Әдебиет • 16 Наурыз, 2018

Шейх Ахмет Таразидің көне кітабы қазақ тілінде сөйледі    

1002 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кітап қолыңызға тиді, аңсар аударған бұл Шейх Ахмед Құдайдад Таразидың 1436-1437 жылдары жазып, мұра етіп қалдырған «Көркем сөз өнері» - әдебиеттану, әдебиет теориясы саласындағы түркі тіліндегі тұңғыш туынды. Еңбекте  автор поэзияның көркемдік заңдылықтарын,жеке сөздің өлең құрылысындағы рөлін анықтайды.Трактатта өлеңнің түрлері, уәзіндері, әрбір сөздің терминдік мәні, әрбір әріптің сөз құраудағы міндеті пысықталады.

Шейх Ахмет Таразидің көне кітабы қазақ тілінде сөйледі    

«Көркем сөз өнері» кітабының   толық аудармасы алғаш рет казақ тілінде өз оқырманына жетіп отыр. Шейх Ахмет Таразидің аталмыш рисаласы  түрік халықтары тіліндегі өлең теориясы туралы жазылған алғашқы зерттеушілік-талдамалық еңбек болып саналады. Бұл кітапта трактаттың мазмұны көркем сөз – өлең жүйесі туралы, ұйқас, жалпы өлең өнері,әрі ғаруз (аруз) уәзіндеріне арналған мысалдарымен  ғылыми талданып, анықтамалары берілген.Бұл еңбекте автор парсы – тәжік классиктерімен қатар өзімен замандас түркі тілдес шайырлардың да шығармаларынан үзінділер,өлең жолдарын келтірген.Мұның өзі түркі ғылым, әдебиет тарихының тереңірек тамыр жайғанын айғақтайды. Ғалымның еңбегі кезінде түркі (шағатай) тілінде жазылған. ХҮ ғасырдың бірінші жартысында Мауераннахрда әдеби өмір қайнап жатқан кезде түркі тілі мен парсы тілі қатар жаппай өріс алды. Шейх Ахмет Таразидан біраз кейін қазақ ғалымы, ұлы тарихшы Мұхаммед Қайдар Дулат (1499-1551) –өзінің әйгілі тарихи еңбегі – «Тарих-и Рашиди» кітабын парсы тілінде, ал «Жаһаннама» дастанын сол уақытта  түркі халықтарына тән ортақ шағатай тілінде жазды.Мұның өзі екі тілдің, яғни түркі мен парсы тілдері Мауераннаһр мен Хорасан аймағында аралас-құралас болғанын байқатады. Сондықтанда қазақ даласы да екі тілдің ықпалынан тыс қалмады.Соның салдарынан қазақ топырағынан шыққан шайырлар, ғалымдар мен ойшылдар түркілер мен парсылардың әдебиетіне, мәдениетіне, тіліне бірдей мән беріп,қоғам өміріне жете көңіл бөлді,тілдік ерекшеліктерін зерттеп отырды.  

Шейх Ахмет Таразидің «Фонун әл-бәлағе» еңбегі  бес тараудан тұрады. Бұл - парсы мен түркі әдебиетінің теориясын  екі тілдегі көптеген жолдарын мысалға келтіре отырып, егжей-тегжейлі айқындауға мақсат еткен аса құнды зерттеу жұмысы, талдауларымен қатар шығыс әдебиетіненмол мағлұмат беретін де теңдессіз туынды.Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Тараз шаһарының тумасы Шейх Таразидің түрік халықтары поэзиясындағы өлең құрылысының теориялық негізін қалаған «Көркем сөз өнері» еңбегін араб, парсы, шағатай тілінен тікелей қазақ тіліне аударған шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей мен Кеңесбек Демештің еңбегі қазақ әдебиеті тарихына зор жаңалық болып қосылары анық» деп жазады. 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ