Қазақстан • 20 Наурыз, 2018

Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен этномәдени іс-шара өтті

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Туған жерге тағзым» атты этномәдени шара өтті. 

Астанада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен этномәдени іс-шара өтті

Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайын думанға бөлеген аталмыш оқиғаға Еуропада тұратын тілші-журналист Бәшір Жаналтай, Өзбекстандағы қазақ ұлттық мә­дени орталығының өкілі Кла­ра Садырбаева бастаған шетелдер­дегі қазақ диаспоралары және ата­жұртына оралған зиялы қауым өкіл­дері қатысып, ұлыстың ұлық мейрамы – Наурызды атап өтті.

Мәдени шараға жиналған қа­уымға ақжарма тілегін арнаған мем­лекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, қандас­тарды келе жатқан Ұлыс күні мере­­кесімен құттықтай отырып, халқымызды осындай жақсы­лық­қа жеткізген бір тәңірге шүкір­шілік ететінін емірене айтты. Соны­мен қатар қайраткер-ғалым: «Нау­рыз әуелі татулық мейрамы. Тату­лықтың өзегі – бірлік пен береке. Біздің бабаларымыздан қалған ең үлкен аманат та осы. Қазіргі тәуелсіздік дәуірінде осы аманатқа адал болуымыз керек», деді.

Жаңа қызметке кіріскеніне сегіз айдың жүзі болған Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы Төр­аға­сының бірінші орынбасары Зауытбек Тұ­рысбеков, осы аралықта ат­қа­­рылған жұмыстың барысы жайлы баяндап, жиналған көп­шілікпен алдағы жоспарымен бөлісті. – Ең әуелі, – деді За­уыт­­бек Қауысбекұлы, – ел­де­гі демографиялық ахуалды жақ­­­сартудың бір жолы шеттегі қа­зақ­тарды атажұртқа әкелу. Ол үшін олардың баспана және жұ­мыс мәселесін шешу керек. Осы мақсат үшін қазіргі таңда Астана маңынан 200 гектар және Шымкент қаласы төңірегінен дәл осындай жер телімін алып, жа­ңадан елді мекен тұрғызу ісін қолға алмақпыз.

Мұның сыртында елорда ма­ңына көкөніс өсіретін өте үлкен аумақ­қа жылыжай салып, одан шыққан өнімдерді сататын арнайы базар ашып, қоныстанушы қандастарды жұмыспен қамтымақ екен. Атап өтуге тұрарлық тағы бір жаңалық Қауымдастық Елба­сы тапсырмасымен құрылған «Отан­дастар» қоры арқылы үстіміздегі жылы 150-ден астам мектеп жа­сындағы жасөспірімді (шетелде өмір сүріп жатқан) Бурабайдағы «Бал­дәурен» демалыс лагеріне әкеліп, олардың тіл үйренуіне және еліміздің тарихи орындарымен танысуына жағдай туғызбақ. Бұл іс жыл сайын жалғасын табады және уақыт озған сайын де­малу­шы балалардың да саны артады. Сонымен қатар бұған дейін атажұртына оралып, әр са­лада абыройлы қызмет етіп жүр­ген тұлғалардың да еңбегі насихатталмақ.

Осылай маңызды басқосу үс­­­тін­де өзінің алдағы жоспар-­жо­басымен таныстырған З.Тұрыс­беков, бұдан былай 21 нау­рыз­ға «Отандастар күні» деген мәрте­бе беріп, оны Ұлыстың ұлы күні қар­­са­ңында күллі ел көлемінде қандастарға ықылас танытатын датаға айналдыруды жиын қо­нақтарына ұсынды. Ұсыныс бір­ден қолдау тапты.

Жиынның соңында қонақ­тар арнайы дайындаған өнерпаз­дардың концертін тамашалап, С.Ысқақбекұлы, Б.Жалын, Б.Зер­де, А.Ақымбек, Г.Сырымгүл қа­тар­лы қылқалам шеберлерінің картинасын, Г.Тоқанқызы баста­ған бізкестешілердің өнері мен Б.Қопылайқызының қолынан шыққан оюлы сырмақтарды тама­шалап, көзайым болды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»