Атаулары да әйдік. Марокколық, азиялық және италиялық. Біздің бала кезден көз үйренген бәкшек шегіртке бұлардың қасында тышқан мұрнын қанатпайтын жуас. Ал мына көксоққандарды қарақұрым болып ұшқанда күн көзі көрінбей, қонған жерінде тіс шұқитын қылтанақ қалдырмайтын жауыз десе болады.
Биыл да Оңтүстікте жылдағы ойбай басталайын деп тұрған сияқты. Жыл басында аумақтық инспекция мамандарының күшімен 1 миллион гектар жерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп көрген. Жылда шегіртке жұмыртқаларын жерге сіңіретін қауіпті аймаққа. Қауіптенгендей болып шықты.
Облыстағы 11 ауданның 340 мың гектардан астам алқабында шегірткелердің үлкен шоғыры бары байқалған. Күн жылт етсе, жер бетіне өріп шығатын шегірткелерді уақытында залалсыздандырмаса, қанаты қатайған соң ие бермей кетеді. Ондай жағдайлар облыста болған. Жұмыстар жеткілікті жасалмағандықтан марокколық және италиялық шегірткелер Сырдарияның үстінен алғаш рет ұшып өтіп, Шардараның бау-бақша, егістігін майқандап тастаған еді. Төрт ауданның диқандары алдындағы нәпақасынан айырылып қала жаздаған.
Облыста шегірткені залалсыздандыру үшін арнайы штаб құрылды, басшысы – облыс әкімінің бірінші орынбасары Әліпбек Өсербаев.
Облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Н. Қашқынов штабта сонымен қатар ауыл шаруашылығы басқармасы мен төтенше жағдайлар департаментінен мамандар және барлық аудан, қала әкімдері бар дейді. Бүгінде нақты жұмыс жоспарлары бекітілді.
Биылғы жұмыстарға арнайы техникасы бар 3 серіктестік тартылмақшы. Одан бөлек 500-ден астам адам жұмылдырылады. Ал, зиянкестер мекендеген аумақтың 50 пайызы жерүсті агрегатымен өңделсе, 137 мың гектарға ұшақтар арқылы дәрі себіледі. Осындай әдістердің арқасында шегірткелердің қанаты қатаймай жатып, көзі жойылуы тиіс.
– Қазір қажетті дәрі-дәрмек сатып алынып қойды. Енді фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығының хабарламасын күтіп отырмыз. Егер сол орталық шегірткелердің жер бетіне шыққанын хабарласа, барлық мекемелердің басын қосып жұмыстарды бастаймыз. Бір айта кетерлігі, биылғы зиянкестер шоғырланған аумақ өткен жылғыдан 80 мың гектарға аз. Бұл былтырғы жұмыстың нәтижелі болғанын аңғартады. Сондықтан мамандар кезекті залалсыздандыру шараларын жоғары деңгейде жүргізуді жоспарлап отыр, – дейді облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Нұржан Қашқынов.
Оңтүстікке көктем ерте келіп қойған. Ақпанның ортасынан сібірлеп басталған жауын наурыздың бел ортасына дейін жалғасты. Өрік ағашының алды гүлдеп, далада жауқазын жер төсін тесіп шықты. Мұндайда жаны сірі шегірткенің қарап жатпасы анық. Олар жер бетіне шыққан соң дауыс салып, бәрі бір жерге шоғырланады. Бас-аяғы жиналған соң қалың қол секілді тұтасып, жорық шеруін бастайды. Оларды екінші қайтара ұратын уақыт осы. Штаб мүшелері уақытынан кешікпеу үшін жұмысты ерте бастап кетті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы