Тарихи деректерге сүйенсек, «Ақсақ құлан» күйін бүгінгі күнге жеткізген адам – Қамбар Медетов. Бұл кісі музыка зерттеушісі А.В.Затаевичпен 1923 жылы кездесіп, осы күйді жаздырған. Сол жолы күйші этнографқа 19 ән және үш күй жаздырады. Солардың ішіндегі құндысы – «Дүние-ай» әні мен «Ақсақ құлан» күйі. «Ақсақ құланды» жазу А.В.Затаевичке өте қиын болғандықтан күйді бірнеше рет тыңдап, көп толықтырыпты.
Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында «Екі шекке арналса да, оркестрге сұранып тұрған осынау керемет симфониялық поэманы Медетов тамаша орындайды. Әсіресе мені таң-тамаша ететін тұсы – негізгі саздың үшінші қайтара жоғарғы регистрге оралатын сәтінде, шынымды айтайын, күйшінің әуенге адам даусына немесе үрлемелі аспапқа тән әуезділік пен ұзақтылық беріп, ал шертіп отырған екінші ішекте pizzicato ойнап тұратын шеберлігіне тіпті менің ақылым жетпей қойды», деп Қамбардың шеберлігіне таңданғанын мойындайды (А.В.Затаевич. «1000 песен казахского народа». Музгиз 1963 г.- 484 стр.).
«Қазақ халқының 1000 әні» кітабымен танысқан француз жазушысы Ромен Ролан 1926 жылдың сәуірінде Швейцариядан А.Затаевичке хат жазып: «Кітаптағы «Ақсақ құлан» күйінің соншама қарапайым әдіспен көңіл күйіңді баурайтын әсеріне қайран қалдым» деп таңданысын білдіреді. «Ақсақ құлан» күйінің А.В.Затаевич жасаған өңдеу нұсқасын Г.П.Любимовтың мемлекеттік квартеті Еуропа сапарында гастрольдерде орындап, 1925 жылы Парижде болған дүниежүзілік көрменің, 1927 жылы Майндағы Франкфуртте өткен «Музыкалық джаз» концертінің бағдарламасына кіргізген. Сондай-ақ «Ақсақ құлан» күйі бұл ұжымның сол жылдары Швеция, Норвегия, Данияға барған шығармашылық сапарларында халық назарына ұсынылады.
А.В.Затаевич Қамбармен кездесуінде «Ақсақ құлан» күйінің еріксіз оркестрге сұранып тұрғанын атап көрсетеді. Осы ұсыныстың негізінде қазақ музыкасының тарихында алғаш рет Қамбар, әкесі Ерқожа, дәулескер күйші Лұқпан Мұхитов 11 домбырашыдан оркестр құрып, қазақ ұлттық оркестрінің негізінде 1930 жылы қазақ радиосында күйлер орындайды.
Қазақ музыкасының теориялық негізін салған композитор, академик Ахмет Жұбанов Қамбар Медетовпен 1933 жылдың көктемінде кездесіп, оны Алматыдағы музыкалық драма техникумына байқаушы эксперт ретінде жұмысқа қабылдайды. Осы жұмыста Махамбет пен Қамбар үлкен рөл атқарады. Аспаптың жасалым сапасын Махамбет көбірек қарайтын да, ал дыбыстық сапасы мен үнін тек Қамбар ғана тексере алатын. Өйткені Қамбардың қолының қағу күші, штрихтық шеберлігі ешкімде болмайтын. Академик А.Жұбанов өзінің «Өскен өнер» деген кітабында: «Қаншама топтан озған домбырашылар болса да, Құрманғазы атындағы оркестрге жиналғандардың бірде-бірі Қамбардың апликатурасын (саусақ басу тәртібін) ала алған жоқ» деп жазады.
Қазақ операсының негізін қалаған Евгений Брусиловский: «Медетовтің домбыра тартуы мен тыңдап көріп жүрген басқа домбырашылардан мүлде бөлек, әлдебір айрықша тәсілмен тартады. Әсіресе «Ақсақ құланды» орындағаны тілмен айтып жеткізе алмайтын құбылысқа тән. Бұл күйді Медетов ойнағандай нотаға жазып алу өте қиын», деп Қамбардың домбыра тарту шеберлігін жоғары бағалайды (Е.Брусиловский. «Дүйім дүлдүлдер». Алматы-1995 ж. 284-287 бб).
Композитор Б.Г.Ерзакович те қазақ музыка өнерінің тарихы туралы іргелі еңбектерінде Қамбар Медетовтің домбыра тарту шеберлігінің қайталанбас жоғары деңгейде екендігін атап көрсетеді. Міне, қазақ музыкасының төрінде жүрген өнер майталмандарының Қамбардың домбыра тарту шеберлігіне берген бағалары осы. Оның жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан қайталанбас табиғи құбылыс екеніне ерекше орын береді. Қамбардың дара домбырашы екендігін көрсететін оқиға – 1935 жылы Алматыға М.Калининнің келуіне байланысты КазОАК атындағы халық аспаптар оркестрінің концертінде «Ақсақ құлан» күйін жеке орындауы.
1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне Қамбар Медетов те қатысып, үлкен залда И.В.Сталин қатысқан Орталық атқару комитеті мүшелерінің алдында «Ақсақ құлан» күйін жеке орындап береді. Тартылған күйдің әсерінен И.В.Сталин қасындағы көмекшісіне «Сахнаның артын барып қараңдаршы, тағы да біреу күйге қосылып отырған жоқ па?» деген екен.
2001 жылы Қамбар Медетовтің туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында өнер мектебіне күйшінің аты берілді. Бұл шараға ұлт аспаптар оркестрінде 45 жыл домбырашы болған, Қамбармен бірге жұмыс жасаған Елемесов Мұхамбет ақсақал да қатысты. Осы кісіден «Сіз оркестр құрамында болған кезде «Ақсақ құланды» Қамбарша тартқан күйші кездесті ме?» деген сұрағыма: «Ақсақ құлан» – тек Қамбардың күйі ғой, оған ешкім таласа алмайды», деп жауап берген болатын.
Сонымен қатар осы жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференцияға күйшінің қызы Бибізада апамыз ағайынды шебер Романенколар жасаған Қамбардың домбырасын әкелді. Домбыраны дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров қолына алып, құлақ күйін келтіріп, жүгіртіп, сағалатып ойнағаннан кейін залдағы көрермендерге: «Домбыра керемет. Дыбысы жақсы сақталған. Бірақ қиянат жасағым келмейді. Сондықтан сіздерге «Ақсақ құлан» күйін өз домбыраммен тартып берейін», деп өз домбырасымен орындады.
Қазіргідей тәуелсіздік дәуірінде Қамбар сияқты күйшінің ғазиз атын ардақтап, қайта жаңғырту бүгінгі ұрпақ бізге сын.
Жақсат ҚАРЫЛҒАШОВ, өлкетанушы
Астана
Суреттерде: 1. ҚазОАК атындағы халық аспаптар оркестрі, 1932 жыл. Екінші қатарда: сол жақта бірінші отырған адам – Қамбар Медетов, екінші, үшінші, төртінші отырғандар: Лұқпан Мұхитов, Махамбет Бөкейханов және атақты өнер саңлағы Ахмет Жұбанов.
2. Бірінші қатардағы сол жақта отырған әйел Қ.Медетовтің жұбайы Гүлихран Арғынғазиева, екінші қатарда ортада тұрған – Қамбар Медетов.