«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты алты өндірістік құрылымдық бөлімшенің еңбек ұжымдары Ұлыстың ұлы күніне үлкен дайындықпен келіпті. Ботақандағы мерекеге 450-ге жуық адам қатысып, дәстүр-салтымызға деген құрметтерін көрсетті.
– 2017 жылы өндірістік жоспарды табысты орындадық, – деді «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков. – Бұл – ғасырға жуық уақыт бойы халық игілігі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ұжымдағы бірліктің, татулықтың нақты айғағы. Ембілік мұнайшылар қашанда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Компанияда бес мыңнан астам жұмысшы қызмет етеді, бүгінгі жетістігіміз – солардың уақытпен санаспай атқарған маңдай терлерінің жемісі.
Шараға арнайы келіп қатысқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев ембілік мұнайшылардың өткен жылғы жоспарды артығымен орындап, биылғы екі айда 457 мың тонна мұнай өндіргендеріне алғыс айтып, жетістіктердің жалғасын табуына тілектестік білдірді. Мерекеге орай елеулі еңбектерімен дараланған қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды.
Ботақан кен орнына жиналған мұнайшылар дала төсін әсем әнге толтырды. Киіз үйлерде мол дастарқан жайылып, қазан көтеріліп, ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер қойылды. Мұнайшыларды мерекемен құттықтауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова мен белгілі әнші Ақылбек Жеменей келіп, өнер көрсетті. «Інжу-маржан» би тобы, Доссор мәдениет үйінің фольклорлық ансамблі мен өнерпаздары да салтанаттың сәнін келтірді. Бұл күні мұнайшылар да аянып қалған жоқ. Түрлі ұлттық спорттық ойындарға қатысып, бақ сынады. «Кір тасын көтеру», «Білек күшін сынау», «Арқан тарту» секілді сайыстарға шықты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетсек, компания соңғы жылдардың өзінде ғана республикалық және жергілікті бюджетке салық түрінде 654 млрд теңгеден астам, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 2,3 млрд теңге, демеушілік пен қайырымдылық ретінде 2 млрд теңге қаражат бөлген. Қашанда халыққа қарайласып, ел игілігін еселеп жүретін Ембімұнайгаздың қай бастамасына да атыраулықтар құрметпен қарайды. Қазақ даласында Ұлыстың ұлы күні айтылар әңгіме мен тартылар дәм көпке ортақ болған. Осы үрдіс әлі күнге жалғасын тауып келетіні қуантады. Әсіресе қайырымдылық пен жақсылық жасау Наурыз тойының мәнін арттыра түсері анық. Бұл дағдыдан ембілік мұнайшылар да жаңылмады. Мерекелік шара аясында «Мейірімді мекен» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған оннан астам жергілікті қолөнерші мен суретші туындыларын ұсынды. Жәрмеңкеге компанияның 60 жұмысшысы да қатысты. Бірі тоқыма бұйымдарын әкелсе, бірі тәтті күлше жасап, енді бірі салған суреттерін, жасаған зергерлік әшекейлерін қойды.
Ботақандағы мереке берекелі дастарқан басындағы ашық-жарқын жүздесуге ұласты. Осылайша қойнауы қазынаға толы мұнайлы аймақтағы кен орнына жиналғандар көктемнің керемет мейрамын шат-шадыман күйде қарсы алды. Өткен жылды табысты қорытындылаған ембілік мұнайшылардың биылғы межелері де айқын. Олар қай істе де ең бастысы бірлік пен береке екенін жақсы біледі.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ