Білім • 21 Наурыз, 2018

Баршаға үлгі болу – басты мақсат

883 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осы мектепке қарай асығатындар көп, күннің қай уақыты, жылдың қай мезгілі болсын осы мектепте білім алғысы келетіндер де, ұл-қызының осында оқығанын қалайтын ата-аналар да көп. Сапалы білім нәрімен сусындап жүрген жүздеген оқушы сол көптің қатарында. Соңғы жылдары өзге білім ошақтарына үлгі боларлық жетістіктерін еселей түскен мектепке асығатындардың арта түсуі де заңдылық.

Баршаға үлгі болу – басты мақсат

Біз айтқалы отырған Шым­кент қаласы химия-биоло­гия бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебі жетістік­тері­нің бірі де бастысы – түлек­тері­нің айтулы жоғары оқу орын­­дарында білімін жалғас­тыруы дер едік. Мысалы 2015 жылы мектепті бітірген 129 тү­лек­тің 128-і еліміздің жоға­ры оқу орындарының, оның ішінде 40 оқушы Назарбаев Уни­вер­ситетінің студенті атанған. Бір оқу­шы Қытайдың Гонконг поли­тех­никалық университетінің грант иегері мәртебесіне ие болды. Сол жылғы түлектердің басым бөлігі, яғни 71-і техникалық, 47-і медициналық мамандықты таңдапты. Ал алдыңғы жылғы 122 түлектің 36-сы «Назарбаев Университетінде оқып жатса, 23-і әлемнің 11 елінен шақыртулар алып, жоғары оқу орындары­ның гранттарына ие болған. Нақты­рақ айтсақ, мектеп түлектері бүгін­де Оңтүстік Кореяның Пусан және Йонсей университетінде, Ресейде, Германияның Jacobs Университетінде, Қытайдың Гон­конг университетінде, сон­дай-ақ Түркияның Коджаели университетінде білім алуда. Үстіміздегі жылы 97 болашақ түлектің 7-уі шетелдік жоғары оқу орындарының гранттарын алдын ала жеңіп алды. 

Иә 2013 жылдың 1 наурызынан бастап ресми түрде өз жұмысын бастаған Назарбаев зияткерлік мектебінің ғылыми-танымдық өресі биік, білім көкжиегі кең оқушылары бес жылдың ішінде олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленіп, мектептің атақ-абыройын асқақтатуға үлес қосып келеді. Халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп, Халық­аралық мектептер кеңесінің (CIS) сертификатына ие болуы арқылы мектеп өмірінің жүйел­і ұйымдастырылғанын және білім беру процесінің халықара­лық стандарттарға сай екенді­гін дәлелдеді. Жуырда 5 жылдық мерейтойын атап өткен, «Білім берудегі жоғары сапа және көшбасшылық» деген ұранмен жұмыс істеп келе жатқан мектеп ұжымы облысқа танымал қоғам қайраткерлерін қонақ ретінде шақырып, «Бір мектеп – біздер бір елміз» мерекелік концертін ұсынды. Түлектері жетекші университеттің студенті атанып, жаңа өмірге жолдама сыйлаған аяулы мектебі мен адам сенгісіз мүмкіндіктер көкжиегін ашып, қанат қақтырған ұстаздарын мерекемен құттықтап, жылы лебіз­дерін білдірді. Көпшілік «Мек­теп менің бойымдағы қандай қасиеттерді өзгертті?» атты арнайы түсірілген фильмнен әр баланың, ұстаздың зият­керлік мектепте тұлға ретінде қан­ша­лықты шыңдала түскеніне куә болды. Ал бізді ерекше қы­­зық­­тырғаны оқушы­лар­дың «Біздің Елбасы», «Егер мен Пре­зидент болсам» тақы­рыпөтар­да жазған эсселері еді. Оқушы­лар жыл са­йын осы тақы­рып­тар­да эссе жазады, ал олар­дың ара­­сындағы үздіктері жеке ж­инақ ретінде ба­сы­лып шыға­ды. Шынайы көңіл­ден шық­қан шағын жинақ­тарды оқып шықтық. 

«Дүниені қанша шарласам да Елбасындай дана да дара тұлғаны таба алмаспын. Адамның даналығы сырт келбетінде емес, істеген ісінде көрінеді. Мұндай дана тұлға мың жылда бір рет қана туылады». Мектептің 9 «с» сынып оқушысы Әкежан Сәуірбаев «Менің Елбасым» атты шағын эссесінде осылай депті. Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады. Айта кетелік, мектеп ұстаздары шәкірттерінің өз ойын дұрыс та, ашық жеткізу, ақыл-ойын дамыту, ойлау қабіле­тін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қа­лыптастыру, заман талабына сай ойы жүйрік етіп тәрбиелеуге басымдық беріп келеді. Сондай-ақ жас буын­ның білімін жетіл­діруге, дүние танымын кеңейтуге, ізденіске талабын ынта­лан­дыра түсуге ықпал ететін іс-шаралар өткізіліп тұра­ды. Әр­қайсысының өзіндік орны бар іс-шаралар арасы­нан оқу­шы­­лар 1 желтоқсан – Тұң­ғыш Пре­зид­ент күні мереке­сіне орай өткізілетін апталықты асыға күтіп, ерекше дайындалады екен. Оның басты себебі, Назарбаев зияткерлік мектебін­де білім алып жүргендерін жақсы сезінетіндіктерінде де болса керек. Тәуелсіздік жылдары елі­міздің өз әскері құрылып, шекарасы бекітілгенін, жаңа Астанасы бой көтеріп, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім орнағанын, осы сынды көптеген игі бастама мен нәтижелі істер­дің барлығы үлкен қажыр-қайрат­пен, Елбасының бағдарлы сая­сатының арқасында жасалып жатқанын мектеп оқушылары жақсы біледі. Оған дәлелдің бірін оқушылардың шынайы шығармаларынан аңғарасыз. «Менің Елбасым» тақырыбын­да жазған эссесінде 10 «ғ» сынып оқушысы Балнұр Ережеп: «Сонау тәуелсіздіктің туын алғаш жалындаған үмітпен желбі­рет­кен сәттен халықтың жаны­нан табылған дара да, дарынды Елбасымыздың жетекшілі­гімен еліміздің қазіргі жеткен жетістіктері кеудеге мақтаныш пен қуаныш сезімін орнататыны сөзсіз. Менің ойымша, халықтың жағдайына терең үңіле отырып, әлемдік деңгейдегі мәсе­лелерді байыпты түрде терең табандылықпен шеше алу – Елбасымыздың ерекше қа­сиет­терінің бірі», деп жазыпты. «Міне, мен де тәуелсіз Қазақстанның бір азаматы ретінде елім жайлы, Елбасы жайлы қалам сілтеп, ой толғайтын жасқа жеттім.

Жасым небәрі 13-те болса да, білгенімнен білмегенім көп, сондықтан барлық пәннен білімімді шыңдап, өмір сырын танығым келеді, танып қана қоймай, елімнің көркеюіне де өз үлесімді қосқым келеді. Алайда жасымның кішілігінен болар, мен әлі де болса саяси жағдайларды түсіне бермеймін. Кешкі жаңалықтарды қарап отырып, әлемде болып жатқан түрлі қанды соғыстар жайлы естігенде денең түршігіп кетеді, сан мың адамның сол соғыстың құрбаны болғанын, одан жапа шеккен адамдардың халін тіпті елестете алмайсың. Сондай кезде көз ал­дыңа еліміздің қой үстіне боз­тор­ғай жұмыртқалаған тыныш за­ман­дағы күйбең тіршілігі елес­тесе, жүрегің жылып сала береді. Елбасының халқына жол­даған Жолдауын тыңдай отырып, елі­міз­дің болашағының жар­­қын екен­­д­ігін түсіндім. Ха­лық үшін қыруар тірлік ат­қары­лып, есеп­сіз істер жасалып жатыр. Эконо­ми­ка­мыз дамып, ха­лық­тың әл-ауқаты жақсаруда. Елі­міз күн санап көркейіп келеді. Аспан­мен таласқан зәулім ғима­рат­тарымен көз тартатын елордамыз – Астананың келбеті қан­дай керемет! Алысқа бармай-ақ туған қаламыз – Шымкентке көз са­лайық­шы, шырайы артып, құл­пырған бойжеткендей бой түзеп, күннен-күнге жайнап келеді». Бұл 8 «в» сынып оқу­шысы Даяна Ақылбектің жүрекжарды жазбасынан үзінді. Жыл сайынғы жинақтардағы эсселердің өзіндік ерекшелігі, сүйсінерлік тұстары мол. 

Әрбір іс-қимылда тепе-теңдік заңдылығы бары, қандай іс әрекет жасасаңыз, дәл сондай жауап алатыныңыз мәлім. Яғни жақсы нәрсені жақсылық тартады, адам өзіне ұқсастарды өзіне тартады, сәйкесті сәйкес тартады деген бар. Осы мектепке асығатындар­дың көп болуы жақсы істердің мол­дығынан болса керек. Үш тілді еркін меңгерген оқушылар арасында өнертапқыштар да, түрлі жобаларға қатысушылар да, білім жарыстарының же­ңім­паз­дары да көп. «Жуырда Елбасы Н.Назарбаев «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқар­ма төрайымы Күләш Шәмши­динованы қабылдап, зияткерлік мектептер барлығына үлгі болуы керектігін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы зияткерлік мек­тептердің тәжірибесі жаңа мектептер ашатын кезде ес­кері­­летінін атап өтті. Яғни біз Елбасы сенімінен шығып, үл­гілі ­мектеп болуды мақсат ете жұмыс істеудеміз. Мектеп ұжы­мы 5 жыл көлемінде қол жеткіз­ген жетістіктерімізді еселей тү­суге мүдделі», дейді Шым­кент қаласындағы химия-биол­огия бағытындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің директоры Б.Ка­симов. Айта кетелік, білім ор­дасында бүгінде 683 оқушы білім алады. Оның 96-сы бітіруші түлектер. Барлық тұрғыда заман талабына сай мектеп ұжымының негізгі мақсаты – шәкірттерге сапалы білім беріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Оңтүстік Қазақстан облысы