Сотқа төрағалық еткен Азамат Тілепов үкімнің мәтінін оқыды. Оған сәйкес, бизнесмен, бұрын ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы болған, 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталған Мұратхан Тоқмәди 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Осы мерзімге 2017 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық соты шығарған үкімнің мерзімі де кіреді. М. Тоқмәди жазаны қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемеде өтейтін болды.
Сотта төрағалық еткен судья сотталушыдан «осы үкімге келісесіз бе» деген сұрағына Тоқмәди келісетінін айтып жауап берді. Судья Азамат Тілеповтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша айыпталушының кінәні мойындағаны үшін ғана үкім шығарылмайды.
«Сот процессі барысында сотталушының, куәгерлердің, сарапшылардың қатысуымен жауап алу мен тергеу амалдары кезіндегі видеожазбалар көрсетіліп, процесстің барлық қатысушылары тыңдалды. 2004 жылы жасалған қылмыстың мотиві мен жағдайлары бойынша толық дәлелдер келтірілді. Куәгерлердің жауаптары арқылы сотталушы М.Тоқмәди, өлтірілген банкир Е.Тәтішев, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Н.Дүтбаев пен өлтіруге тапсырыс берген М.Әбіләзовтың арасындағы қарым-қатынастың сұлбасы жасалды», - деді ол. Сотталушының процессуалдық келісімі мен оны М.Тоқмәдидің толық орындауына байланысты заңнамалық тұрғыда жұмсақтық көрсету, Азамат Тілеповтың айтуынша, «сот барысында сотталушы мен куәгерлерден жауап алу кезінде анықталған адам сотталған кезде ғана орындалады».