Облыс орталығындағы мерекелік бағдарламаны ашып, аймақ тұрғындарын құттықтаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жетісудың даңқты ұлы, ғарышкер Айдын Айымбетовке облыстың Құрметті азаматы атағын табыстады.
Батыр жерлесіміз атақ-абыройдан, марапаттан кенде емес. Бірақ, бұл атақтың орыны бөлек. Жетісу жұртының ғарышкерге деген құрметі. Ел алдындағы парызын абыроймен орындаған, отанымыздың гүлденуіне еңбек етіп жүрген азаматқа айтылған туған елдің ризашылығы, - деді облыс басшысы.
Мерекеге жиналған жұрт Наурыз көжеден дәм татып, өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Бүгін Талдықорғанда күн райы да шуақ шашып, сынап бағанасы 22 градус ыстықты көрсетті.
Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Текелі қаласында 80 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, ұзақ жыл баспана кезегін күткен адамдар жаңа қонысқа көшті.
Қалмаханбет Мұқаметқали,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы