Қазақстан • 16 Наурыз, 2018

Кемел шақ (Уәлихан Қалижанұлы туралы)

684 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қолыма қалам алып, ар­на­йы­ сөз еткелі отыр­ған азамат,­ жур­налист, ғалым, жазушы, ірі қай­раткер, филология ғылым­дарының докторы, академик Уәлихан Қалижанұлының өмір жолы ғибратты, үлгі-өнегеге то­лы көрінеді маған. Иә, сонымен...

Кемел шақ (Уәлихан Қалижанұлы туралы)

Мен Уәкеңді алғаш өткен ға­сырдың 1978 жылы күзінде көрдім. 

Зекең, Зейнолла Қабдолов жуырда­ ка­фе­дра мәжілісінде фа­культеттің аспи­ран­турасын­ сырттай бітірген, журналист, жазушы, жас қаламгер Уәлихан Қа­ли­жановтың қа­зақ, башқұрт және татар халықтарына ор­тақ­ тұлға, ақын Ақ­молла Мұхаме­дия­ровтың (1839-1895) өмі­рі мен шығармашылығына арналған дис­сертациясының талқылауы болатынын айта келе, ғылыми жұмыспен мұқият танысуды, өйткені жас зерттеушінің зерттеу нысаны шығыс әдебиетіне қатысы барлығы, онда дін мәсе­лесі де сөз болатынын ескерт­ті.

Диссертацияны оқып шық­тым. 1937 жыл­дан соң бар-жоғы 40 жылдай уақыт өткенімен, кешегі сталиндік ызғардың дін­ге байланысты да ызғары онша ұмытыла қой­ма­ған кез. Сол себепті жұрт­ дін мәсе­ле­сіне сақтықпен қарай­тын. Дін тақырыбы туралы абай­­лап сөйлейтін. Ол кафедра­ ұс­таздарының сөздерінен байқа­лып тұрды. Мәжіліске қатысқан өзге де ғалымдар Уәли­хан Қали­жа­новтың дін тақырыбына үрік­пей барғанына әрі таңғала, әрі ризашылық білдірді.

Уәлихан өз сөзінде Ақ­мол­ла (Мұф­тахитдин) Мұхаме­дияровтың (әкесі қазақ, ше­шесі башқұрт) қазақ, башқұрт, татар әдебиеттерінде өзіндік із қалдыр­ған, жаңа­шыл, шығармаларында әлеу­меттік мәсе­лелерді көтере біл­ген сөз зергері болған­дығын айта келе, оның аталмыш халық­тар­дың мәдениетінің тарихында өзіндік орны барлығын, әде­биетінде де ағартушылық, демократ дәрежесіне көтеріле алған ой­шыл екендігіне тоқталды.
Бәрі де Уәлиханнан болашақта жақсы ға­лым шығады десті. Шынында да солай бол­­ды.

Содан бері біраз жылдар өтті. Уәкең бел­­гілі де беделді жур­­налист, қарымды қа­лам­­гер, қо­ғам және мемлекет, ғылым қай­­рат­кері, зерделі зерттеуші, беделді басшы дә­ре­жесіне кө­терілді. Еліміздің беделді бір тұл­­­ғасына айналды.

Ақмолла демекші, 2010 жы­­лы еліміздің бас мүф­тиі кезім­де бірде мені Ресей мұсылманда­рының құрылтайына Уфаға шақырды. Мәжіліс арасында­ ондағы атақты «Ғалия» медре­сесімен қатар, басқа да тарихи,­ ғы­лыми, мәдени нысандарды аралау барысында Ақмолла Мұ­­ха­медияровтың башқұрт елінде басылған еңбектерін көр­­дім. Мен башқұрт, татар ба­уыр­ларымызға Ақмолланың қа­зақ әдебиетіне де қатысы бар­лығын, қазақ ғалымдары да ақын шығармашылығына диссертация арнағанын, әсіресе Уәлихан Қалижановтың бұдан біраз жылдар бұрын кандидаттық диссертация қорғағанын айттым. Сөйтсем, татар, башқұрт ғалымдары да Уәкең еңбектерінен хабардар екен.

Таңдаған саласынан алған мол тәжірибесі 1986 жылы оны республика жұртының сүйіп оқитын «Лениншіл жас» газетіне әкелді. Шер­хан Мұртаза, Сейдахмет Бер­діқұлов се­кілді ағалары өш­пес із қалдырған газетті ол одан әрі биік белеске көтере алды. Га­зет­тің тақырып аясы кеңейді. Осы газетте тари­хи таным тура­лы, Алаш ардақтылары жайлы, олардың мақалаларынан үзін­ділер жа­риялана бастады. Сөйтіп газеттің беделі бекемделе берді. Ол еліміз үшін үлкен сын бол­ған, қазір ұлт-азаттық көтеріліс деп аталып жүрген 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде, жастарымыз жаппай жазаланып жат­қан шақта, оларға араша да түсе білді. 

Коммунистік диктатураның шат­қаяқ­та­луы басталған шақ­та, Уәкең батылдықпен өзі­ жетек­шілік етіп отырған «Ленин­шіл жас» атауын «Жас Алашқа» ауыс­­тыра алды. 

Редакторлық қызметте жү­ріп У.Қали­жанов ұлттық жа­ңа баспасөздің дамуына, оның еркіндік жолына түсуіне көп­ жігер жұмсап, жас буын қаламгер­лердің өсіп шығуына қамқорлық етті, көсемсөздің уа­қыт талабына орай өзгеруіне, соны өріс­тер­ге беттеуіне мұрындық болды.

1994 жылы Уәкең Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты болып сайланды. 1995 жылы Баспасөз және бұ­­қа­­ралық ақпарат құралдары министрінің орын­басарлығына тағайындалып, одан соң Пре­зидент Әкімшілігі Ішкі саясат бө­лімі меңгерушісінің орынбасары қыз­ме­тін­ атқарды. 1996-1998 жылдары «Еге­мен Қа­зақ­стан» газетінің бас редакторы; 1998-1999 жылдары Қазақстан Рес­публи­касы Ақпарат және қо­ғамдық келісім минис­трлігі Тіл­дерді дамыту департаменті дирек­торының орынбасары бол­ды. 1999 жылы Парламент Сенатының баспасөз хатшысы бо­­лып тағайындалды.
1999-2011 жылдар аралы­ғында У.Қали­жанов Парла­мент Мәжілісінің II, III, IV ша­қы­рылымдарының депутаты болып қыз­мет атқарды. Осы уақыт аралығында ол Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, бірқатар заңдардың бастамашысы болды.

Осыған байланысты тағы бір оқиға есіме түсіп отыр.

Бірде Талғарда лайлы су тас­қыны бо­лып, көп адам опат болды. Бұл депутат Уәкеңнің сайлау округі еді. Осыған орай ол Пар­ламент Мәжілісі депутаттары­на бір­күндік еңбекақыларын арнайы есеп­шотқа аудару ­жө­нінде ұсыныс тастады. Сөй­­тіп өзі жүз мың теңгесін алып Ал­ма­тыға, маған Мүфтиятқа кел­ді. Талғардағы адам шығыны болған отба­сыларға көңіл айтып, Құ­ран оқып, демеу білдіргісі келетінін жет­кіз­ді. Мен де бірден:
– Бірге барам. Сауапты істің жа­нында жүрген парыз ғой, – дегенім есімде.

Әрбір үйге кіріп көңіл айттық. Құран оқыдық. Мен де Уәкең секілді бір отбасыға көмек ретін­де жүз мың теңге бердім. 

Уәкеңдікі жөн. Мәселе, қар­жы­ның аз-көпт­ігінде емес. «Бас­ мүфти мен депутаттың бір­ге келіп, қасіретке душар бол­ған­дардың қайғыларына ор­тақтасқандары қарашаңырақ қай­ғысын азайт­қандай еді», деп жазыпты Уәкең «Заман сөзі» (Алматы, 2016) атты кітабының 82-бетінде.
Бұл Уәкең азаматтығын та­нытқан жал­ғыз­ оқиға емес. 

Елiмiз тәуелсіздік алғаннан кейiн кеңес империясының тота­литарлық идеология­сы салдарынан ұзақ жылдар бойы бiр жақ­ты бұрмаланып келген әдебиетіміздің белгiсiз беттеріне үңiлу мүмкiндiгi туды. Міне, осы тұста жоғары мемлекеттiк қыз­мет­те жүрсе де, Уәлихан Қа­лижанұлы ғы­лымнан қол үзбей, өзiнiң бұрынғы тақы­рыбы – қазақ әдебиетіндегі дiн туралы iзденiстерiн жалғастыра бiл­дi. Fылыми ке­ңесшiсi болған бел­гiлi ғалым, академик Рым­ғали Нұр­ғалиевтің қалай да докторлық жұ­мысын қорғау керектігі туралы кесiп айт­қан уәжі де диссертациясын тез аяқтауға ықпал еткен болуы керек. Сөйтіп «Қазақ әде­­биетіндегі дiни ағартушылық ағым» тақырыбында зерттеу жүр­гiзген талантты ғалым диссертациясын алты айдың ішінде аяқт­ап, сәтті қорғап шығады.

2012 жылы гуманитарлық ғы­лымдар са­ласындағы үздiк ғылыми-зерттеулер бойынша «Қазақ әдебиетіндегі дiни ағар­тушылық ағым» жұмысы үшiн Уәлихан Қалижановқа Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сый­лық берiлдi. 

2012 жылдың ақпан айынан қа­дірлі әріп­тесім, замандасым М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болды. 2017 жылы Ұлттық ғы­лым академиясының толық мү­шесі – академигі болып сайланды. Ғұмырын ғалымдық жолдан бастаған ол да, мен сияқты ғылымға қайтып оралды. Қазір біргеміз. Кездесіп, сұх­бат­тасып, ақылдасып, пікірлесіп тұ­рамыз.

Уәкең 2012 жылы Әдебиет инс­титутына бас­шы болып келген соң «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша «Жамбыл» атты қо­мақты дүниесін жариялады. Ол ға­лым ретінде Әдебиет институтына босқа кел­мегенін байқатты. Ғалым қаламынан туған дүние Жамбыл ғұмырнамасының және шығармаларының әдеби-көркемдік әлемін зерттеу­ге арналғандығын, әрі ол сәтті шық­қандығын айта кеткен жөн.

Уәкең ғылым мәселесі сөз бол­ған түр­лі жиындардағы талқы­лау­ларға белсене қатысып, пікір білдіріп отырады. Екеуміз әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің докторлық дис­сер­тация қорғала­тын ғылы­ми ке­ңесінің мүшесіміз. Досым­ның онда да орыс және қазақ тілдерінде кез келген тақырыптар бойынша өзекті ойларын біл­діріп, пікір айтпай қалған кездері бол­ған емес. 

У.Қалижановтың әр жылдары «Мәшһүр Жүсіп», «Президент: көз­бен көргендер мен көңілге түйгендер», «Жәдитшіл жырлар: тарихи зерттеулер» атты бір­­неше еңбегі жарық көрді. Олар­дың көпшілігі автордың филологиялық зерделеу ныса­нын­­дағы діни-ағартушылық ағым мәселесіне арналған зерт­теулерін, тың ғылыми тұжы­рымдарын, жаңа заманға сай толымды толғаныстарын қамтиды. 2008 жылы Гулия Георгийдің «Омар Хайям туралы аңыз» атты романы У.Қалижановтың аудар­масында жарық көрді. Оның «Сыр сандықты ашып қара», «Көңіл көкжиегі», «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» атты көлемді еңбектері де баспа бетін көрді. 2012 жы­лы автор­дың ғылыми мақалалары мен эссе­лерін қамтитын «Ойкөз» кі­табы, 2013 жы­лы «Ғылыми қазына» сериясы бойынша «Жамбыл» монографиясы, 2014 жылы «В потоке времени» және ­«Ұлт рухы» атты зерт­теулер,­ мақалалар мен эсселер жинағы сынды зерттеу кітаптары оқушы­лар­дың қолына тиді.

Көрнекті ғалым әріптесімнің бастамасымен М.О.Әуезов атын­да­ғы Әдебиет және өнер институтында халық университетінің жұмысы жанданып, ғылыми, қо­ғамдық, мәде­ни маңызға ие түр­лі іс-шаралар өткі­зіле бастады. 2012 жылдың мамыр айында У.Қалижановтың ұсынысымен бұл халық университетіне осы қоғам­дық ұйымның тұңғыш басшысы болған академик, филология ғылымдарының докторы, про­фессор Р.Бер­дібаевтың есімі бе­рілді.

2012 жылы Қазақстанның халық­аралық деңгейдегі беделін арттыру мақсатында АҚШ-тағы Қазақ­стан Республикасының ел­ші­лігімен және Колумбия уни­верситетімен бір­лесе отырып «Қазіргі Қазақстан әдебие­тінің антологиясы» жарық көр­­ді. Институт директоры­ У.Қалижановтың тіке­лей бас­­шы­лы­ғымен әрі оның алғы­сөзі­мен жарық көрген бұл басылым Қазақстан әдебиетін әлемдік мәде­ниеттің құрамдас бөлігі ре­тінде кеңінен насихаттау ісінде тап­тырмас құрал болып табылады.

Уәкеңнің әдебиетіміз бен мә­де­ниетіміздің аға буын өкіл­дері Жұбан Молдағалиев, Са­фуан Шаймерденов, Хамит Ер­ғалиев, Зейнолла Қабдолов, Қа­ратай Тұрысов, Сей­дахмет Бер­діқұлов, Сәкен Жүнісов, Бал­ғабек Қыдырбекұлы, Тұман­бай Молдағалиев, Рымғали Нұр­ғалиев, Шерхан Мұртаза, Мыр­затай Жолдасбеков, Иманғали Тасмағамбетов жайлы естелік эсселерін кез келген оқушы қызыға оқиды деп ойлаймын. Олар­дың қарапайым жұрт байқай бермейтін қыр-сыры, әзілдері әңгімелерге, көркем шығар­маларға сұранып тұрғанын бай­қайсың. 

Уәкең қай істе де алғыр, идеялары өмір­шең, іскер де батыл, рухани әлемі бай, өз ісі­не қашанда мы­ғым азамат.

Осы мақаланы жазарда мен Уәкең қала­мынан туған еңбек­терді тағы бір қарап шықтым. Олар­дың үлкен зерттеулерге сұ­ранып тұрғанына көзім жет­ті. Жал­пы, Уә­кеңді білу үшін еңбек­терін оқу керек, те­реңіне бойлау керек деген ойға келдім. Өйт­кені онда әдемі ойлар, тың идеялар, орынды ұсыныстар көптеп ұшы­ра­сады.

У.Қалижанов 2015-2017 жылдар ара­лы­ғын­да Ұлттық Ғылыми ке­ңе­сінің, Ұлттық ғылым академиясы Президиумының, сон­дай-ақ 2017 жылы ел Президенті жа­­нын­дағы Қоғамдық сананы жаң­­ғырту бағдарламасын іске асы­ру жөніндегі ұлттық комис­сия­­сының мүшесі болды.

Оның елі, халқының әдебиеті мен өне­ріне, ғылымы мен білі­міне, қоғамына, мем­лекетіне сіңір­ген еңбегі көп­­­теген марапат, атақтарға ие.
Уәкеңнің әдебиет пен мәде­ниет, қоғам­дық өмір жайлы ең­бек­тері өте мазмұнды. Олардан еш­­кімді бейжай қалдырмайтын дү­ние­лерді мол көресің. Уәкең шы­­ғарма­ларын оқу үстінде оның қатар жүрген дос-жол­дасқа деген адал­­дығы менмұндалап тұрады. Иә, оларды оқу керек. 

Уәкеңнің туған жері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бұғы­мүйіз – Бесмойнақ ауылы. Бұл бір сирек кездесетін қызық атау. Реті келсе Уәкеңнен сұрармын деп жүргем. Сөйтсем ол жайлы Уәкеңнің «Заман сөзі» (Алматы, 2016) кітабында төмендегідей дерек­тер бар болып шықты.

«Бұғымүйіз – Бесмойнақ жер­дің жайлауы. Жетісудың пе­йіш жерінің бірі. Бұл Столы­пин реформасынан кейін қара­шек­пенділер келіп, қос өзеннің бойына қоныс салып, шіркеу қой­ған жер. Атақоныстан айы­­рылып, бір ата дулат-жаныс­ тө­мен құлдилап Арасан, Берік­тас­ жаққа үдере кө­шіп, кейін Ке­ңес өкіметі орнағанда қай­та­ ке­ліп қоныстанған. Бұл қыр­ғыз­дың Тоқпағына тура­ шы­ғатындығымен де ерек­ше­ленетін жер. Бұл жерде Мүйізді Өтеген ба­тыр аялдап, атын суарған. Ұлы Сүйінбай Жамбыл бабаға бата бер­ген қасиетті жер. Найманбай батыр ұрпағы өсіп-өнген де осы мекен. Атақты «Құлагердің» авторы Ілияс Жансүгіров үй тік­тіріп, қымыз ішіп демалған жер де осы Бұғымүйіз – Бес­мойнақ. Жам­­был өлеңдерін Бұғымүйіз – Бес­­мойнақтың гүлдеріне теңеуі бекерден- бекер дейсіз бе?» – деп­ті­ Уәкең.

Алланың қалауымен бірде ол жерге де табан тиді. Бір теле­арна Уәкең жайлы арнайы хабар түсірмек болды. Ол жайлы ­сұхбат беру үшін Уәкеңнің ауы­лында кездеспек боп келіс­тік. Бұғымүйіз – Бесмойнақ Ала­таудың етегіндегі жасыл жайлау­лы жер екен. Міне, осындай таби­ғаты тамылжыған мамыражай әдемі жерде ғана Уәлихан сияқты азаматтар дүниеге келсе керек деп ой түйдім.

Иә, сондай жердің перзенті Уәли­хан ­Қа­лижанұлы үлкен жүрек­ті, парасатты азамат.

Замандас, әріптес, дос, ірі қай­­­раткер, қадірлі де құрмет­ті за­­мандасым Уәлихан Қа­ли­жанов қа­­зір кемел шағында. Уәли­хан­ның еңбектерін оқыған сайын оның азаматтық та, қайраткерлік те,­ ғалымдық та, қаламгерлік те­­ келбетін тани түсесің. Менің анам марқұм «Жақсы жерде жат­саң жақсы түс көресің» деп оты­рушы еді. Шынында да осындай өмірде, ғылымда, қоғамда өзін­дік үлкен орны бар тұлға, кеу­демсоқтығы жоқ кішіпейіл, парасатты да жақсы адаммен бірге жүрген де ғанибет-ау...

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,Ұлттық ғылым академия­сының  корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының
докторы, профессор