Көрмеге табиғаттың күн мен түн теңелген Наурыз мерекесін тойлаудың ұлттық дәстүрлерін бойына жылу тарай бастаған табиғаттың ерекше шуақты шағын бейнелейтін, 50-ден астам картина мен мүсін қойылған. Бұлардың көпшілігі пейзаждың қарапайым жанрымен беріліпті. Ең бір тартымдылығы әрбір көркем суреттен қазақ мәдениетінің дүниетанымдық және философиялық түсініктерінің шоғырланғанын көруге болады.
«Сымбатты өнер болмаған елде мағыналы тіршілік жоқ. Қандай қауым, қандай тапты алсақ та қаны мен жанының суретін өнер айнасына түсірмей отыра алмайды. Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді» деген ғұлама Мұхтар Әуезовтің сөзі дәл осы тұста көкейіңе еріксіз оралады. Көрмеде ұсынылған туындылар ұлттық рухқа, табиғатқа деген сүйіспеншілік, бақытты балалықтың тәтті елестеріне өте бай. Кейбір суретшілер көктемнің жақындауын түстердің білінер-білінбес алмасуымен берсе, енді біреулері көктемгі шаттық сезімді бейнелеген.
Көрмеге Ерлан Айтуаров, Мәжит Байтенов, Тілеужан Батанов, Бақытнұр Бурдесбеков, Ерлан Назаркұл сынды танымал суретшілермен бірге Анар Әубәкір, Гүлмарал Тәтібаева, Әсем Абдуллаева сынды жастардың да жұмыстары қойылған.
«Бұл көрменің бір ерекшелігі аға буын мен жастардың сабақтастығын көрсетумен қатар, барлық жанрды қамтуында. Наурыздың келуіне орай ұйымдастырылуының маңызы зор. Соған орай мерекелік көңіл-күйді бейнелейтін суреттер көбірек қойылыпты. Бұл суретшілерді шабыттандырады», дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері суретші Тілеужан Батанов.
Шынында мұнда тек көркем табиғат, ауыл тірлігін ғана бейнелеп қоймай, қала көктемінің де ерекше әсерін мың бояумен жеткізген туындылар жетерлік екен. Мысалы, Сейсенхан Маханбетовтің «Ару қала – Астана», «Натюрморт» және өзге де картиналары соған дәлел. Көрмедегі майталман суретші Ерлан Айтуаровтың «Күй» картинасы жеті нотаны жеті бояумен бейнелеген ерекше туынды десек болатындай.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»