «белсенділігі мол жасампаз жандар». Солардың шынайы әрекеті мен шығармашылық белсенділігі қоғамды алға сүйрейді. Қоғамымызды алға тартуға талпынған азаматтарымызды біліп жүретін, басқаларға үлгі тұтатын уақыт келген іспетті.
Рухани жаңғырудың дүниетанымдық маңызына тоқталатын болсақ, онда жауапкершілік мәселесін айналып өтуге болмайды. Қазіргі тәуелсіз еліміздегі әрбір азаматымыздың өзіне қойған жоғары талабы, кәсіби біліктілігі мен жаңашылдыққа бейімділігі әлеуметтік прогресс жолында болуымыздың қайнар көзі екені анық. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Бірліктің арқасында өркениетті қоғамды қалыптастыра беру барлығынан қымбат.
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,
ҰҒА академигі, философия
ғылымдарының докторы, профессор
Серік НҰРМҰРАТОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор