19 Наурыз, 2018

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі әлемдік БАҚ назарында

1439 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрініс тапты. Назарларыңызға шетел басылымдарында жарияланған мақалалардың ықшамдалған мазмұнын ұсынамыз.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі әлемдік БАҚ назарында

The Economic Times

Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары көп жылдан соң Астанада бас қосып, консультативтік кездесу өткізді. Бұл идеяны 2017 жылдың 10-11 қарашасында өткен «Орталық Азия: ортақ тарих пен ортақ болашақ, тұрақты даму мен өзара ынтымаққа негізделген келісім» атты халықаралық конференцияда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев айтқан еді. Өзбекстан Президентінің айтуынша, Орталық Азия елдерінің бірлігі өңірдің тұрақты дамуының басты кепілі бола алады.

Былтырдан бастап Ташкент өңірдегі көршілерімен қарым-қатынасты нығайту ша­ра­ларына ерекше назар аударуда. Ал жақында өткен Орталық Азия басшы­ларының кездесуі өңірдегі мемлекеттер арасында сауда-саттық, инвестиция секілді экономикалық байланыстардың артатынын көрсетсе керек. Бұл өз кезегінде жалпы Орталық Азия өңірімен тығыз қарым-қатынасқа ұмтылған мемлекеттерге де жақсы мүмкіндіктер ашпақ.

The Diplomat

Астанада Орталық Азияның 4 мем­лекетінің басшылары мен бір мемлекеттің Меджлис төрағасы кездесіп, өңірдегі мәселелерді талқылады. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының он жылдың ішіндегі алғашқы саммитінің ерекше маңызы бар. Глазго университетінің Орталық Азия туралы зерттеулер жүргізетін оқытушысы Лука Анчесчидің айтуынша, бұл өңірдің орналасуының өзі саяси маңызға ие.

Кездесу туралы идеяны Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев айтып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ол ойды жүзеге асырды. Қазақстан мен Өзбекстан өңірдегі ең ірі экономикалық мемлекет екенін ай­та кету керек. Кездесуге, сондай-ақ Тәжік­стан, Қырғызстан президенттері мен Түрік­менстанның парламент спикері қатысты.

Лука Анчесчи жақында The Diplomat журналына мақала жариялаған болатын. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық стратегиялық байланысты тиімді жолға қойғаны, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық еткені айтылған. Мақалада ол Орталық Азиядағы басқа мемлекеттер Астананың сыртқы саясатынан үлгі алуы керектігіне де тоқталған. Ал Қазақстан ұйымдастырған Орталық Азия басшыларының кездесуі өңірдегі байланысты нығайтып, жаңа леп беретініне сенім мол.

The Times of Central Asia

Қазақстан астанасында Орталық Азия басшылары 2009 жылдан кейін алғаш рет кездесіп, өзара байланысты дамыту мәселелерін талқылады. Астана­дағы кездесуге Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан президенттері мен Түрікменстан Меджлис төрағасы қатысты. Өңірлік саммит Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы сенімді серіктестіктің нығая түсетінін көрсетеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездесуді достық байланыстың жаңа белесі деп атады. Кездесу барысында Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары ортақ су ресурстарын тиімді пайдалану, өзара сауда секілді салаларда әділ келісім жасау туралы шешімге келді. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Орталық Азия елдеріне ортақ мереке – Наурыз қарсаңында кездесіп отыру туралы ұсыныс айтып, ол бірауыздан қолдау тапты.

Radio Free Europe

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээенбековпен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы бес мемлекет өңірдегі барлық проблемаларды шешуге қауқарлы екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен де жеке кездесу өткізді. Былтыр Орталық Азия басшыларының кездесуі туралы идеяны айтқан Шавкат Мирзиёев болса осы кездесуді ұйымдастырған Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдіріп, Қазақстанның ортақ мәдениет, ортақ тарихы бар елдердің арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға ұмтылып отыратынын атап өтті. Ал Нұрсұлтан Назарбаев өзара сауда байланысынан бұрын өңірлік қауіпсіздікке баса назар аудару керектігін айтты.

Орталық Азия басшыларының келесі кездесуі Ташкентте өтеді. Бұған дейін өңірдегі мемлекет басшылары 2009 жылы Алматыда кездесіп, Арал мәселе­сін талқылаған еді. Ал өткен аптадағы кез­десуде негізгі мәселелердің бірі ор­тақ су ресурстарына қатысты болды. «Біздің мемлекеттер пайдаланатын ортақ су ресурстары бар. Мысалы Әмудария мен Сырдария маңында жалпы ал­ғанда 70 миллион адам тұра­ды. Біз кез­десу барысында бұл мәселенің сая­си келіссөздерге апармайтынына келіс­тік. Біз су проблемасын гидро-
электр­энергия стансаларын салу секілді мәселемен қатар қарастыруымыз керек», деді Н.Назарбаев. Оның айтуынша, президенттер басқа мемлекеттерден алы­натын тауар импортын төмендетіп, Орта­лық Азия мемлекеттері арасында өз­дерінде өндірілетін тауардың өзара сау-
дасын арттыру туралы келісімге келген.

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»