Аймақтар • 16 Наурыз, 2018

Әулиеата өңірі амал мерекесін атап өтті

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірі үшін Наурыз мерекесі биыл жылдағыдан ерекше басталды. Күн көзі шуақтанып, Жер-Ана қуаттанған шақта жамбылдықтар да Ұлыстың ұлы күнінің салтанатын өзгеше қарсы алды. Көктемнің жаймашуақ күнінде халық амал мерекесін атап өтті. 

Әулиеата өңірі амал мерекесін атап өтті

Бұл күні Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында сонау сақтар заманынан, Тұмар патшайым дәуірінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр насихатталды. Аталған игі шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырды.

Бұл орайда облыстық қазақ драма театрының әртістері Көрісу күнінің ұлт­тық дәстүрімізге енгенін бей­не­лейтін қойылым қойып, көп­ші­ліктің ықыласына ие болды. Осы кү­ні ерлер бір-бірімен төс қағы­с­ты­рып, ақсақалдар мен ақ жаулықты әже­лер ұрпақ тәрбиесі жөнінде өне­гелі әңгімелер өрбітті. Көпшілік бі­рін-бірі жаңа жас қосуымен құт­тықтап, мәре-сәре күй кешті. Мереке барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Жамбыл облы­сы­ның құрметті азаматы Еркін­бек Сол­тыбаев сөз алып, көп­шілікті ке­ліп жеткен көктем мере­ке­сі­мен құт­тықтады. Алда келе жат­қан Ұлыс­тың ұлы күні елімізге бей­бітшілік пен татулық әкелсін де­ген тілегін білдірді. Сондай-ақ ең­бек ар­дагері Нұрмахан Тілегенов Тараз қа­ласының тұрғындары мен қонақ­та­рына бата берді.

Айта кетейік, Наурыз мерекесі биыл әулиеаталықтар үшін жаңа мазмұнға ие болуда. Олай дейтініміз, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қаулысымен 14-22 наурыз аралығында өңірде Наурыз мерекесі тойланатын болады. Тоғыз күн бойы халық «Көрісу күні», «Мейірім күні», «Тағзым күні», «Алас күні», «Наурыз-шашу», «Ынтымақ күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні» және «Ұлыс күні» сияқты айту­лы күндерді атап өтіп, әр күннің өз ерекшелігіне сай салтанатты шара­лар ұйымдастырылады. Осынау ду­манды күні облыстық филармония өнер­паздарының өнері мен өңірдегі этно­мәдени бірлестіктердің кон­церт­тік бағдарламасы да көпшілікке көктем әсерін сыйлады. Сондай-ақ мерекеге жиналған көпшілік арнайы тігілген киіз үйдің ішіне кіріп, наурыз-көжеден және тәтті бауырсақтардан дәм татты.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы