06 Ақпан, 2010

КЕЛЕШЕКТІ БОЛЖАҒАН КЕМЕЛ ЖОЛДАУ

1346 рет
көрсетілді
44 мин
оқу үшін
Сонау қиыншылыққа толы 90-шы жылдардың екінші жартысында Елбасының бас­тамасымен елімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі ауқымды бағдарламасы қабылданған бо­ла­тын. Міне, енді сол бағдар­ламаның алғашқы он жыл­ды­ғын қорытындылап отырған жайымыз бар. БАСТАП БІЗДІ БИІКТЕРГЕ Бұл Жолдау – басқалардан бөлек екен. Ел үшін ескергені ерек екен. Халықтың қамын ойлап, Көмек берер Азамат қай кезде де керек екен. Бұл Жолдау жалпақ елді демегендей, Өзгеге үлгі болар өнегемдей. Үстіне ауыр жүкті тиеп алып, Тайпалған – беті қайтпас кемелердей. Болса да жарып өтіп толқын қандай, Кездескен кемістікті толтырғандай. Оны да ескереді, қош көреді, Келтіріп ретіне – олқың қандай?! Бұл Жолдау—жарқыраған жаңалығы, Оятқан одан әрі саналыны. Бұл өзі өркен жайған мемлекет. Меңгерген – Елбасының даналығы. Қазақстан гүлденді дараланып, Жан-жағына қырандай қарап алып. Еліміздің еңсесін көтергендей, ЕҚЫҰ-ға еткені төрағалық. Осы ғой, Еліміздің өскендігі, Осы ғой, бастан бұлттың көшкендігі. Бәрі де Елбасының білгірлігі, Ешқашан шығармаймыз естен мұны. Бәрі де Елбасының алғырлығы, Сайрайды “Нұр-Отан” деп ән бұлбұлы. Желпініп Сарыарқаның самалымен, Көңілде тербелгендей жанның гүлі. Қолдаған ардақ тұтып аталарды, Қолдаған болашағым – Аналарды, Тек қана қолдап қоймай, қамқорлыққа Елбасы алып отыр балаларды. Жолдаудың осы жолғы жөні бөлек, Қолдайтын ел-жұртымда сенім ерек. Бастайтын биіктерге туған елді, Дананың дара салған жолы керек. Беріспей дауылға да, жауынға да, Көркейді күннен күнге ауыл-дала. Тартамыз дос көңілмен, туыстықпен, Баласын барлық ұлттың бауырға да. Бұл Жолдау бастап бізді биіктерге, Ұнап тұр ұлағаты сүйікті елге. Халықтың ақыл, білім, парасаты, Тұрғандай тыныштық боп ұйып төрде. Бұл Жолдау оқығанда жанға жақын, Қаққандай қия-шыңға ән қанатын. Астана ертегідей алып қала, Елімнің ерлігіне таңданатын. “Нұр Отан” ел-жұртыма бағыт берер, Бұл Жолдау оқығанда шабыт берер. Он жылдық жоспарыма – іске сәттік, Дүние Қазақ елін танып, көрер! Елбасы атын бүгін әлем білген, Таппадым өр Тұлғаны теңер кіммен? Қуанып елмен бірге, Шын жүректен Жолдадым ойларымды өлең-жырмен! Тоқтарбай ҚАДАМБАЙҰЛЫ, Парламент Мәжілісінің депутаты. ЕСКІ СҮРЛЕУДЕН КЕТІП, ЖАҢА ЖОЛ ТАБУЫМЫЗ КЕРЕК Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың “Жаңа онжылдық–жаңа эко­но­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауын тапжылмай отырып тыңдадық, одан кейін баспасөзден тағы да мұқият оқып алдық. Біздің әл-ауқатымыз, тұрмысымыз қазір жаман емес. Егін де, мал да бар. Бірақ ескі сүрлеумен жүре берсек, ол жол бізді алысқа апармайды. Ауыл шаруашылығының табы­сы өспей ауыл қайдан көркейсін?.. Енді ауыл шаруашылығына мойны озық елдердегі жаңа, өнімді техно­ло­гияларды әкелмей, олардан үй­рен­бей біздің еңбегіміздің қайтары­мы болмайды. Нұрсұлтан Әбішұлы мұны бұрын да айтып, ескертіп келеді. Мен шаруашылық басшысы ретінде мұны өз тәжірибемнен де көріп отырмын. Сондықтан соңғы жылдары астық держава­лары­ның бірі Канада еліне барып, олардың өнімді технологиясын көзбен көріп қайттым. Жаңа тех­но­логияға лайық техника да жаңаруы керек. Біздің шаруашылықта бұл мәселені де ойластырдық. Қазір жауапкершілігі шектеулі серіктестік­тің істі техника паркі түгелдей жа­ңар­­ды, оларда Германиядан, Кана­да­дан әкелінген техникалар тұр. Олар­­дың әрқайсысы бұрынғы үш “Енисей” комбайнын алмастыра алады. Сонымен қатар, ылғал жабу тех­нологиясын үйрендік. Кейінгі жыл­дары Қостанай өңірінде құр­ғақ­шылық болғанмен де жаңа тех­нологияның арқасында көздеген табысқа қол жеткіздік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында ішкі рынок­тағы азық-түліктің 80 пайызы елі­мізде өндірілуі қажеттігін мақсат етіп қойды. Егер талпынсақ бұл қол жетпейтін шаруа ма? Бізде жер де, дән де, мал да бар. Тек соны ұқсату қажет. Біздің шаруашылық тек астық өсірумен айналысып келген еді. Енді, қара мал өсіруді қолға алудамыз. Ет бағытындағы мал басын белгілі деңгейге дейін көбейткен соң, ауылда ет бұқтыру фабрикасын ашу ойымызда бар. Сонда дүкендеріміздің сөрелерінде Ресейден немесе басқа елдерден шық­қан бұқтырылған ет консер­ві­лері бүгінгідей сықап тұрмайды. Оның орнын өзіміз шығарған өнімдер алмастыратын болады. Астық жөнінде де осыны айтар едім. Сапалы дәнді шетелге астық қалпымен емес, ұндай жіберсек ұтарымыз анық. Облыста жаңа техникамен жабдықталған қуатты диірмендердің қатары көбейіп келеді. Осы жұмыстардың барлығы да өніммен бірге адамдарға жұмыс та береді. Ал жұмыс істейтіндердің қатары көбейсе өнім де, табыс та молаяды. Сайран БҰҚАНОВ, “Каркен” ЖШС директоры,  Қазақстанның Еңбек Ері. Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы. САЛИҚАЛЫ ІСТЕР САБАҚТАСТЫҒЫ Мемлекет басшысы Н.Назар­баев­тың Қазақстан халқына биыл­ғы Жолдауының ерекшелігі елі­міз­дің алдағы онжылдыққа арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның басымдықтары саралап көр­сетілуінде дер едік. Барлық мәсе­лелер мен міндеттер 2020 жылдар еншісіндегі асқаралы мақсаттармен байланыстырылып отыр. Біздің Президентіміз әрқашан алдағыны анық болжай білетін­ді­гімен тәнті қалдырады. Сондықтан да ел алдына нақты, міндетті түрде орындалатын мәселелерді қоя біледі. Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі дамуымыздың мықты, сонымен бір мезетте, осал тұстарын атап көр­се­тіп, біздің бәріміздің алға жыл­жуы­мыздың бағыттарын айқындап берді. Агроөнеркәсіп кешеніндегі, ғылымдағы, әлеуметтік қорғау, білім мен медицина саласындағы қарышты қадамдар, кәсіпкерлікті қолдау мен аймақтардың дамуына қатысты мемлекеттік жоспарлы шаралар біздің болашаққа деген сенімімізді қалыптастырады. Жолдаудың идеологиялық қуа­ты 2020 жылдарға арналған қазақ­стандық қарқынды құрылысты қам­титын және біздің үнемі сүйе­ні­шімізге айналуға тиісті ұлттық стратегиямызды біріктіретін 4 қағидаттан өзек алмақ. Мұның темірқазық мазмұны барша қазақ­стан­дықтар үшін Отанымыздың асқақ беделі мен мүддесі мақтаныш сезіміне бөлейтін құндылық екенін және баршамыздың қоғамның тұ­рақ­тылығы мен жарқын қадам­да­ры­на жауапты екендігімізді білдіреді. Менің жеке басым үшін Пре­зи­дентіміздің елімізді индустрия­ландырудың жаңа табыстары әрбір қазақстандықтың, ол кәсіпорын басшысы немесе қарапайым шаруа екендігіне қарамастан, ортақ күш-жігерінің арқасында жүзеге аса­тындығы жөніндегі сөздері ай­рық­ша маңызды деп білемін. Өйткені, бұл – біздің тәуелсіз еліміздің бо­лашағына қатысты мәселе. Шын­дығында, әрқайсымыз өз орны­мызда ерік-жігер танытсақ қана ортақ табыс қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы біздің ал­ды­мызға – партия активінің алдына бүкіл қоғамды, партияның барлық мүшелерін алдағы онжыл­дықтың міндеттерін түсіндіруге және орындауға бағытталған нақты тапсырма берумен қатар, бұл істі шынайы түрде басқаруды және өз бағдарламасы етіп алуды жүктеді. Президент тапсырмасы абыроймен орындалатындығына сенімдімін. Ғалым ШОЙКИН, “Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Ақмола облысы. САТЫП АЛУШЫ ЕМЕС, САТУШЫҒА АЙНАЛУ ҮРДІСТЕРІ Елдің болашағының бағытын айқындайтын Елбасының жол­дау­ларын халқымыз жыл сайын асыға күтеді. Он саусақ бірдей емес. Қазақстанның қуатты, табысты мемлекетке айналу жолында Үкі­метке қандай тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктеді соны ой елегінен өткізіп таразылау емес, әр Жол­даудан тек материалдық игіліктер күтіп үйреніп қалған жұрт та бар. Сондықтан Жолдаудың мәні мен мақсатын халыққа ұғындыруда, он­дағы берілген тапсырмалар негі­зінде жұмыс жасауда ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер жауап­кершілікте болмақ. Облыс әкімдігінде өткен активті облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов жүргізіп отырды. Жиналыстың күн тәртібімен таныстырғаннан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметовке сөз берді. “Елбасының әр жылғы жол­дау­лары “Қазақстан-2030” Стратегия­сын кезең-кезеңмен жүзеге асыруда мемлекет алдындағы міндеттерді анықтап, оларды орындаудағы нақ­тылығымен, өміршеңдігімен ерек­ше­леніп, халықтың тұрмыс-тіршілі­гін жақсартуға бағытталып, көпші­ліктің көңілінен шығып, қолдауына ие болумен келеді”, — деп бастады облыс басшысы баяндамасын. Асқар Исабекұлы Елбасының 2020 жылға дейінгі Даму стратегия­сының бес бағытын атап айтып, әрқайсысы бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстарды та­разылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет үде­мелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарлама­сын және елді индустрияландыру картасын жасады. Облыста респуб­ликалық және аймақтық индус­трия­ландыру картасы аумағында биылғы жылы 8 жоба жүзеге асы­ры­латын болады. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында жалпы құны 55,3 млрд.теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Осы құрылыс жұмыстарына бүгінгі күні 1975 адам тартылып отыр. Кә­сіпорындар толық іске қосылғанда 2 200 жуық адам тұрақты жаңа жұ­мыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Аталған инвестициялық жоба­лар­дың уақтылы іске қосылуын ба­қылау мақсатында облыс әкімі басшылығымен штаб құрылып, туындаған өзекті мәселелер тізбегі жасалып, оларды шешу бойынша нақты тапсырма берілді. Индустрия және кәсіпкерлік басқармасы аудан және қала әкімдерімен бір­лесіп, облыс көлемінде алдағы бес жылда іске асырылатын инвести­циялық жобаларды нақтылауы тиіс. Сонымен қатар, 2010-2014 жыл­дарға арналған үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамудың мем­ле­кет­тік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын инвестициялық жо­балармен тиянақты жұмыс жасауымыз қажет. Ол үшін әр  жоба бойынша нақты іс-шаралар қабылданатын болады, – деп сөзін сабақтады әкім. Облыста “Оңтүстік” арнаулы экономикалық аймағы бар. Атағы дардай болғанымен, аты бар да заты жоқтың қасы. Облыс бас­шы­сы бұрынғы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жалғастырып, жаңа заң жобасына тек тоқыма саласын ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамы­та­тындай ұсыныстар беруді көздей­тіндігін айтты. Бұл, әрине, арнаулы аймақтың жұмысын жандандырып, әртараптандыруға қызмет етер еді. Бұдан әрі облыс басшысы эконо­ми­каның қозғаушы күші кәсіп­керлікті әртараптандыру, бірыңғай кедендік тарифтер, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жұ­мыстарды жіліктеп берді. Байлықтың үлкені – халық. Хал­ықтың денсаулығы, білім алуы және әлеуметтік қолдауларға ие болуы Елбасы жолдауларының негізгі тіні. Облыста 2009 жылдың соңында мектепке дейінгі ұйым­дардың саны 244-ке жетіп, оған 28589 бала қамтылды. 2010 жылы 7 мыңдай орынға 118 мектепке дейінгі білім ұйымдарын іске қосу жоспарланып, балабақшамен қамту 18% құрамақ. – Бұл көрсеткіш бізді қанағат­тан­дыр­майтыны белгілі, – деді облыс басшысы. Себебі, әлі 35416 бала балабақша кезегінде тұр. Оң­түс­тіктегі бала туылымы көрсет­кіштерінің жылдан-жылға өсуі бұл бағыттағы жұмыстарымызды ши­рата түсуді талап етеді. Облыстық білім басқармасы, аудан, қала әкімдерімен бірлесіп, тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, облыстық “Балапан” бағдарламасын 1 ай көлемінде облыс әкімдігінің бекітуіне ұсыну жөнінде тиісті тапсырма алды. Соған сәйкес қала, аудан әкімдері өздерінің аймақтық бағдарламасын жасап, іске асырулары қажет. Баяндамасында Жолдауға бай­ланысты тапсырмаларды сала-са­ласымен жіліктеген облыс бас­шысы “Президентіміз айтқандай, біздің ең басты құндылығымыз – Тәуел­сіз Қазақстан! Осы сөздердің ма­ғынасына жете түсінген әрбір қазақстандық азамат қоғамдағы өз ор­нын, жауапкершілігін толық­қан­ды сезіне білуі, соған сәйкес жалпы халық, мемлекет мүддесі үшін еңбек етуі тиіс деп есептейміз”, – деп сөзін аяқтады. Баяндамадан кейін сөз алған “Нұр Отан” ХДП ОҚО филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары Ұласбек Сәдібеков облыстағы саяси партиялар мен қоғамдық бірлес­тіктердің ел мүддесі жолында бір тудың астында табылуы қажеттігі жөнінде ой толғады. Бұл ретте пар­тияның облыстағы филиалы жанды жұмыс жасап отырғандығын, бар­лық саладағы белсенділігін атап айтты. Оңтүстік Қазақстан облы­сының прокуроры Берік Құлтаев құқық қорғау органдарының жұмы­сын үйлестірудегі ойларын алқаға салды. Қылмыстық іс жүргізу қызметін жетілдірудегі жақсы нәтиже берген құрылымдардың жұмысын тізді. Алайда, кәсіпкерлер өз құқығын заңмен қорғау жағына әлі де сенбестікпен қарайтындай. “Сенім телефонына” екі рет қана қоңырау шалынғандығы соның айғағы дейді ол. Қала, аудан прокурорларын конкурстық негізде қоюды жақтаған об­лыс­ бас прокуроры басқа құрылымдар де­мо­кра­тиялық үрдіс пен қызметке адалдықты бізден үйренсін, біз сон­дай қызметке лайық боламыз деген сыңайда сөзін аяқтады. Облыстық ауруха­наның бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқан Егіз­баев үшінші мәрте депутат ман­датына ие болған халық қалаулысы. “Мен 1998 жылы об­лыс­тық мәс­лихаттың депутат­ты­ғына сайлаған­да облыстың бюджеті 24 млрд. теңге ғана еді, қазір 200 млрд. тең­геден асты. Бұл – мемлекетіміздің әлеуетінің қанша­лықты артқан­дығының көрінісі” – деді ол. Ауру­ханалар салынып жа­тыр, ескілері күрделі жөндеуден өтуде. Жаңа клиникалар пайда­лану­ға берілуде. Ал, жаңа карди­о­ор­талықтың зама­науи жаңа қон­дыр­ғылары көрші мемлекеттердің ешбірінде жоқ. Ден­саулық сала­сына айрықша назар аударғаны үшін дәрігерлер қауымы атынан Елбасыға ерекше рахмет айтамыз деп сөзін қорытындылады. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің проректоры А.Протапов универ­ситеттің шәкірттерге білім беруде халықаралық стандартқа әлдеқашан көшкенін айтты. Белгілі бір салалар бойынша магистрлар ОҚМУ және Германиядағы Гамбург унверси­тетінің дипломын қоса алады. Өндіріс орындарымен келісім-шарт түзілген, бұл кадр дайындауда үл­кен көмек. Университеттегі техно­парк кәсіпкерлердің жұмысын өріс­тетуге және жаңа бизнес көзін та­буына жәрдемдеседі. Ауыл шаруа­шылығы саласында да алдындағы арық-тұрық малға мәз болмай, жаңа технологиялар арқылы асылдандырудың жөнін айтты. Жастар атынан шыққан студент Гүлнұр Ақанованың ұсынысы көптің көкейінде жүрген ой еді. Облыс жастарының құмырсқа илеуіндей болған “Жастар сарайы” кезінде опера және балет театрына айналып кеткен болатын. Жиналысты қорытындылаған облыс басшысы жастарды мазалап жүрген жәйтті шешуді өзінің де көптен ойластырып жүргендігін айтты. Биыл облыста талантты жастарды қолдау мақсатында “Жастар орталығы” ашылады. Уәде берсе үдесінен шығатын әкімнің өз жағдайларын ойлап жүр­геніне жастар жағы қуанысып қалды. Елбасы Қазақстанның бо­лашағы білімді ұрпақтың қолында екендігін жиі айтады. Жастарды қолдау – елдің болашағын кемел ету. Жол­даудағы тапсырмалар мен міндет­терді орындау барысы осын­дай жақсылықтардан бастау алып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент. ШИКІЗАТТАН — ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ БАР ӨНІМГЕ Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған облыс активі болып өтті. Оны облыс әкімі Қанат Бозымбаев жүргізді. Алғашқы сөз кезегін өзі алды. Еліміз, оның ішінде Жамбыл облысы Президент қойған мін­дет­терді орындауда үнемі белсенділік танытып келеді. Соның арқасында дағдарыстан даму жолына түскен өңір көптеген табыстарға қол жет­кізіп отыр. Бұл ең алдымен мем­ле­ке­тіміздегі саяси тұрақтылықты қалың елдің қолдауының арқасы екені белгілі. Облыс әкімінің айтуынша, өңір­дегі “Жол картасы” бағдар­ла­масы аясында 276 инвестициялық жобалар іске асырылды, 13 мың­нан астам жұмыс орны ашылып, 12 мың 746 адам жұмысқа орналасты. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Биыл “Жол картасы” бағдарламасы аясында 207 инвес­тициялық жоба­ны іске асыруға 8 млрд. 598,1 млн. теңге бөлінеді. Ин­вестициялық ба­ғыттар бойын­ша 8 мың 489 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. – Елбасы биылғы Жолдау­ын­да алдағы 10 жылдағы экономи­ка­лық дамудың мақсатын және осы ба­ғыт­та атқаратын ісімізді ай­қын­дап берді. Онжылдықта еліміздің дамуы ұлттық экономиканың бә­секеге қабілетті­лігін арттыру есе­бінен қамтамасыз етілетін болады. Яғни, Президент еңбек өнімділігін арт­ты­рып, инновацияларды ен­гізуді мін­деттеп отыр, – деді Қанат Бо­зымбаев. Облыста индустриялық-ин­но­ва­­циялық даму бағдарламасы ая­сында құны 50 млн. АҚШ дол­ларынан асатын облыстың 7 ин­вестициялық жобасы республи­ка­лық индус­трия­ландыру картасына енгізуге  ұсы­ныл­ды. Олардың ара­сында “Тараз металлургиялық зауы­ты”, “Мың­арал Тас компа­ни”, “ЕвроХим – удобрение”, “TENІR-LOGІSTІK”, “Хантау цемент зауыты”,  “Каз­фосфат”-2 сияқты жобалар бар. Ал аймақтық картаға енгізу үшін 12 инвес­тициялық жоба әзір болыпты. Облыста жалпы құны 807 млрд. теңгеге 19 инвестициялық жоба­дан пакет құрылған. Елбасы Жолдауында Үкіметке биылғы жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бір­ыңғай бюджеттік бағдарлама ен­гізілетіні айтылған. Оны “Биз­нес­тің жол картасы-2020” деп атауды ұсынғаны да белгілі. Осы орайда өткен жылы облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъек­тілерінің саны 5,7 пайызға, оларда қыз­мет жасайтын адам саны 2,3 пайызға өсіп, 110 млрд. теңгенің өні­мі өндірілгенін де айта кеткен жөн. Облыс әкімінің айтуынша, агро­өнеркәсіп саласына қолдау көрсету үшін нақты бағдарла­ма­лар­ды қолға алу, іс-шаралар қа­был­дау, ол үшін шетелдік және жеке ин­вестициялар тарту қажет. Өңірді да­мыту үшін реформалар жасау, оның негізгі тірегі химия өнер­кәсібі, металл өнеркәсібі ке­шені, аграрлық және құрылыс ма­те­риалдары индустриясы да на­зар­дан тыс қалмағаны жөн. Әсіресе, алдағы уақытта шикізатқа емес, түр­лі өнімдер өндірумен,  оның экспорттық әлеуетін арттыруға қол жеткізумен, сөйтіп жоғары сапалы өнімдер шығаратын кәсіп­орындар құрумен айналысқан тиімді болмақ. – Жамбылдық бизнесмендерге бидай, мал, ет және шикі сүт емес, одан жасалатын сан алуан өнім­дер шығару арқылы пайда та­буға көшу керек. Мұның бәрі Жолдауда ай­тылған. Ендеше, он­дағы міндет­терді орындау сіздер мен біздердің міндетіміз. Жол­дау­дағы негізгі мә­селелер облы­сы­мызда кең көлемде насихатталып, сонымен бірге, іске асырылуы қажет. Біз облыстың эко­номи­касын өркендету үшін аянбай қызмет етуге тиіспіз. Бізге нәтиже керек. Ол халыққа күш-қуат беруі керек, – деді облыс әкімі. Аймақтың кәсіпкерлерімен бизнес-форум өткізіп, оларға белгілі бір тиімді шарттарды ұсыну, жағдай жасау және ең бастысы – бизнестің дамуына кедергі жасамау, қайта көмек қолын созу да ай­тылды. Сонымен бірге, облыста алдағы уақытта қуатты кәсіпкерлік кластер құру көзделсе, бұған облыс әкімдігі терезесі тең әріптес ретінде көмек қолын созып,  мемлекеттік-жеке әріптестіктің механизмін іске асырмақшы. Активте мінбеге шыққан арда­гер Әлмұқан Исақтың сөзі мен пікірі көпшіліктің көкейі­нен шықты. Ол өткен жылғы Жолдау мен биылғы Жолдаудың өзара сабақтастығын, бір-бірінің заңды жалғасы екені айта келіп, жер көлемі жөнінен әлемде 9-орынды алатын, табиғи байлығы өте мол, бірақ халқының саны небары 16 миллионның төңіре­гінде ғана болатын елдің дамуы үшін оның тәуелсіздігіне сызат түсірмеу басты парыз екенін еске салды. “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік Жол­дау­дың ел тағдырындағы алар орнын ашып көрсету туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Облыс активінде, сондай-ақ, қалалық, сол секілді ауылдық жер­лердегі балаларды мектеп жасына дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету, “Балапан” арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асы­ру­ға кірісу, жастарға қамқорлық жа­сау, соғыс ардагерлеріне жәрдем­десу, сондай-ақ денсаулық сақтау, саламатты өмір салты мен бұқа­ралық спортты дамыту үшін ар­найы іс-шараларды жүзеге асыру жайы да ұмыт қалған жоқ. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Жолдау жолдарын жұртшылыққа жеткізу БАҒЫТ АЙҚЫН, БАСТАМА БАЯНДЫ Кеше Ақтөбе қаласындағы мұнай қондырғылары зауытында “Нұр Отан” ХДП-ның Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың  “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өр­леу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­­діктері” атты Қазақстан хал­қы­на Жол­дауын қолдау мен кең ау­қымда на­сихаттауға арналған фору­мы өт­кізілді. Форумға қатысушылар арасын­да өндірістік кәсіпорындар жұ­мыс­­шы­лары, денсаулық сақтау және білім беру салаларының қыз­меткерлері, зиялы қауым, барлық деңгейдегі мәс­лихат депутаттары, үкі­меттік емес ұйымдар, “Жас Отан” жастар қанатының өкілдері, сту­денттер, соғыс және еңбек ардагерлері бол­ды. Ұрандар мен транспаранттар көтерген акцияға қатысушылар “Нұр Отан”ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығ­матулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықов бас­та­ған қонақтарды салтанатты жағ­дай­да қар­сы алды. Акцияда сөз алған Нұр­лан Нығ­матулин Елба­сы­ның Қа­зақстан халқына биылғы Жол­дау­ын тарихи маңызы зор құжат деп ба­ғалады. Бұл Жолдау­дың бұдан бұ­рынғы жол­даулардан ерек­шелігіне тоқ­талды. Бұған дейінгі жолдаулар  бір жылдың аясында атқарылар шаруаларды қарастырып келсе, енді таяудағы он жылға  бағдар ұс­тал­ғанын, сон­дай-ақ оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын айқын­дап бер­ге­нін жеткізді. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаев Ақтөбені ел экономи­ка­сы­ның локомотиві деп бағалағанын тағы бір еске түсіре отырып, өңір­де жалпы сомасы  6 млрд. доллар бо­ла­тын жиырмадан астам индус­триялық-инновациялық жобаның жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті. Мұның өзі өңірдің экономикалық мүмкіндігінің, та­би­ғи ресурстарының мол екен­ді­гіне дәлел болатынын айтты. “Нұр­­сұл­тан Әбішұлы ұсынған нақты іс-қи­мыл жоспары қазақ­стандықтарды түрлі салада әлемдік же­тістіктерге сай етіп қана қой­май, сол жетіс­тіктерді өзіміздің жа­сауымызға жол ашады. Алдағы он жылдың мін­деттері “НұрОтан” ХДП-ның жаңа әрі негізгі бағ­дарламасы болады”, деп түйіндеді өз ойын Нұрлан Нығматулин. Облыстық мүгедектер қоғамы­ның төрағасы, Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагері Федор Чемоданов Елбасының сарабдал саясатының, азаматтық ұстанымының арқа­сын­да қол жеткен жетістіктерімізге ризашылығын білдірді. Оның тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп орындап келе жатқан облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың атына да жылы лебіз айтты. Ақтөбе көлік  коммуникация және жаңа технологиялар коллед­жі­­нің директоры Жеңісгүл Мұхам­бетпайызова Президенттің стра­те­гиялық бағдарламасында жоспар­ланған маңызды жоба “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” көлік жолы бойынша жұмыс істейтін маман­дарды даярлауға баса назар аудар­са, Ақтөбе педагогикалық инс­ти­туты­ның студенті Мәншүк Дүм­баева жастар мәселесіне тоқталды. Облыс әкімі  Елеусін Сағын­дықов Елбасы Жолдауында бағ­дар­­­ланған жұмыстарды жүзеге асыру­дың толық мүмкіндігі бар еке­нін, экономикалық дамудың ал­ғы­шарт­тары жасалғанын  баян­дады. Ол сон­дай-ақ Жолдаудағы алға қойыл­ған міндеттерді бұл­жыт­пай орындау қажеттігін, да­мы­ған елу ел емес, алғашқы он­дық­тарға бағдар ұстау керектігін әңгі­меледі. Еліміздің дағдарысты ең­сере отырып, дамуға бағыт ұстап отырғаны Елбасының көреген сая­сатынан бастау алып жатқанынан мысалдар келтірді. Елбасы Жол­дауын елдің ертеңіне қызмет ете­тін маңызды құжат деп бағалады. Сонымен, ақтөбеліктер кеше ел Президентінің Жолдаудағы барлық тапсырмаларын мерзімінен бұрын, яғни алғашқы 5 жылда орындау ниеттері бар екенін мәлімдеді. Бұл еліміздің барлық өңірлері үшін жақсы үлгі бола алар еді. Сол күні “Нұр Отан”ХДП Ақ­төбе облыстық филиалының ке­зектен тыс 11 конференциясы бо­лып, онда филиалдың жаңа төраға­лығына облыстық мәсли­хаттың хатшысы Балғали Ордабаев сайланды. Конферен­цияда филиал саяси кеңесінің құрамына өзгеріс­тер енгізілді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе. АРДАГЕРЛЕР РИЗАШЫЛЫҒЫ Сонау қиыншылыққа толы 90-шы жылдардың екінші жартысында Елбасының бас­тамасымен елімізді дамытудың 2030 жылға дейінгі ауқымды бағдарламасы қабылданған бо­ла­тын. Міне, енді сол бағдар­ламаның алғашқы он жыл­ды­ғын қорытындылап отырған жайымыз бар. Ал сол алғашқы он жыл­дықтың қорытындысы көңіл марқайтады. Оны басқа емес, әлеуметтік мәселелердің шеші­мі­нен де айқын аңғаруға бола­ды. Айталық, осы жылдар ішін­де зейнетақы мөлшері жыл сай­ын өсіп отырды. Әсіресе, соғыс ардагерлерінің зейнетақысы еселеп өсті. Биылғы жылы, яғни Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында оның мөлшері біршама арттырылды. Енді, міне, осы атаулы мерекеге орай мемлекет тарапынан әр соғыс ардагеріне 65 мың теңге сыйақы берілетіндігін біліп отырмыз. Меніңше, бұрынғы Одаққа қарасты елдердің ішінен ең алдымен осындай игі шешім жасаған біздің мемлекет болар, сірә. Мынадай дағдарысты жағ­дайда зейнетақы мен басқа да әлеуметтік көмектердің, соны­мен бірге, жалақының мөлше­рін арттырмаса, кемітпей келе жатқан да біздің ел. Ендеше, кей жағдайлардағы ұсақ-түйек кемшіліктерге бола реніш білдірудің жөні жоқ деп білемін. Сондықтан ендігі жерде береке, бірлігімізді сақтай білейік дегім келеді. Сонда Елбасымыздың қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында айтылған­дай, келер онжылдыққа, яғни 2020 жылға дейінгі межелеп отырған асудың да еш қиын­дық­сыз алынатындығына өз басым кәміл сенемін. Дауылбай ЫСМАҒҰЛОВ,  отставкадағы полковник. Семей. ЫНТЫМАҒЫ ОРНЫҚТЫ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БЕРЕКЕЛІ Әрбір саналы жанды ел келешегі толғандырады. Сәл шегініс жасасақ, осыдан екі жыл бұрын әлемдік қаржы дағдарысының қатты соққысы жер жүзіндегі алпауыт мем­лекеттерді де, дамушы елдерді де абыржытып тастаған болатын. Қай кезде де тығырықтан жол іздеу, үміт артып отырған халықты қиын­дықтан аман алып шығу ел басқарып отырған аза­матқа жүктелетін ауыр да өте жауапты міндет екені анық. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол тұста Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлдіріп, еліміздің банк және қаржы саласын қорғау үшін дарғарысқа қарсы нақты іс-шаралар жүзеге асырылды. Елбасы Парламент алдына қаржы дағдарысына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туғызатын көптеген заң­дарды жедел қабылдауды жүктеді. Депутаттық корпус осы міндеттерді дер кезінде орындап шықты. Өткен жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламенттің үшінші сессиясын ашқанда елдің жағдайына тоқтала келіп, депу­таттардың екінші сессиядағы жұмысын жемісті болды деп бағалады. “Парламенттің екінші сессия кезіндегі сапалы жұмысы әлеумет­тік-экономикалық проблемаларды жедел шешу, жаһандық қаржы дағдарысының келеңсіз сал­дарларын еңсеру үшін заңнамалық негіз жасап берді. Өткен кезеңде тұрақтандыру шараларына мемлекет 19 миллиард доллар жұмсады, бұл ел ІЖӨ-сінің 14 пайызына сәйкес келеді. Бүгіннің өзінде біз қабылданған шаралардың оң нәтижелерін сезудеміз. Біріншіден, әлеуметтік саланы нығайту мүмкін болды. Біз мемлекеттің халқымыздың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін сақтап қалдық. Мұнда халық­тың өңірлік жұмыспен қамтылу стратегиясын іске асыру үлкен рөл атқарды, оған 191 миллиард теңге бөлінді”, – деді қыркүйекте Елбасы Н.Назарбаев. Ел болып, ынтымақты түрде атқарылған қыруар істердің арқасында әлемді теңселтіп тастаған қаржы дағдарысының ауыр соққысы біздің елімізде көп біліне қойған жоқ. Көптеген құрылыс саласында жұмыстар тоқтап қалғаны анық. Алайда, ол жөнді-жөнсіз жоспарланып, тек қана мол қаржы жинауды көздеген құры­лыс компанияларының картадан тұрғызған қалашық секілді болжамдарының бір күнде күйреп, құлағанына жұртшылық куә болды. Сол кезде пәтердің әрбір шаршы метрі де қарқындап өсіп бара жатты. Ол кездегі қате­лік­тің бірі алдағы екі-үш жылда салынатын үйлердің қаражатын халықтан жинап алып, сол қаржыға бір-екі жыл бұрын ақшасын төлеп қойғандардың үйлерін салу тәсілі еді. Құрылысқа қатысы жоқ компаниялар да үй салып, екі арада мол пайда табу жолына түсіп кетті. Осының бәрін заңмен реттеу қажет болды. Соған орай үлескерлікке қатысты заң­дарға түзетулер енгізілді. Өткен жылғы шіл­де­нің 14-і күні Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акті­лері­не тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Ендігі жерде құ­рылыс саласында ондай заңсыздықтарға жол берілмейді деген сенімдеміз. Елбасының сөзімен айтқанда, дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты болды. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев аза­маттардың, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі­нің, мемлекет пен құрылыс компанияларының тең құқылы әріптестігі қағидатын пайдалану қажеттігін айтты. Жыл сайын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жол­дауын ақпан айының соңында немесе наурыздың басында жария ететін еді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жолы Жолдауын жылдың басында, қаңтардың 29-ы күні жария етті. Бұл Жолдаудың ерекшелігі өте мол. Бұған дейінгі жолдауларда елдің бір жыл ішіндегі және таяу кезеңдегі атқаратын негізгі іс-ша­ралары, қабылданатын заңдары баса көрсетіліп келді. Ал бұл жолы елдің алдағы он жылға көздеген межелі міндет­тері айқындап берілді. Елбасы екі-үш жылға ғана болжам жасап, әлемдік қаржы ықпалының соңынан еріп жүре беруге болмайтынын меңзеп отырғанын түсіндік. Бұл Жолдаудағы міндеттер 2020 жылға дейінгі елдің асуға тиісті белестерін көрсетсе, оның арғы жағында 2030 жылға дейінгі онжылдық кезеңнің тұрғанын анық байқауға болады. Алдағы он жылдыққа жа­саған қарышты қадамын Қазақстан Барыс жылы бастап отыр. Және де ел абыройын асыр­ған, қазақ халқының бейбітшілік сүйгіш, бауыр­мал, өнерлі екенін әлемге танытатын ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебелі міндетімен бастады. Бұл да жақсылықтың нышаны деп білеміз. Халықтың жағдайын жақсарту – бірінші кезектегі мәселе. Елбасы әрбір сөйлеген сө­зін­де халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, яғни зейнеткерлер мен мүгедектерге, көп балалы аналарға, қамқорлықсыз қалған жан­дарға қолдау көрсетуге, тұрғындардың ден­сау­лығын арттыруға, жастардың білімін жетіл­діруге баса көңіл бөліп, Үкіметке нақты мін­деттер жүктеп келеді. Осы мақсатты дұрыс түсін­ген парламентшілер де әлеумет үшін маңызы зор заңдарды сапалы түрде және уақтылы қабылдауға атсалысып келе жатқанын айта кеткен жөн. Жолдаудың әрбір бөлігінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететін іс-шаралардың атқарылуы жөнінде айтылды. Айталық, елдің экономикасын дамыту – ха­лық­тың жағдайын жақсарту деген сөз. Қазақ­станға инвестицияның келуі, индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығына жаңа серпін беру – осының бәрі ел тұрғын­дарының жағдайын жақсартуға алып баратын жол. Биылғы Жолдауда Елбасы халықтың ден­саулығын сақтау туралы айта келіп, 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есе төмендетуге, жалпы өлімді 30 пайызға дейін азайтуға қол жеткізуіміз керек екенін, өмір сүрудің ұзақ­тығын өркениетті елдердегі секілді 72 жасқа дейін ұлғайту қажет екенін айтты. Бұл мың­даған тағдырлардың аман қалуы, бақытты өмір сүруі дегенді білдірсе керек. Соңғы жылдары үлкен қалаларда балабақша мәселесі өзекті бола түсті. Балабақша көрмей, кезектері жетпей мектепке барып жатқан балалар көп. Депутаттарға балаларын балабақ­шаға орналастыру үшін ықпал етуін өтініп хабарласатын, арыз-шағым жазатын ата-аналар аз емес. Міне, осы мәселені түбегейлі шешудің жолын Елбасы өз Жолдауында айтты. Бірінші рет елімізде “Балапан” арнайы бағдар­ла­ма­сы қабылданатын болды. Оны әзірлеп, жүзеге асыруды Үкімет пен әкімдерге тапсырды. Ат­қарушы билік органдарына бірлесіп, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында-ақ “Балапан” бағдар­ла­масын іске асыруға кірісуді жүктеді. Жолдауда жоғары білім сапасы ха­лық­аралық талаптарға жауап беруі тиіс екені, Қазақстандағы білім ордаларының әлемнің жетекші универ­си­теттерінің рейтингіне енуге ұмты­лулары керектігі баса айтылды. Өйткені, сапалы білім болмай, білікті маман даяр­лан­байтыны анық. Қазір біздің жастарымыз “Бола­шақ” мемлекеттік бағдарламасы арқылы шетелдерде оқып жатса, алдағы уақытта көп­теген шетелдің азаматтары өз мемлекеттерінің арнайы бағдарламаларымен біздің елдің уни­верситеттерінде оқып, әлемдік стандарттарға сай білім алатынына кәміл сенемін. Ең бастысы, қазақстандық білім ордасының дипломын алған өз жастарымыз тәуелсіз еліміздің көшін алға бастайтын алғыр да абыройлы азаматтар бола білуі керек. Ал өскелең ұрпақтың шетелдік әріптестерімен кездескенде немесе өзге мемлекетке барғанда ақыл-парасатымен, біліктілігімен озық тұрғанын көру – елдік мұратымыз. Осы Жолдауда Елбасы Үкіметке білім мен ғы­лым саласын жүйелі түрде жан-жақты же­тіл­діретін заң жобаларын дайындап, Парламенттің қарауына жедел ұсынуды тапсырды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің сыртқы саясаты туралы тоқталғанда: “Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіп­сіздік және ын­тымақтастық ұйымында төраға болуға мүм­кін­дік берді. Бұл – біз үшін үлкен абырой”, – деп қазіргідей өте күрделі кезеңде беделді Ұйым­да жетекшілік жасау жас мемлекетіміздің алдында тұрған аса жоғары жауапкершілік екенін атап өтті. Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы төрағалығында “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” ұранын таңдап алды. Бұл ұстанымымыз ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер тарапынан бірден қолдау тапты. Сонымен қатар, биыл Елбасының бастамасы­мен Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу ту­ралы мәселе де аталған Ұйымға мүше елдердің қолдауына ие болуда. 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін араға жылдар салып, осы маңызды халықаралық басқосу елордамызда өтсе, ол да жас мемлекетіміздің абыройын асыра түсері сөзсіз. Және де әлем назарын өзіне аударған оқиға болмақ. Жолдауда Елбасы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдарды да елдік мәселеде бір­лесе отырып жұмыс атқаруға шақырды. Атал­ған қыруар істерді жүзеге асыруда “Нұр Отан” партиясының белсенділік танытуы керек екенін, осы партия мүшелерінің алдына үлкен мін­деттер жүктеліп отырғанын да жеткізді. “Еш­кім сыртта тұрмауы керек, өйткені, тек осылай ғана біз Қа­зақ­станның жаңа эконо­микалық өрлеуін қамтамасыз етеміз”, – деді Н.Назарбаев. Халыққа арнаған Жолдауды тыңдаған әрбір адам өзін толғандырып жүрген мәселелерге жауап тапты, келешекке үлкен үміт артып, мемлекет пен қоғамға деген сенімі нығая түсті деп ойлаймын. Өйткені, бүгін қандай жетістікке жеттік, алдағы он жылда қандай биік белестерді бағындырамыз? Елбасы Жолдауында осының бәрі толық қамтылды. Қазіргі жеткен жетістіктеріміз келешектегі алар асуларымыз бен толағай табыстарымыздың табан тірейтін тұғыры екеніне көз жеткіздік. Ынтымағы орнаған елдің болашағы да берекелі болмақ! Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты.