19 Наурыз, 2018

Талғат Қалиев: Жастарға мүмкіндік мол

1001 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігіне де байланысты екені сөзсіз. Осы ретте елімізде жастар саясатына қаншалықты көңіл бөлініп отыр? «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиевпен осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

Талғат Қалиев: Жастарға мүмкіндік мол

̶ Мемлекеттің жастар саясатын ғы­лыми әдістемемен қамтып отыр­ған орта­л­ық директоры ретінде Қа­зақ­стан­ның жастар саясатын қалай бағалар едіңіз?

̶ Мемлекетіміз жастарды жан-жақты қолдау шараларына баса назар аударып отыр. Бізде ЖОО-ға бөлінген гранттар,­ тегін орта техникалық білім, жастар­ кәсіпкерлігін қолдау бағдар­ла­­­­­­масы секілді көптеген мүм­кін­­­­­­дік бар. Сондай-ақ мем­­­­­­­ле­­ке­ті­­міз­де 200-ден астам жастар ре­сур­с­­­тық­ орталығы жұмыс істейді. Он­­да жастар кеңес алып, ұсынылған қыз­­­меттерді үйрене алады. Бұл тәжіри­бе­міздің тиімділігін Ресей мойындап, қа­зір біздің жұмысымызды зерттеп жатыр. Бірақ жастарды қолдауға арналған бағ­дарламалар туралы ақпараттандыру деңгейі өте төмен. Сондықтан қазір жас-
тарды осы тұрғыда ақпараттандыру жағын қолға алу керек деп ойлаймын.

– Сіз басқарып отырған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зерттеулер бойынша қандай жұмыс­тар атқарылады?

̶ Орталық Азиядағы тек жастар мә­селесін зерттейтін жалғыз құрылым – «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылы Президент Нұрсұлтан Назар­ба­евтың тапсырмасымен ашылған. Әлем бойынша жастар мәселесімен айналысатын 9 орталық қана бар. Біздің негізгі қызметіміз – мемлекеттің жас­тар саясатын ғылыми методикамен қамту. Біз жүргізген зерттеулердің бар­лығы баяндама ретінде мемлекеттік ор­гандарға жіберіледі, ұсыныстар айтылады.

– Қазақстан жастарының қоғам­дағы белсенділігі туралы не айтасыз?

̶ Жастар дамуының жаһандық ин­дексінде біз 61-орындамыз. Өкінішке қарай, былтыр жастар индексі төмен­де­ді. Бұған жастардың азаматтық белсен­ді­лі­гінің азайғаны әсер етті. Жастар ақша тө­ленбейтін қоғамдық жұмыстармен айна­лысқысы келмейді.

– Биыл елімізде жастар саясатына 7,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл аз емес пе?

̶ Бұл барлық жастар ресурсына арналған қаржы. Менің ойымша, мәселе қаржыландыру көлемінде емес, оны тиімді пайдалануда. Бұдан да аз ақшаны тиімді жұмсауға болады. Экономика математика емес, қоғамдағы қарым-қатынас. Сондықтан белгілі бір мақсатқа ақша бөлінсе, оны дұрыс игеру тиімді жұмсалуға байланысты деп ойлаймын.

– Бүгінгі таңда Қазақстан хал­қының 22,3 пайызы жастар екен. Бұл шамамен 4 млн адам. Сіздің ойыңызша, жастарды қандай проб­лемалар алаңдатады?

̶ Жастарды бірінші кезекте жұмысқа орналасу, жақсы жалақы алу, отба­сын құру мәселелері алаңдатады. Қа­зақстанда құндылық шкаласы бойынша отбасы бірінші орында тұрғанын айта кету керек.

– Жастар үшін отбасы басты құн­д­ы­­­лық демекші, Ұлттық баяндамада жас­тардың 25-28 жас аралығында отбасы құратыны жә­не жыл сайын бұл көр­сеткіш ұлғайып ба­ра­ жатқаны айтыл­ған. Оның себебі неде болуы мүмкін?

̶ Бүгінде қоғамда әлеуметтік рөл мәселесі бар. Мысалы, бұрын ер мен әйел бір-біріне тәуелді болған. Ер адам отбасын асыраған, әйел үй шаруасымен ай­на­лыс­қан. Қазір әйелдер де карьера жасап, тіп­ті, ер адамнан да көп ақша таба алады. Ал ерлер, мысалы, үйге тамақ жет­кізіп бе­ру қызметін пайдалана алады. Мұн­дай­да материалдық құндылықтардың со­ңы­нан ерген жастар отбасының не үшін ке­рек екенін түсіне алмайды немесе оны құруды кейінге шегере береді. Дегенмен, жалғыздықтың жақсы таңдау емес екенін түсіндіру керек. Себебі жеке тұлғаның жан-жақты гармонияда дамығаны жөн. Мейлі, ол отбасы болсын, мейлі кәсіби тұрғыда болсын.

– Жастар қылмысы туралы не айтасыз?

̶ Негізінен, жастар қылмысының көрсеткіші өзгермеген, тек ақпарат артты десем болады. Жағымсыз ақ­па­раттың тым көптігінен қазір кері пікір қалыптасып жатыр. Менің білуімше, жастар арасында ішімдік пен темекі шегу деңгейі төмендеген. Саламатты өмір салты жақсы жолға қойылған. Ал алкогольді сусындарды тұтыну деңгейінің азаюы қылмыс деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Себебі көптеген қылмыс ішімдіктен болады.

– Қазір қоғамда жастарға қатысты жағымсыз пікір көп айтылып жатады. Ал сіздің жастарға көңіліңіз тола ма?

̶ Қазақстан жастарына көңілім толады. Байқасаңыздар, шетелде жүрген қазақстандық жастардың басым бөлігі жақсы қызметте істейді. Мен БҰҰ-да жұмыс істеп жүрген, өз күш­терімен жұмысқа орналасқан талай жас­ты көр­генмін. Менің ойымша, біз білім жүйесін қанша сынағанымызбен, ол бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп жатыр.

Біз жүргізген зерттеулерге сенсек, кейде жастар жеке кәсіби қа­білет­тен гөрі екі немесе үш диплом же­тіс­тікке жеткізеді деп есептейді. Бір ғана Астананың еңбек нарығында 8 мың бос жұмыс орны бар. Бірақ жас­тар ол орындарға жұмысқа тұ­ру­ға асықпайды. Сауалдама нәти­же­ле­рі­не сен­сек, жастардың 92 пайызы жұ­мысқа та­ныс арқылы орналасу керек деп ойлайд­ы. 65 пайызы мемлекет өз­деріне қаржылық көмек көрсетуге мін­детті деп есептейді. Бірақ олай бол­мауы ке­рек. Ешкім ештеңеге мін­детті емес. Елбасы «Рухани жаңғыру» ма­қаласында айтқандай, прагматизм мен бәсекеге қабілеттілікке басымдық берілуі керек. Яғни жастар тек диплом алу үшін оқыса, жетістікке жетуі екіталай. Ал өз-өзін дамытып, үнемі ізденіп жүретін ма­ман түбінде бәрібір биіктен көрінеді. Бә­се­кеге қабілетті болғысы келген маман өмір бойы жаңа білім алуға, үйренуге дайын болуы керек.

Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан жастарында мүмкіндік көп. Сондықтан жастардың мамандық таңдауына ата-аналардың да назарын бұру керек. Біреу таңдап берген мамандықта, өзің ұнатпайтын ортада жетістікке жету мүмкін емес.

– Жастардың шетелге кетуіне бай­­­­ла­нысты қоғамды алаңдатып жүр­­­­ген мәсе­ле көп. Осы туралы не айтар едіңіз?

̶ Жастар шетелге кетіп жатыр деп жүргендер, оны проблема көретіндер көп. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш. Біздің елдегі дамушы экономика бар­лық жоғары білікті мамандарды өз деңгейіне сай жұмыспен қамтуға үне­мі мүмкіндік бере алмайды. Біз ин­женерлік сала мен бағдарламалау бо­йын­ша да көш бастап тұрған жоқпыз. Ал ондай мамандар Американың немесе басқа мемлекеттердің ірі компанияларына жұмысқа кетіп жатса, біздің адами капиталдың бай және жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар шетелге кеткен жастар сол жақ­тан тә­жірибе жинайды да, жоғары тех­нология­ларды игереді де, өз еліне қай­тып келгенде, соны жүзеге асыратын болады. Олар міндетті түрде елге оралады.

– Солай боларына сенімдісіз бе?

– Иә, шетелде жұмыс істеп жүрген жас­тар­дың басым бөлігі Қазақстанға қай­­тып келетініне сенімдімін. Себебі шет­­елде заңды түрде қалу қиындау. Аза­­мат­­тық алу да оңай емес. Олар қа­зақ­­стан­дық төлқұжатты, азаматтықты сақ­тай­ды. Сонымен қатар шетелде жүрген жас­тар­дың дәстүрлі құндылықтарды бойында сақтап қалатынын байқап жүрмін. Шет­елде жүргенде елін сағын­байтындар кем де кем. Себебі кез келген адам тамырын білуі керек. Тамырын білмеген адам тұлға емес. Ал шетел­де тұратын қазақтардың көбі күй тың­дайды, домбыра шертеді, өзара қазақ тілінде сөйлеседі. Олар өз елінің патриоттары. Сондықтан жас кезінде тәжі­рибе жинап, кейін оны Қазақстан игі­лігі үшін пайдаланатынына сеніммен қа­раймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»