Біз айтқалы отырған Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі жетістіктерінің бірі де бастысы – түлектерінің айтулы жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруы дер едік. Мысалы 2015 жылы мектепті бітірген 129 түлектің 128-і еліміздің жоғары оқу орындарының, оның ішінде 40 оқушы Назарбаев Университетінің студенті атанған. Бір оқушы Қытайдың Гонконг политехникалық университетінің грант иегері мәртебесіне ие болды. Сол жылғы түлектердің басым бөлігі, яғни 71-і техникалық, 47-і медициналық мамандықты таңдапты. Ал алдыңғы жылғы 122 түлектің 36-сы «Назарбаев Университетінде оқып жатса, 23-і әлемнің 11 елінен шақыртулар алып, жоғары оқу орындарының гранттарына ие болған. Нақтырақ айтсақ, мектеп түлектері бүгінде Оңтүстік Кореяның Пусан және Йонсей университетінде, Ресейде, Германияның Jacobs Университетінде, Қытайдың Гонконг университетінде, сондай-ақ Түркияның Коджаели университетінде білім алуда. Үстіміздегі жылы 97 болашақ түлектің 7-уі шетелдік жоғары оқу орындарының гранттарын алдын ала жеңіп алды.
Иә 2013 жылдың 1 наурызынан бастап ресми түрде өз жұмысын бастаған Назарбаев зияткерлік мектебінің ғылыми-танымдық өресі биік, білім көкжиегі кең оқушылары бес жылдың ішінде олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленіп, мектептің атақ-абыройын асқақтатуға үлес қосып келеді. Халықаралық аккредиттеуден сәтті өтіп, Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) сертификатына ие болуы арқылы мектеп өмірінің жүйелі ұйымдастырылғанын және білім беру процесінің халықаралық стандарттарға сай екендігін дәлелдеді. Жуырда 5 жылдық мерейтойын атап өткен, «Білім берудегі жоғары сапа және көшбасшылық» деген ұранмен жұмыс істеп келе жатқан мектеп ұжымы облысқа танымал қоғам қайраткерлерін қонақ ретінде шақырып, «Бір мектеп – біздер бір елміз» мерекелік концертін ұсынды. Түлектері жетекші университеттің студенті атанып, жаңа өмірге жолдама сыйлаған аяулы мектебі мен адам сенгісіз мүмкіндіктер көкжиегін ашып, қанат қақтырған ұстаздарын мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Көпшілік «Мектеп менің бойымдағы қандай қасиеттерді өзгертті?» атты арнайы түсірілген фильмнен әр баланың, ұстаздың зияткерлік мектепте тұлға ретінде қаншалықты шыңдала түскеніне куә болды. Ал бізді ерекше қызықтырғаны оқушылардың «Біздің Елбасы», «Егер мен Президент болсам» тақырыпөтарда жазған эсселері еді. Оқушылар жыл сайын осы тақырыптарда эссе жазады, ал олардың арасындағы үздіктері жеке жинақ ретінде басылып шығады. Шынайы көңілден шыққан шағын жинақтарды оқып шықтық.
«Дүниені қанша шарласам да Елбасындай дана да дара тұлғаны таба алмаспын. Адамның даналығы сырт келбетінде емес, істеген ісінде көрінеді. Мұндай дана тұлға мың жылда бір рет қана туылады». Мектептің 9 «с» сынып оқушысы Әкежан Сәуірбаев «Менің Елбасым» атты шағын эссесінде осылай депті. Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады. Айта кетелік, мектеп ұстаздары шәкірттерінің өз ойын дұрыс та, ашық жеткізу, ақыл-ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай ойы жүйрік етіп тәрбиелеуге басымдық беріп келеді. Сондай-ақ жас буынның білімін жетілдіруге, дүние танымын кеңейтуге, ізденіске талабын ынталандыра түсуге ықпал ететін іс-шаралар өткізіліп тұрады. Әрқайсысының өзіндік орны бар іс-шаралар арасынан оқушылар 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай өткізілетін апталықты асыға күтіп, ерекше дайындалады екен. Оның басты себебі, Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жүргендерін жақсы сезінетіндіктерінде де болса керек. Тәуелсіздік жылдары еліміздің өз әскері құрылып, шекарасы бекітілгенін, жаңа Астанасы бой көтеріп, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім орнағанын, осы сынды көптеген игі бастама мен нәтижелі істердің барлығы үлкен қажыр-қайратпен, Елбасының бағдарлы саясатының арқасында жасалып жатқанын мектеп оқушылары жақсы біледі. Оған дәлелдің бірін оқушылардың шынайы шығармаларынан аңғарасыз. «Менің Елбасым» тақырыбында жазған эссесінде 10 «ғ» сынып оқушысы Балнұр Ережеп: «Сонау тәуелсіздіктің туын алғаш жалындаған үмітпен желбіреткен сәттен халықтың жанынан табылған дара да, дарынды Елбасымыздың жетекшілігімен еліміздің қазіргі жеткен жетістіктері кеудеге мақтаныш пен қуаныш сезімін орнататыны сөзсіз. Менің ойымша, халықтың жағдайына терең үңіле отырып, әлемдік деңгейдегі мәселелерді байыпты түрде терең табандылықпен шеше алу – Елбасымыздың ерекше қасиеттерінің бірі», деп жазыпты. «Міне, мен де тәуелсіз Қазақстанның бір азаматы ретінде елім жайлы, Елбасы жайлы қалам сілтеп, ой толғайтын жасқа жеттім.
Жасым небәрі 13-те болса да, білгенімнен білмегенім көп, сондықтан барлық пәннен білімімді шыңдап, өмір сырын танығым келеді, танып қана қоймай, елімнің көркеюіне де өз үлесімді қосқым келеді. Алайда жасымның кішілігінен болар, мен әлі де болса саяси жағдайларды түсіне бермеймін. Кешкі жаңалықтарды қарап отырып, әлемде болып жатқан түрлі қанды соғыстар жайлы естігенде денең түршігіп кетеді, сан мың адамның сол соғыстың құрбаны болғанын, одан жапа шеккен адамдардың халін тіпті елестете алмайсың. Сондай кезде көз алдыңа еліміздің қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш замандағы күйбең тіршілігі елестесе, жүрегің жылып сала береді. Елбасының халқына жолдаған Жолдауын тыңдай отырып, еліміздің болашағының жарқын екендігін түсіндім. Халық үшін қыруар тірлік атқарылып, есепсіз істер жасалып жатыр. Экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты жақсаруда. Еліміз күн санап көркейіп келеді. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттарымен көз тартатын елордамыз – Астананың келбеті қандай керемет! Алысқа бармай-ақ туған қаламыз – Шымкентке көз салайықшы, шырайы артып, құлпырған бойжеткендей бой түзеп, күннен-күнге жайнап келеді». Бұл 8 «в» сынып оқушысы Даяна Ақылбектің жүрекжарды жазбасынан үзінді. Жыл сайынғы жинақтардағы эсселердің өзіндік ерекшелігі, сүйсінерлік тұстары мол.
Әрбір іс-қимылда тепе-теңдік заңдылығы бары, қандай іс әрекет жасасаңыз, дәл сондай жауап алатыныңыз мәлім. Яғни жақсы нәрсені жақсылық тартады, адам өзіне ұқсастарды өзіне тартады, сәйкесті сәйкес тартады деген бар. Осы мектепке асығатындардың көп болуы жақсы істердің молдығынан болса керек. Үш тілді еркін меңгерген оқушылар арасында өнертапқыштар да, түрлі жобаларға қатысушылар да, білім жарыстарының жеңімпаздары да көп. «Жуырда Елбасы Н.Назарбаев «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованы қабылдап, зияткерлік мектептер барлығына үлгі болуы керектігін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы зияткерлік мектептердің тәжірибесі жаңа мектептер ашатын кезде ескерілетінін атап өтті. Яғни біз Елбасы сенімінен шығып, үлгілі мектеп болуды мақсат ете жұмыс істеудеміз. Мектеп ұжымы 5 жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктерімізді еселей түсуге мүдделі», дейді Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Б.Касимов. Айта кетелік, білім ордасында бүгінде 683 оқушы білім алады. Оның 96-сы бітіруші түлектер. Барлық тұрғыда заман талабына сай мектеп ұжымының негізгі мақсаты – шәкірттерге сапалы білім беріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы