Қазылар алқасының шешімімен онлайн жүйесіндегі ашық дауыс беру барысында Шығыс Қазақстан облысының аруы, семейлік Диана Байжұманова сұлулық конкурсының жеңімпазы атанды. Диана Қазақстан Республикасы ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5511 әскери бөлімінде табысты еңбек етуде. Семей қаласында туған. Ұлттық ұлан сапында 2017 жылдан бастап, қаржы қызметінің бас маманы ретінде жұмыс істеп келеді. Айта кету керек, семейлік ару осы бөлімде табан аудармай 15 жыл қызмет еткен өз анасының ізімен жүруді құп көріп, әскери қызметті таңдапты.
Орта мектепті тәмамдағаннан кейін Диана Семей қаласындағы қаржы-экономикалық колледжін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітіреді. Содан кейін жас маман ретінде, еліме еңбек етсем деген нақты мақсатты ұстанады. Армия қатарында жүріп, Диана Қазақ инновациялық университетінде негізгі мамандығы бойынша жоғары білімді сырттай алып шығыпты.
– Әскери қызметті жақсы көремін, – деді Диана Байжұманова, – адамды тәртіп пен жинақылыққа үйретіп, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады.
Сапқа тұрудың, қару-жарақ ұстаудың барлық қыр-сырын меңгерген. Ол мұның бәрін алдыңғылардың қатарында орындайды.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ