Сондай-ақ, партияның облыстық активімен кездесіп, маңғыстаулық нұротандықтармен Президенттің бес әлеуметтік бастамасын кеңінен талқылады.Биыл ақтаулықтар Наурыз мейрамын теңіз жағалауында тойлады. Алаңға ақ шаңқай киіз үйлер тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Күмбірлеген күй мен «құлақтан кіріп, бойды алар» әсем әннен шашу шашылды. Әр жерде ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, халық арқа-жарқа болып, мәре-сәре күйге бөленді. Бұл көріністер Наурыздың жалпыхалықтық сипатқа ие болғанының айқын айғағы.
Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Ералы Тоғжановпен бірге аталған мерекелік іс-шараға арнайы қатысты. Маңғыстаулықтарды және барша Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары халқымыз ежелден бұл күнді жаңару мен жасарудың бастауы, береке мен бірліктің арқауы деп білетінін айтты.
– Ата-бабамыз әз-Наурызды қашанда еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі ретінде атап өтіп келеді. Халқымызды ортақ мүддеге, береке-бірлікке, ынтымаққа ұйыстыратын бұл мейрам бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісінің жарқын көрінісі, – деді Мәулен Әшімбаев.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары кезіндегі солақай саясаттың салдарынан ұзақ жыл бойы төл жаңа жылымызды лайықты деңгейде тойлай алмай келгенімізге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, түп-тамырымызға қан жүгірткен Тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық құндылықтарымыз ортамызға қайта оралып, бұл күн бұрынғы биігіне көтерілді. Нәтижесінде Наурыз мемлекеттік мереке ретінде жарияланып, жалпыхалықтық мейрамға айналды. Осынау ұлық мейрамды бақ қонып, құт дарыған киелі Маңғыстау жерінде қарсы алуының терең мәні бар екеніне назар аударған Мәулен Әшімбаев:
– Маңғыстау – бүкіл еліміз үшін қастерлі де қасиетті мекен. Наурызды тойлау да осы батыс өңірлерден басталатынын білеміз. Баршамыз «Амал», «Көрісу» мерекелерін Наурыздың басы ретінде қабылдаймыз. Бүгінде «Амал» мерекесін тек батыс өңірлерімізде ғана емес, еліміздің өзге де облыстарында кеңінен атап өту үрдісі байқалады. Бұл біздің рухани бірлігіміздің айғағы, – деді.
Шын мәнінде Наурыздың бастауы саналатын «Амал» мерекесі дәл осы өлкеден тамыр жаятыны баршаға белгілі. Оның үстіне әулиелі мекен Маңғыстаудың халқымыз үшін алар орны да ерекше. Өңірде Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Масат ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі сияқты жерасты мешіттері бар. Қойнауына ғасырлар сырын жасырған Кенті баба қорымы да асыл мұраларымыздың бірі. Табиғат Ананың өзі тарту еткен тылсымға толы Саура сайы, Қарақия ойпаты, Тамшалы көлі және Шерқала мен Отпан тау да киелі мекенге көрік беріп тұрған құнды жәдігерлеріміз. Осы тұрғыдан келгенде Маңғыстау облысының ұлттық құндылықтарды насихаттауда маңызы зор.
– Ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда маңғыстаулықтардың рөлі ерекше. Елбасы айтқан ұлттық кодты сақтауда «көрісу күні» сияқты мерекелердің де маңызы зор. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнінде тарих тұнған өлкеге әдейілеп келіп, Жаңа жылды маңғыстаулық ағайынмен бірге қарсы алуды жөн деп шештім, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жергілікті тұрғындармен, ардагерлермен, өңірдің құрметті азаматтарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесіп, Наурыздың адамзаттың асыл құндылықтары дәріптелетін мейрам екенін айтты. Алаңға тігілген мерекелік киіз үйлерге арнайы бас сұғып, Наурыз көжеден дәм татты. «Ұлыс күні – Ұлы көш» атты керуен шеруі мен ұлттық тағамдарымызды насихаттайтын түрлі жәрмеңкелерді тамашалады.
Жалпы Маңғыстау қашанда тың бастамаларымен ерекшеленген өңір. Биыл да Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізуде. Бұл жөнінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Елбасының бес әлеуметтік бағытының бірі әр қазақстандық отбасының баспаналы болуын көздейді. Өткен жылдың өзінде облысымызда 7 мың отбасы баспанамен қамтылды. Биыл жаңа бағдарлама арқылы бұл көрсеткіш еселене түсетіні анық. Осы мақсатта біз наурыздың алғашқы күні облысымызда «Асар – Жомарт жүрек» акциясын жарияладық. Акция барысында 25 млн. теңге көлемінде қаражат жиналып, 3500 отбасыға көмек көрсетілді», – деді.
Мәулен Әшімбаев пен Ералы Тоғжанов аталған акцияның шапағатын көріп, баспаналы болған көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері, ІІ топтағы мүгедек Моншақ Жолмағамбетованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру үшін маңғыстаулықтардың тағы бір тың жобаны қолға алғанын айта кетейік. Ол – шағын несие көлемін көбейту бастамасына орай кәсіпкерлерге 1 пайызбен несие алуға мүмкіндік беретін «Нұр-Капитал» жобасы. Сол арқылы шағын және орта бизнестің жалпы аймақтық өнімге қосатын үлесін негізгі көлемнің 50 пайызынан кем болмауы қамтамасыз етілмек.
Сонымен қатар сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұр Отанның» облыстық активімен кездесті. Онда партия қызметін жаңғырту және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға нұротандықтардың белсене қатысу мәселесі кеңінен сөз болды. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партия қызметін жаңғырту жөнінде нақты тапсырма бергенін айтқан Мәулен Әшімбаев бұл міндеттерді тиімді әрі мерзімінде орындау үшін алдағы уақытта бірқатар нақты істерді қолға алу керектігіне ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, «Нұр Отанның» ешқандай да министрлік не атқарушы орган емес, саяси партия екенін, сондықтан ашық, креативті болуға ұмтылу, идеологиялық және медиа кеңістіктегі жұмыс тәсілін өзгерту, партиялық жобаларды жандандырып, жаңа бастамаларды қолға алу, Сайлауалды бағдарламада көрсетілген игі істерді жүзеге асыру, еліміздегі ауқымды цифрландыру үдерісіне белсене қатысу, жергілікті қоғамдық-саяси ахуалға ұдайы мониторинг жүргізу, жалпыұлттық күн тәртібін, мемлекеттік бағдарламалар мен заң жобаларын дайындауға қатысатын сараптама орталығын қалыптастыру, мамандардың біліктілігін арттыру және «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын жаңғыртып, алдағы Съезге белсене қатысу мәселелері атап өтілді.
– Партия қызметін жаңғыртудың негізгі мақсаты – «Нұр Отанды» заманауи, инновациялық, қазіргі заманның барлық сын-қатерлеріне бейімделген, ХХІ ғасырдың саяси ұйымы ретінде қалыптастыру. Ол үшін ең алдымен, партия алдындағы миссияны айқындап алуымыз керек. Өзіміздің күнделікті жұмыстарымызбен қатар стратегиялық басымдықтарымызды да ешқашан естен шығармауымыз қажет. Партия елімізде жүзеге асырылып жатқан жан-жақты жаңғыру процесстеріне белсене қатысып, оның негізгі құндылықтарының басты дәріптеушісі және Елбасының сенімді тірегі болуы тиіс, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Жиында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудағы нұротандықтардың рөлі де назардан тыс қалмады. Соның аясында әлеуметтік жаңғыру қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғаны және әр бастама бүгінде халықты алаңдатып отырған өзекті де аса маңызды мәселелерді қамтитыны айтылды. – Қазіргі таңда партия алдында тұрған ең басты міндет – Президенттің бес әлеуметтік бастамасын халыққа түсіндіру және оның жүзеге асырылу барысына қоғамдық бақылау жүргізу. Елбасы жүктеген осы міндеттерді абыроймен атқаруымыз керек. Бұл барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік өзгерістердің кешенді бағдарламасы, – деді Мәулен Әшімбаев.
Басқосуда партия ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары, жастар өкілдері және тағы басқа белсенді нұротандықтар сөз алып, партия қызметін жаңғырту және Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру жөнінде өз ұсыныстары мен пікірлерін бідірді. Іс-шара соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы жүктеген міндеттерді табысты орындау үшін облыстық активке бірқатар нақты тапсырмалар берді.