Суретті түсірген автор
Разрез қатарға қосылған 1985 жылдан бері мұнда 120 миллион тоннаға жуық көмір өндірілді. Компания тізгінін ұстаған ERG бастапқыда негізгі қордың жартысынан астамын жаңартты, қалғанын кезең-кезеңмен жаңғыртуды қолға алды. Өндірісті өркендету мен технологиялық деңгейін көтеруге бағытталған инвестициялық бағдарлама жасап, жүйелі түрде жүзеге асыруда.
2002 жылы «Шұбаркөл» разрезі мен тиеу-тасымалдау басқармасы базасында «Шұбаркөл Көмір» акционерлік қоғамы құрылды. 2008 жылы ол Қазақстан қор биржасына тіркелді. 2009 жылы ақпанда ENRC холдингі Қазақстан қор биржасындағы ашық сауда-саттықта АҚ акциясының төрттен бір бөлігін қолма-қол 200 миллион АҚШ долларына сатып алды.
Қарағанды облысы әкімдігімен жасаған өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес «Шұбаркөл Көмір» әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асыруға атсалысуда. Былтыр осы мақсатқа 182,6 миллион теңге бөлді. Оның 41 миллион теңгесі «Шұбаркөлдегі» қазандықтың жабдығын жөндеу мен оның ырғақты жұмысын қамтамасыз етуге, 51 миллион теңгесі Шахтинск қаласы мен Шахан кентінде қазандықты жеке шығаруға жұмсалды. Қызылжар кентінің әкімдігіне жол талғамайтын автокөлік тарту етті және тұрғындарына тегін 3 000 тонна көмір бөлді.
«Қызылжар-Шұбаркөл-Баршын-Қорғалжын-Астана» автокөлік жолын жөндеу, «Шұбаркөл» және «Баршын» кенті инфрақұрылымын жетілдіру, Абай қаласында 320 көрерменге арналған жабық бассейн салу, Қарағандыда көру қабілеті нашарлаған балаларға арналған 250 орындық мектеп-интернаттың құрылысын аяқтау – амандық болса, алдағы уақытта меморандум аясында атқарылатын ауқымды шараның бірпарасы. Жалпы, бұл топ өткен уақыт ішінде Қарағанды облысының өсіп-өркендеуіне ұзын-ырғасы 2,4 миллиард теңгеден астам қаржы құйды.
Таяуда көмір өндіру мен оны тұтынушыға жеткізудің механизміне мониторинг пен талдау жасау үшін Үкімет нұсқауымен құрылған топтың құрамында «Шұбаркөлге» жол түсті.
Компанияның көмір шаруашылығын аралаған үш сағатта көп нәрсеге қанықтық. Егер Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, былтыр Қазақстанда 106,7 миллион тонна көмір өндірілген (бұл – бұрнағы жылғыдан 8,3 % немесе 8,2 миллион тонна артық). 29,3 миллион тоннасы шетелге шығарылған, 56,3 миллион тоннасы елдің электр стансасына жөнелтілген.
Ал коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халықтың тұтынуына 12,5 миллион тонна жұмсалған. Бұл 2016 жылғыдан 18 % немесе 1,9 миллион тонна көп.
«Шұбаркөл» – Қазақстанда коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікті көмірмен қамтамасыз ететін жетекші жабдықтаушының бірі. Өнімінің үштен бір бөлігіне жуығы осы мақсатқа жұмсалады. Өкінішке қарай, қытымыр қыс биыл қырын қабақ танытып тұр. Әсіресе, қаңтарда қаңтарылып қала жаздады.
– Өткен ай оңдырмады. Алғашқы онкүндікте қалың қардың астында қалдық. Темір жолды тазартумен күн өтті. Екінші онкүндіктегі қатты аяз техниканы тұралатып тастады. Енді-енді ес жиып келеміз. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктің тәуліктік жоспары 109 вагон болса, біз 123-127 вагон жөнелтіп жатырмыз, – дейді «Шұбаркөл Көмір» АҚ-тың өндіріс жөніндегі вице-президенті Андрей Сафонов.
Көмірдің ірісі өтімді, майдасын мандытып алатын тұтынушы шамалы. Сондықтан соңғысын кәсіпорын ішкі қажетіне жаратады, сондай-ақ елдің жылу-электр орталығына жөнелтеді. Шынтуайтында, өндірілген көмірдің үштен екі бөлігі майдасын кәдеге жарату мүмкіндігі мол технологияны меңгерген таяудағы және шалғайдағы шетелге шығарылады.
«Шұбаркөл» көмірінен арнаулы кокс алатын зауыттың өнімін қазақстандық және ресейлік компания: АрселорМитталТеміртау», «ҚазХром», «ҚазФосфат», «ҚазМырыш» пен Серов ферроқорытпа зауыты тұтынады. Келешекте осындай жаңа зауыт салып, 2022 жылы жобалық қуатына жеткізу көзделіп отыр. Сонда елде өңделетін майда көмірдің үлесі артып, сыртқа қымбат бағамен шығаруға мүмкіндік туады.
Биыл «Шұбаркөл Көмір» АҚ 12 200 000 тонна көмір өндіргелі отыр. Кәсіпорын тарихында бұрын-соңды мұндай меже белгіленбеген. Өткен ғасырдың соңғы жылында 991000 тонна көмір өндірген компания былтыр бұл көрсеткішті 10 450 000 тоннаға жеткізді. Осының үштен бір бөлігіне жуығы (3 285000 тоннасы – авт.) коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке жұмсалды.
– Ауа райына аса тәуелді ашық әдіспен көмір өндірудің қиындығына қарамастан, жұртшылықтың коммуналдық-тұрмыстық қажетін қамтамасыз ету – алдыңғы қатарда тұрған міндет. Сондықтан жаңа жабдық пен техника алуға биыл 16 миллиард теңгедей инвестиция құямыз. Бұл жаңғырту ірі көмір өндіру көлемін 3,6 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – дейді Андрей Сафонов. Компания өндірісті дамыту мен әлеуметтік салада 2016 жылы – 3,3 миллиард, 2017 жылы 10,5 миллиард теңге инвестиция игергенін ескерсек, үкілі үміт еріксіз оянады.
Нұра ауданының аумағындағы «Шұбаркөл» – құба-жонда жатқан жалғыз елді мекен. Соған қарамастан елдегі әлеуметтік маңызы бар мәселені шешуге елеулі үлес қосып келеді. 121 шақырымдағы Қызылжар стансасы мен 214 шақырымдағы Арқалыққа шойын жол тартылған. Компанияда еңбек ететін 2800-дей адамның басым бөлігі вахталық әдіспен қатынап жұмыс істейді.
Әңгіме орайында айта кетейік, осы көмір көмбесін игергені үшін бір топ геолог пен кенші 1988 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қарағанды облысы